Іріктеуден өткен жүйріктер Ботай мен Бозоқ көне жолымен жүреді

2022 жылдың қыркүйегінде тұңғыш рет жалауын көтерген «Ұлы Дала Жорығы» марафон-бәйге биыл үшінші рет өткізілейін деп отыр. Көшпенділердің V дүниежүзілік ойындары қарсаңында өтетін осынау бірегей марафонның республикалық іріктеу туры да басталды. Доданың дүбіріне Ұлытау облысының шабандоздары да үн қосты.

Алдағы 500 шақырымға
5 ат шықты іріктеліп

Өткен жексенбіде Мибұлақ ауылы мен Жезқазған қаласының арасындағы 70 шақырым жолды Ұлытау облысының әр аймағынан келген 16 шабандоз шаңға бөктірді. Күн көтеріле үзеңгі қаққан олар 70 шақырымды үш жарым сағатта шауып өтіп, Жезқазған қаласының іргесінде тізгін тартысты.
Жалпы, бұл іріктеу жарыс Ұлытау ауданының 85 жылдығына орай Ұлытау ауданы әкімінің бастамасымен және «Ұлы Дала Жорығы» федерациясының қолдауымен өтті. Додаға облыстың әр аймағынан «осы» деген 16 жарамды ат қосылды. Оның ішінде 5 ат Жаңаарқа ауданынан келсе, өзгелері Жезқазған қаласы мен Ұлытау ауданының және Талап ауылының жүйріктері.
Орайы келгенде айта кетейік, «JORYQ» республикалық ат спорты федерациясы таратқан ақпарат бойынша, «Ұлы Дала Жорығы» республикалық іріктеу туры биыл Петропавл қаласындағы Абылай ханның мұражай кешені-резиденциясынан бастау алатын болды. Жоба 12 мамырда басталып, 17 мамырда Астанада аяқталады. Бурабай курорттық аймағының, Ботай мен Бозоқ көне мекендерінің көрікті жерлерін басып өтетін марафон-бәйгенің жалпы қашықтығы 500 шақырым болмақ.
Міне, осы іріктеу марафон-бәйгесіне қатысатын Ұлытау облысының аттары жексенбі күнгі жарыста таңдалды. 16 аттың ішінде Сарлық ауылының «Торпеда» атты бәйге аты алдына қара салмаса, Талаптан «Байқасқа» мәре сызығын екінші болып, Жаңаарқадан келген жүйрік – «Гектор» үшінші болып кесті. Ал, Жезқазған қаласынан қосылған ат – «Байшұбар» мәреде төртінші болып тізгін тартса, Жаңаарқаның «Ақтанау» аты республикалық іріктеу марафонына іліккен бестікті бекітті.
Жеңімпаздарға ақшалай сыйақы берілді. Ал, Ұлытау аудандық спорт бөлімінің басшысы Марат Оразалин екінші орын алған аттың иесіне түрлі-түсті теледидар табыс етті.

«Жарысқа ат тапсақ, шабатын жас таппай қиналамыз»

Хоош. Сонымен, облыстық іріктеу туры өтті. Бірақ, ол қалай өтті. Әрине, біткен іске сыншы көп. Әйтсе де көзге ұрып тұрған олқылықтарды айтпай кетсек тағы болмайды. Қашанғы жауырды жаба тоқымдай береміз. Жауапты жұмыстарға жүрдім-бардым қараудың салдарын аз көріп жүрміз бе. Басқаны айтпағанда осы «Ұлы Дала Жорығы» марафон-бәйгесінің өткен екі жылғы нәтижесі бізге аз сабақ болмаған еді ғой. Неге содан қорытынды жасамасқа. Екі жылда да біздің аттарымыз облысымыздың аумағынан әрі аса алмай жүр. Неге? Былтырғы іріктеу жарысынан биыл алшақ кете алмадық. Оған себеп не? Не нәрселер қолбайлау болуда? Біз осы сауалды облыстық «Ұлы Дала Жорығы» федерациясының жетекшісі Марғұлан Коловқа қойдық.
– Бізде бұл іске демеуші табу өте қиын болып тұр. Қаржы болмайынша кез келген іс алға баспайды ғой. Ал, апталап далада жүретін жорыққа аз қаржы кетпейтіні бесенеден белгілі. Өздеріңіз көріп жүргендей, Батыс, Оңтүстік өңірлер бұған зор жауапкершілікпен қарайды. Бір аттың соңында екіден, үштен адам жүреді. Оның жем-шөбі, дәрі-дәрмегі, шабандоздар мен күтушілердің ас-ауқаты, жатар орыны өз алдына. Арнайы үлгідегі киімдерінің өзі не тұрады. Аяғынан қалған, ауырған аттарды салып алып жүретін үлкен жүк көліктері бар. Батыс өңірінде ондай көліктер екіден, үштен. Өткен жылы біз аяғынан қалған атымызды жеткізу үшін жеке меншіктен машина жалдауға мәжбүр болдық. Өкінішке орай, бізде мұндай мүмкіндіктер қарастырылмаған. Бұл бірінші мәселе.
Екінші мәселе жарамды, белді, жүріске шыдамды аттардың жоқтығы. Біздің өңір ат баптау, ат жарату дегенге мүлдем селқос қарайды. Жалпы, марафон-бәйгеге ұшқыр ат емес, керісінше, жүріске шыдамды, жілік майы толысқан, алысқа жүріп шыңдалған аттар керек. Оған анау ақалтеке сынды тұлпарларды сатып алудың қажеті жоқ. Ауылда малдың соңында жүретін, күн ұзақ міністен белі босамайтын темпеңкүреңдерді де жаратуға болады. Қайта марафонға солар шыдас береді. Бірақ, біз оған да мән бермейміз ғой.
Үшінші мәселе, атқа мінетін жастардың жоқтығы. Таза мақұрымбыз деуден аулақпын. Әйтсе де, бір апта, он күн далада, қоста қонып, күніне жүз шақырым ат үстінде жүретін жас жоқ. Марафон-бәйгенің «Ұлы Дала Жорығы» деп аталуының өзі сол, кешегі бабаларымыздың жорық жылдарында аттың белін суытпай, егеулі найзасының сабы жер сызып, еңку-еңку жер шалғанын бүгінгі ұрпаққа сезіндіру, оның түпкі мәні осында. Сол жарысқа ат тапсақ, мінетін жас таппай қиналамыз.
Ертең, мамырда марафон басталады. Оған қалай барамыз, кімдер барады, нәтижесі қандай болады, оны уақыт көрсетеді енді, – дейді Марғұлан Колов үлкен қынжылыс танытып.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ