Өткен аптада қала әкімінің орынбасары Досбол Құлымбетовтың төрағалығымен штаб отырысы өтті. Бұл жиынға қала әкімінің орынбасары Ақжол Құрмансейіт, мекеме мен кәсіпорын басшылары, қызметкерлері және БАҚ өкілдері қатысты.
Әдеттегідей күн тәртібі бойынша аймақтың санитарлық ахуалы жайлы Қаражал қаласының тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Нұрсұлтан Сауытбаев баяндама жасап өтті. Баяндамасында осы уақытқа дейін белсенді түрде өткізілген сенбіліктер жайлы айта кетті. Сондай-ақ, ағымдағы жылдың 16 мамырында қалалық экологиялық акциясының шеңберінде қатты тұрмыстық қалдықтары полигонының маңайын жинау жұмыстары ұйымдастырылып, 22 мекеме қатысып, 5-6 гектар аумақ тазаланғанын да тілге тиек етті. Екі айлық аясында қала аумағынан рұқсат етілмеген полигондарды әкету жоспарланған. Ағымдағы жылдың 20 маусымына дейін 5000 тоннадан артық қоқыс шығарылатын болатынын да ескертті. Тоқсан сайын саябақтарды, скверлер мен ағаштарды дезинфекциялау жұмыстарын жүргізу ойда бар. Ағымдағы жылы өңір бойынша барлығы 20 000 дана (Қаражал қаласы – 12 000 дана, Жәйрем кенті – 8000 дана) бір жылдық гүл отырғызу жоспарлануда екен.
Келесі кезекте, қаламыздағы бірден-бір мәселе — коммуналдық төлемдер бойынша Қаражал қаласы әкімдігінің қалалық коммуналдық шаруашылығының маманы Елена Рахимова өз баяндамасында тәптіштеп түсіндірді. Оның айтуы бойынша, әлі де борышкерлер саны азаймай тұр. Сондай-ақ, қала әкімінің орынбасары Досбол Бүркітұлы борышкерлердің басшыларына қатаң түрде ескерту жасады.
Ең соңғы күн тәртібіндегі қаралған мәселе бойынша қала әкімінің орынбасары Ақжол Құрмансейіт қаламызда өтіп жатқан «Қызғалдақ көктем-2023» фестивалі жайында баяндама жасады. Осыған дейін 4 кезеңді артқа тастаған қатысушылар, ең соңғы кезеңде бар күш-жігерлерін салып, қалың дайындық үстінде екенін де айта кетті. Ендігі кезекте жүлде қоры жайлы да сөз қозғалды. Әлбетте, өткен жылға қарағанда жүлде қоры көбейетінін осыған дейін де хабардар еткен болатынбыз. Жеңіс бар жерде, жеңіліс те бар. Сондықтан қатысушыларды фестиваль соңында сабырлы болуға шақырды. Қазылар алқасында өзгеріс болуын да ескертті. Штаб соңында аймақтық «Қызғалдақ көктем-2023» фестивалінің қатысушыларына қала әкімінің орынбасарлары сәттілік тілеп, жиынды аяқтады.
Мөлдір ХАМИТҚЫЗЫ