Өңірде жағдай тұрақты

Көктемгі су тасқыны Ұлытау облысының бірқатар аймағын әбігерге түсіргенінен ел құлағдар. Мұндай жағдай қазыналы өңір Қаражал қаласында да орын алды. Қалаға қатынайтын жолдардың кейбір бөлігін су шайып кетсе, енді бір жерлерінде су көлкіп тұр…

Қазіргі уақытта Қаражал қаласынан 28 шақырым белгіде салынып жатқан көпірдің айналма жол төсемінің су астында қалуына байланысты, 1 сәуірден бастап «Қаражал-Атасу» облыстық маңызы бар автожол учаскесінде Қаражал қаласынан Атасу кентінің шекарасына дейін көлік құралдарының барлық түрлері үшін қозғалыс жабылды. Қарағандыға қарай қозғалыс Жәйрем кентінің айналма жолы арқылы жүретін болды.
Бүгінгі күні өңірдегі су тасқыны жергілікті атқарушы биліктің жіті бақылауында. Әсіресе, аймақтағы ескі «Қылыш» су қоймасының суының ұлғаюына байланысты су ағызу үшін 2-шлюзды ашу туралы шешім қабылданған болатын. Қала әкімі мен сала қызметкері бұл жұмысты бақылауда ұстап отыр.
Мамандар берген ақпаратқа қарағанда Қаражал өңірінде жағдай тұрақталып келеді. Тасқынның беті қайтқан сыңайлы. Осыған орай дүйсенбі күні «Қылыш» су қоймасындағы екі шлюздің бірі жабылған. Су ағынының азаюына байланысты екінші шлюзді жабу мәселесі де қаралуда. Ақтай шағын ауданындағы жағдай тұрақты.