Жастар саясатының тиімді жүзеге асуы – тек мемлекеттік деңгейдегі бағдарламаларға ғана емес, жергілікті бастамаларға да тікелей байланысты. Қаражал-Жәйрем өңірінде де жас буынның әлеуетін ашуға бағытталған тың жобалар қолға алынып келеді. Соның бірі – жастардың идеяларын қолдайтын шағын гранттар тетігі. Бұл бастама арқылы жастар өз жобаларын іске асырып қана қоймай, қоғамға пайдалы істерге белсене араласуда.
Осы орайда біз «Қаражал қаласы Жастар ресурстық орталығы» КММ директорының міндетін атқарушы Шыңғыс Сағындықпен тілдесіп, өңірдегі жастар саясатының жүзеге асырылу барысы жайлы сұхбаттастық.
– Президент Жолдауларында жастарға айрықша мән беріледі. Бұл бағытта Қаражал-Жәйрем өңірінде қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
– Иә, Мемлекет басшысы жастарға әрдайым зор сенім артады. Өйткені жас ұрпақ – елдің болашағы, қоғамның қозғаушы күші. Осыған орай біздің өңірде жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне, шығармашылық әлеуетін ашуға және азаматтық белсенділігін арттыруға бағытталған бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылуда. Жаз бойы спорттық эстафета, Water Day, Color Fest, кино кеші және «Мафия» стиліндегі би кештері өтеді. Әр мереке сайын алаңдарда концерттік бағдарламалар ұсынылып, түрлі ойындар мен спорттық жарыстар ұйымдастырылады. Биылғы «Таза Қазақстан» акциясына да қала жастары белсене қатысып, тазалық пен экологиялық мәдениетке үлес қосып келеді.
– Жастардың азаматтық белсенділігі жөнінде не айтар едіңіз?
– Президент Жолдауында атап өткендей, қоғам үшін жастардың белсенділігі өте маңызды. Біздің өңірдің жастары еріктілер қозғалысына белсене араласып, экологиялық акциялар мен әлеуметтік қолдау шараларына қатысып, үлкендерге қамқорлық көрсетуде. Бұл олардың жауапкершілігін арттырып қана қоймай, ел дамуына өз үлесін қосуға мүмкіндік береді. Сонымен бірге, мәдениет пен спорт саласына ерекше көңіл бөлінуде. Өңірдегі мәдени-сауық орталықтарында түрлі үйірмелер мен спорттық секциялар жұмыс істейді, бұл жасөспірімдердің шығармашылық қабілетін дамытып, салауатты өмір салтын ұстануына ықпал етеді. «Қайырымдылық керуені» акциясы мен «Ардагерлерді ардақтайық» шарасы аясында «Жасыл ел» жасақтары жалғызбасты қарттарға көмек көрсетіп, жас азаматтардың азаматтық сезімін күшейтуде.
– Жоспарға сәйкес биылғы жылы қандай маңызды іс-шаралар өткізілді?
– 2025 жылдың шілде-қыркүйек айлары аралығында бірқатар мазмұнды және ауқымды шаралар ұйымдастырылуда. Мәселен, Астана күніне арналған жастар форумы, ардагерлерге құрмет көрсету акциясы, жастарға психологиялық білім беру бойынша тікелей эфирлер, «Коррупцияға жол жоқ» атты құқықтық тренинг, сондай-ақ интеллектуалдық және спорттық сайыстар өткізілді. Сонымен қатар, еліміздің мәдени өміріне ерекше үлес қосқан Шәмші Қалдаяқовтың 95 жылдығына арналған әуен кештері өтті. Полиция қызметкерлері күніне орай жас сақшылар арасында волейбол турнирі ұйымдастырылып, жасөспірімдер үшін суицидтің алдын алу тақырыбында семинар-тренингтер өткізілді.
– Алдағы жоспарларыңыз қандай?
– Жақын күндері Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығына орай бірқатар маңызды іс-шаралар өткізу жоспарланып отыр. Соның ішінде флешмоб, отбасылық спорттық жарыстар, сондай-ақ бейнеролик байқаулары («Есірткісіз әлем», «Біз салауатты өмір салты үшін») ұйымдастырылады. Бұл бастамалардың барлығы жастардың білімін арттырып қана қоймай, мәдениетін, спорттағы жетістігін дамытып, патриоттық рухын күшейтуге бағытталған.
Сонымен қатар, Қаражал қаласында жастардың бастамаларын қолдау мақсатында Әкім гранты өз жұмысын бастады. Жобаның басты мақсаты – әлеуметтік маңызы бар идеялар мен бастамаларды жүзеге асыруға мүмкіндік беру. Арнайы құрылған комиссия ұсынылған жобаларды сараптап, олардың қоғамға пайдасы мен іске асыру мүмкіндіктерін бағалайды. Үздік деп танылған жобаларға арнайы грант бөлініп, жеңімпаз жастар өз идеяларын жүзеге асыруға қаржылай қолдау иеленеді. Бұл бастама қаламыздағы жас буынның белсенділігін арттырып қана қоймай, әлеуметтік өмірге тың серпін берері сөзсіз. Айта кетерлігі, құжаттарды қабылдау әлі де жалғасуда және 29 тамызға дейін өтініш беруге болады. Сондықтан тың бизнес-идеясы бар немесе қаламызда бұрын-соңды болмаған жаңалық ашуды көздейтін жастар үшін бұл – үлкен мүмкіндік. Әсіресе, IT саласына қызығушылық танытқан, осы бағытта білім алып жүрген жас мамандарды белсенді түрде қатысуға шақырамыз.
– Қорытындыласақ…
– Жалпы, Қаражал-Жәйрем өңірінде Президент Жолдауы аясында жастар саясаты жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Жастардың білім алуына, кәсіби қалыптасуына, азаматтық тұрғыдан шыңдалуына барлық жағдай жасалған. Бұл жұмыстар – еліміздің жарқын болашағына бағытталған нақты қадамдар. Айта кетсем, жуырда ғана Халықаралық жастар күні жоғары деңгейде аталып өтті. Республикалық деңгейдегі өнер жұлдыздары келіп, сахна төрінде ән шырқады. Бұл – жастарға деген қолдаудың айқын дәлелі.
Жастарға айтарым – әрбір игі бастамаға сеніммен кірісіп, өз мүмкіндіктеріңізді барынша пайдаланыңыздар. Мемлекет тарапынан сіздерге қолдау бар. Ең бастысы – армандарыңызға адал болып, ел игілігі үшін қызмет етіңіздер.
– Әңгімеңізге рахмет.