Көрнекі ақпарат – ел айнасы

Қазіргі уақытта дамыған әлемде ақпарат көздері сан алуан. Техникалық дамуы ілгері басқан бұл заманда ақпарат алу үшін қанша дүниелер де бар. Көрнекі ақпарат құралдарына баннерлер, маңдайшалар, хабарландырулар, жарнама, баға көрсеткіштері секілді елдегі қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық жағдайға әсер ететін маңызды құралдар жатады.

Деректемелер мен көрнекі ақпарат мәтіндерін орфография нормаларына сәйкес жазу талабы қазақ тіліндегі мәтіндердің сапалы жазылуына, орфографиялық қателерге жол бермеуге бағытталған. Деректемелер мен көрнекі ақпарат мәтіндерінің тең түпнұсқалы аудармасын сақтап отырып жазу талабы қоғамда екі тілде (қазақ және орыс тілдерінде) берілген мәтіндердің мағыналық, мазмұндық жағынан сәйкес келмеуі фактілерін жоюға бағытталып отыр. Көрнекі ақпаратты ашық кеңістікте және ғимараттар ішінде заңнамада белгіленген тәртіппен мемлекеттік органдармен қатар кез келген кәсіпкерлік субъектілері жүзеге асыра алады. Кәсіпкерлік субъектілері көрнекі ақпаратты өз өнімі мен қызметін ілгерілету құралы ретінде пайдаланады.

Осыған орай, Қазақстан Республикасының 2021 жылғы 29 желтоқсандағы №94-VII ҚРЗ «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көрнекі ақпарат мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңына тиісті түзетулер енгізілді. Атап айтқанда, әкімшілік-аумақтық бірліктердің, елді мекендердің, сондай-ақ басқа да физикалық-географиялық объектілердің тарихи қалыптасқан қазақша атауларын ұсынуға бағытталған түзетулер енгізілді.

Кентіміз шағын болғандықтан, халық назарына ұсынылатын баннерлер саны салыстырмалы түрде көп емес. Оларды Заңға сәйкестендіру жайыүнемі назарда. Кентіміздің даму көрсеткіші – сыртқы келбетінің айнасы.

Кешегі тоталитарлық саясат тұсында ел-жұртымыздың рухани тарихы, жер-су атаулары халықпен санаспай жаппай өзгертілгені баршамызға аян. Осы жүйе біздің ұлттық ономастикамыздың өзіндік болмысын, ұлттық ерекшелігі мен топонимикалық жүйесіне кері әсерін тигізді. Оның нақты айғағы – Қаражал қаласы Жәйрем кентінде Карьерная, Кустанайская, Пионерская, Целинная, Западная, Луговая т.б. атауларын иемденген көшелер мән-мағынасыз, кентіміздің келбетін бұзып тұрғандығы жасырын емес. Елді мекендер, көшелер, жер-су атаулары тәуелсіз мемлекетіміздің бір белгісі, ұлттық нышаны, яғни тарихымыздың бір бөлшегі болуға тиіс. Осыған орай, тілдің төл заңдылығын бұзып тұрған атауларды өзгерту қажет деген қағидасын басшылыққа ала отырып айтылуы, жазылуы бұрмаланған атауларды өз ана тіліміздің заңдылығына сәйкестендіру жұмыстары жүргізіліп келеді. Қарағанды облыстық ономастика комиссиясының 2018 жылғы 30 мамырдағы қорытындысына сәйкес Қаражал қаласы Жәйрем кентіндегі бірқатар көше атауларын өзгертуге шешім қабылданған болатын.

ХХ ғасырдың басында С.Сейфуллин «Кеңсе тілі болмай – қазақ тілінің көсегесі көгермейді» деген. Көсегенің көгеруі – қазақы тілдік ортаның қалыптасуына әсер ететін факторлардың бірден біріне айналған жарнама тілінің жетілуі, көрнекі ақпарат тілінің сауатты болуы.

Қазақстан Республикасының Заңдарын, Конституциясын құрметтеген азамат болып танылатынымызды естен шығармайық, құрметті тұрғындар!

Ләззат ТӨЛЕГЕН,

«Жәйрем кенті әкімінің аппараты» ММ архивисі.