Көшелер қардан тазартылуда

Биылғы жылдың басы жылымық, жауынды-шашынды болып басталғанымен қаңтарда қалың қар жауды. Қаражал қаласына да қар жылдағы мөлшерден мол түсіп, көлік қозғалысы мен тұрғындардың жүріп-тұруына әжептәуір кедергі келтірді.

Қазір Қаражал қаласында көшені қардан тазалау жұмыстары күнделікті жүргізілуде. Бұл жұмыстарға барлығы 7 техника жұмылдырылып отыр. Оның біреуі автогрейдер, екеуі трактор, екеуі самосвал. 1 КДМ, 1 құм себетін техника және бар.

– Жаяу жүргіншілер жолын шағын техника (бобкат) қардың түсуіне қарай күнделікті тазалап отырады. Бүгінгі күнге дейін 700 текше метр қар сыртқа шығарылды.

Сондай-ақ, орталық көшелердегі қар мен мұздан пайда болған кедергілерді жою үшін инертті материал (тұз, құм) себілді. Жалпы, 50 тонна инертті материал дайындалды, – дейді қалалық ТКШ бөлімінің басшысы Нұрсұлтан Саутбаев.

Орайы келгенде айта кетейік, биылғы қыс мезгілінде көшені қардан тазалау жұмыстары үшін 2 жаңа техника қосымша сатып алынған.

Ізбасар ОЙБАС.