Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен балаларға тең әрі қолжетімді, қауіпсіз орта қалыптастыруға және сапалы білім беруге бағытталған ауқымды әлеуметтік реформалар жүйелі түрде жүзеге асырылуда.
Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың IV отырысында берген тапсырмасына сәйкес «Мүмкіндігі шектеулі балаларды кешенді қолдау туралы» заң жобасы әзірленді. Бұл құжат алғаш рет білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау салаларының өзара іс-қимылын біріктіретін кешенді тәсілге негізделмек. Мақсат – ерекше қажеттіліктері бар балалардың білім алу, медициналық және әлеуметтік қызметтерге қол жеткізуін ведомствоаралық үйлестіру қағидасымен қамтамасыз ету.
Инклюзивті білім беру – Қазақстанның әлеуметтік саясатының жаңа сапалық деңгейін айқындайтын маңызды бағыттардың біріне айналды. Осыған орай аймағымыздағы инклюзивті білім берудің хал-ахуалын білу үшін Қаражал қалалық білім бөлімінің басшысы Гүлбану Райсовамен осы тақырыпта ауқымды сұхбат жүргізген болатынбыз.
– Қаражал–Жәйрем аймағында инклюзивті білім беруді дамыту бүгінгі таңда қандай деңгейде деп бағалар едіңіз?
– Бүгінгі таңда Қаражал–Жәйрем аймағында инклюзивті білім беру мемлекеттік саясатқа сай жүйелі түрде дамып келе жатқан бағыттардың бірі болып табылады. Білім беру ұйымдарында ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды жалпы білім беру ортасына тарту, олардың сапалы білім алуына жағдай жасау бағытында нақты жұмыстар жүргізілуде. Жалпы алғанда, аймақта инклюзивті білім берудің негізі қалыптасты деп айтуға болады, алайда, оны одан әрі жетілдіру қажеттілігі сақталады.
– Аймақ бойынша ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың саны мен оларды қамту көрсеткіші қандай?
– Қаражал қаласы мен Жәйрем кенті бойынша ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар анықталып, олардың барлығы психологиялық-педагогикалық сүйемелдеумен қамтылған. Балалар жалпы білім беру ұйымдарында инклюзивті сыныптарда, сондай-ақ, жеке білім беру бағдарламалары арқылы білім алуда. Қамту көрсеткіші жыл сайын өсіп келеді және бұл бағыттағы жұмыс тұрақты бақылауда.
– Қаражал-Жәйрем аймағының мектептері мен балабақшаларының инклюзивті орта қалыптастыруға дайындығы қандай?
– Қала мен кенттегі мектептер мен балабақшаларда инклюзивті орта қалыптастыру бойынша жұмыстар кезең-кезеңімен жүргізілуде. Білім беру ұйымдарында психологиялық-педагогикалық қолдау көрсету, арнайы бейімделген оқу-әдістемелік құралдармен қамтамасыз ету, қолайлы білім беру ортасын құру мәселелеріне ерекше назар аударылуда. Сонымен қатар, ғимараттардың қолжетімділігін жақсарту бағытында да жұмыстар атқарылуда.
– Бүгінде қанша білім беру ұйымында инклюзивті сыныптар немесе қолдау кабинеттері жұмыс істейді?
– Қазіргі таңда Қаражал–Жәйрем аймағындағы 8 мектеп пен 2 мектепке дейінгі ұйымдарда инклюзивті сыныптар және психологиялық-педагогикалық қолдау кабинеттері жұмыс істейді. Бұл кабинеттерде балаларға жеке және топтық қолдау көрсетіліп, түзету-дамыту жұмыстары жүргізіледі.
– Мектептерде дефектолог, логопед, психолог сияқты мамандармен қамтылу деңгейі жеткілікті ме?
– Білім беру ұйымдарында 10 психолог, 5 дефектолог, 5 логопед мамандармен қамтамасыз етілген. Дегенмен, осындай тар бейінді мамандар бойынша белгілі бір деңгейде тапшылық бар екені жасырын емес. Алайда, бұл мәселе кезең-кезеңімен шешіліп, балаларға қажетті қолдау көрсету жұмыстары ұйымдастырылуда.
– Инклюзивті білім беру бойынша педагогтердің біліктілігін арттыру қалай жүргізіліп жатыр?
– Педагогтердің біліктілігін арттыру – басты назардағы мәселе. Мұғалімдер облыстық және республикалық деңгейде ұйымдастырылатын курстардан, семинарлар мен вебинарлардан өтуде. Инклюзивті білім беру бойынша әдістемелік көмек көрсетіліп, тәжірибе алмасу жұмыстары жолға қойылған.
– Бұл бағытта кадр тапшылығы бар ма, болса оны шешу жолдары қандай?
– Иә, инклюзивті білім беру саласында арнайы мамандарға деген қажеттілік бар. Бұл мәселені шешу үшін жас мамандарды тарту, қайта даярлау курстарын ұйымдастыру, педагогтерді қосымша оқыту, сон дай-ақ, әлеуметтік қолдау тетіктерін қолдану жоспарланып отыр.
– Ата-аналар тарапынан жиі көтерілетін мәселелер қандай?
– Ата-аналар тарапынан негізінен балаларға жеке қолдау көрсетуді, арнайы мамандардың жеткіліксіздігі, оқу бағдарламасының бейімделуі мәселелері көтеріледі. Барлық өтініш-ұсыныстар назарға алынып, ата-аналармен тығыз байланыс орнату арқылы мәселелерді шешу жолдары қарастырылуда.
– Алдағы уақытта Қаражал– Жәйрем аймағында инклюзивті білім беруді дамыту бойынша қандай жоспарлар бар?
– 2026 жылы Қаражал қаласындағы № 3 жалпы білім беретін мектептің жанынан психологиялық-педагогикалық қолдау кабинетін (КППК) ашу жоспарлануда. Аталған кабинет ерекше білім беру қажеттіліктері бар білім алушыларға кешенді қолдау көрсетуге, түзету-дамыту жұмыстарын ұйымдастыруға және ата-аналармен жүйелі жұмыс жүргізуге бағытталатын болады.
Алдағы кезеңде инклюзивті білім беру аясында қолдау кабинеттерінің санын арттыру, материалдық-техникалық базаны нығайту, педагогтер мен мамандардың кәсіби құзыреттілігін көтеру жоспарланып отыр. Негізгі мақсат – ерекше білім беру қажеттіліктері бар әрбір баланың сапалы білім алуына тең мүмкіндік жасау.
– Мағыналы әңгімеңізге рахмет.
Сұхбаттасқан Мөлдір ХАМИТҚЫЗЫ.

