Өңірдегі өзекті мәселелерді көтерді

Сәрсенбінің сәтінде өңірімізге ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Серік Шайдаров пен Советбек Медебаев жұмыс сапарымен келді. Сапар барысында сенаторлар «AMANAT» партиясының облыстық филиалында қоғамдық қабылдау өткізді.

Жоғары палатаның депутаттармен жүздесіп, оларға өздерін толғандырып жүрген сұрақтарын қоюға, өтініштерін білдіруге келген тұрғындардың қарасы қалың болды. Олардың қай-қайсысы болмасын өз жеке бастарының емес, өңіріміздегі өзекті мәселелерді көтерді. Кездесуде өңірдің экологиялық ахуалы, қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жылу-энергетика орталығы мен ауыз судың жайы жан-жақты ай­тылды. Қоғам белсенділері «Қа­зақ­мыс корпорациясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі облыстың әлеуметтік қолдаудан шет қалып отырғанын айтып, дабыл қақты. Ал, «Адал еңбек» қызметкерлері жәрдемақы беру шарттарын қайта қарастыру керектігін алға тартты.

«Ұлы тағзым» қоғамдық бірлестігінің басшысы Балғын Салықова сенаторларға қымыз ме­рекесін облысымызда қайта жан­дандырып, оны дәстүрлі түрде республикалық деңгейде жыл сайын өткізуге ҚР Мәдениет және спорт министрлігінен қаржылай қолдау болса және министрлік өздерінің жылдық жоспарына енгізсе деген ұсынысын жеткізді. Осы мәселені бұған дейін де бірнеше рет көтергенімен еш ескерілмей ке­ле жатқанын қынжыла баяндады.

Халық қалаулылары кездесуде көтерілген мәселелерді мұқият зерттеп, бір шешімін қарастыратынын жеткізді.

– Қабылдауда көтерілген бар­­лық мәселе қаралып, керек дең­гейде өз шешімін табу үшін қыркүйекте жұмысқа кіріскенде пысықтаймыз, – деп жиынды түйіндеді ел үмітін арқалағандар.

Досан ДУЛЫҒАЛЫ.