Көңілді көркейткен «Қызғалдақ көктем»

Қаражалда «Қызғалдақ көктем» фестивалі биыл өзгеше реңде жанданды. Қауіпті кесел кесірінен тежеліп қалған фестивальдің көрермені де көбейе түскен тәрізді. Халықпен қайта қауышқан дәстүрлі ән-додасының ашылу салтанаты 14 сәуірде өтті. Ол 1998 жылдың көктемінде бастау алған екен. Шынайы өнер сайысына айналып кеткен «Қызғалдақ көктемге» биыл 24 жыл толыпты.

Фестиваль өзіне тән шарттарымен ерекшеленеді. Мәселен, 5 кезеңнен тұратын байқауға мектеп жасындағы балалар мен мектепке дейінгі жастағы балақайларға қатысуға тыйым салынған. Әр кезеңнің өз ерекшеліктері бар. Алғашқы кезең – «Ең үздік хор» сыны. Барлық кезеңде қала мекемелері мен кәсіпорындары арасындағы өзара түсіністік пен достықтың айқын бейнесі, ұжымдық ұйымшылдық көрінсе, ортақ мақсатта жұмыла бірігіп, шығармашылық жағынан белсенділік танытқан қатысушылар Бас жүлдеге ие болады. Еске салсақ, соңғы 2019 жылғы фестивальдің жеңімпазы №1 жалпы білім беретін мектептің ұжымы еді. Ашылу салтанатында мектеп директоры Жұмакүл Ахметова «Қызғалдақ көктем» фестивалінің бас статуэткасын қазылар алқасына табыстап, қатысушыларға сәттілік тіледі.

«Қызғалдақ көктем-2022» фестивалінің алғашқы кезеңі әдеттегідей «Ең үздік хор» бөлімінен басталды. Қазылар алқасы құрамында қалалық мәслихат хатшысы Зәмзагүл Оспанова, қалалық өнер мектебінің директоры Әбдірәсіл Рахым, музыка пәнінің мұғалімі Фазыл Нұғыманов, қалалық өнер мектебінің ұстаздары Жанар Орынбаева мен Ұлан Дүкенбаев болды.

Фестиваль шымылдығын Халыққа қызмет көрсету бөлімі, Ұлттық сараптама орталығы, қалалық мемлекеттік архив, қалалық әлеуметтік сақтандыру бөлімі, қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы, қалалық қазынашылық басқармасы, тіркеу және жер кадастры бойынша Қаражал қалалық бөлімі, Қаражал қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы және қалалық білім бөлімінің қызметкерлері «Мен қазақпын» әнімен ашты. Әлбетте, сахнаға бірінші болып шығу оңайға соқпайтыны анық. Әсіресе, патриоттық ән айту – қиынның қиыны.

Қаланың білім ордалары да Бас жүлдеден дәмелі екенін айғақтады. «Қазақстан» әнімен №3 ЖББМ ұстаздары керемет өнер көрсетті. Ал, тау-кен техникалық колледжінің хоры да ерекшелене білді.

Фестиваль аясында өнер көрсеткендер ақ халатты абзал жандар да болып, көрермен қошеметіне бөленді.

Осы кезеңде халықтың көзайымына айналған «Өркен» ЖШС «Өркен Атасу» өкілдігі ұжымы да жұртшылық ықыласына бөленді.

Жұмыспен қамту орталығы, жастар ресурстық орталығы, орталық кітапхана, ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі ұжымдарының орындауындағы әндер де көпшіліктің көңілінен шыққаны анық.

Сондай-ақ, «Егемен Қазақстан» әнімен №7 ЖББМ ұжымы да қалыс қалмады. Одан әрі «Улыбка» балабақшасының өнерпаздары киім үлгісімен ерекше көзге түсті деп сенімді айтуға болады. Қазылар алқасы да балабақша ұжымына ризашылығын білдірді. Соңғы қатысушы №1 ЖББМ ұжымы «Атамекен» әнімен көрерменді тік тұрғызып, өзімен бірге ән шырқатты.

Қай-қайсысын алсаң да, әр топтың өз ерекшеліктері бар. Ең бастысы, қатысушылардың ұйымшылдығына тәнті болдық. Алайда, алғашқы кезең болғандықтан, қатысушылардың арқаны кеңге жайып жүргені де аңғарылмай қалмады.

Фестивальдің келесі кезеңі «Әртүрлі музыкалық аспаптарда орындау» бөлімімен жалғасын табады.

Мөлдір ХАМИТҚЫЗЫ