Халық сенімі ақталды

Қаражал – жерінің асты құтқа, үсті жақсы мен жайсаңға толы рухани, сондай-ақ,  өндіріс ошағына айналған қала екеніне ешкімнің дауы жоқ деп ойлаймын. Алайда,  жылу электр орталығы құлаған жылы қала тұрғындарының бірі қоныс аударып, басқа жаққа ағылды, енді бірі жұмыс таппай сабылды. Қысқасы, осы уақыт ішінде саяси жағынан болсын, басқа тұсынан болсын Қаражалдың көсегесі көгере қоймады. Ол  жағын да дөп басып біз айта алмаймыз. Қысқасы, 60 жылдық тарихы бар өндіріс ошағының тамырына кейінгі 6 жыл ішінде қайта қан жүгіріп, кешегі өлара кезеңде тозығы жеткен нысандар қайта жанданып, қала, кент және елді мекендердің шырайы кірді десек артық емес.

Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 3 наурыздағы «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» №826 Жарлығын жүзеге асыру мақсатында, әр деңгейдегі әкімдер жыл сайын халықпен кездесіп, атқарған жұмыстарының қорытындысы бойынша есеп беру міндеті жүктелген еді.  Сондай-ақ, аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің әкімдері тоқсан сайын есеп беруге міндетті. Осыған орай өңір басшысы Тілектес Досаев қаламыздың 60 жылдық мерейтойының қарсаңында аймақ тұрғындарымен кездесіп, біршама атқарылып жатқан жұмыстарымен таныстырды. Есептік кездесуге әдеттегідей қариялар қауымы, қарапайым тұрғындар, мемлекеттік бөлім басшылары мен кәсіпорын қызметкерлері, депутаттар, қалалық Қоғамдық кеңестің мүшелері және БАҚ өкілдері қатысты. Бұл жиынның  модератор міндеті Қаражал қаласы мәслихатының төрағасы Зәмзагүл Оспановаға жүктелді. Сондай-ақ, айта кетер жайт, есептік кездесу Қаражал қаласы әкімдігінің ресми инстаграм және ютуб қосымшалары арқылы тікелей эфирде көрсетілді.

Тілектес Темірбекұлының қала әкімі болып сайланғанына 6 жыл болыпты. 6 жыл ұзақ та емес, қысқа да мерзім емес. Алайда, осы уақыт аралығында халықтың әл-ауқатын арттыру, тұрмыс-тіршілігін жақсарту жолында аянған емес. Өзінің берік ұжымымен бірігіп, алдыға қойған мақсат-міндеттерін орындап, көптеген жобаларды іске асырды. Өзінің 6 жылдық жұмыс жоспарын, атқарылған жұмыс ауқымын осы есептік кездесуінде тізіп, халыққа әдемі жеткізді.

Өзінің есептік баяндамасында қала әкімі ең алдымен аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына тоқталып, меншікті бюджет кірістерінің өткен жылдарға қарағанда біршама өскені жайлы тілге тиек етті.

Әлбетте өңіріміз өндіріс ошағы болғандықтан өндіріс саласындағы жетістіктерге жеке-жеке тоқталғанды жөн көрді. Атап айтсақ,  2021 жылы «Жәйрем кен-байыту комбинаты» АҚ «Жәйрем Полиметаллы» инвестициялық жобасының іске асуы аймағымыздың экономика саласының дамуына күшті серпін бергені де айғақ. Сондай-ақ, «Қаражал Оперейтинг» ЖШС барит кендерін өңдейтін кәсіпорыны және «Orda group» ЖШС базасында барит кендерін өңдейтін өндірістік кешен іске қосылды. Ал, «Өркен-Атасу» ЖШС «Өркен» өкілдігі өңдеу зауытын қайта қалпына келтіріп, «Батыс Қаражал» кенішін кеңейтті.

Келесі кезекте, Жәйрем кенті бюджетінің шығыс бөлігі тұрақты өсу тенденциясына ие. 2018 жылдардан бері бюджет көлемі 5 есеге дейін өскен. Кейінгі екі жыл ішінде Жәйрем кенті адам танымастай өзгерді. Көшелеріне асфальт төселіп, аулалар абаттандырылып, алаңдар жарықтандырылып, техникалық тратуарлармен қамтамасыз етті. Қала ішіне әдемі шағын сәулет нысандары орнатылды.

Сондай-ақ, өңірімізде ауыл шаруашылығын дамыту үшін фермерлерге асыл тұқымды мал шаруашылығын өсіруге субсидия, несие, лизинг түрінде мемлекеттік қолдау көрсетіліп жатыр. Кейінгі 6 жыл ішінде жыл сайынғы 20 пайыз өсіммен ауыл шаруашылығы өндірісінің тұрақты өсімі байқалуда.

Ал қаламыздың бизнесті дамыту мәселесіне келсек, тұрақты өсіп, даму үстінде десек артық емес. Қаламызда қаншама минимаркеттер ашылуда. Екі жыл бұрын ғана «Ақниет» супермаркетінің ашылу салтанаты өткен болатын. Жақында жас кәсіпкерлер Аян мен Арай Исатаевтар кулинария ашып, халықтың ризашылығына бөленген. Сондай-ақ, қазыналы қаламыздың  60 жылдық мерейтойы қарсаңында су жаңа мейрамхананың ашылу салтанатын кеше ғана өткізіп, кәсіпкерлік нысан иелеріне тілектес болып қайттық. Ашылу салтанатына арнайы қонақ болып Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, айтыскер ақын Аманжол Әлтай жаңа нысанның лентасын салтанатты түрде қиған болатын.

Сондай-ақ, қала әкімі бұрынғы жылу электр орталығының қазіргі иелерімен кездескені жайлы айта кетті. Кезінде қаламызға жылу осы аумақтан жеткізілген. Кейін ЖЭО жекешелендіріліп, қазір бұл ескі нысанның жағдайы тіпті мүшкіл екені жасырын емес. Бүгінгі күні облыс кәсіпкері, «Вертекс Ко» ЖШС директоры Нұржан Ахметов аумақты жандандыру  және одан әрі пайдалануға беру үшін, яғни, теміржол рельстерін жөндеуге арналған өндірістік кешен жасау мақсатында сатып алды. Болашақта құрылыс нысанын салу жоспарлануда. Ферромарганец кендерін қайта балқыту зауыты салынып, теміржол тұйықтығын қалпына келтіру жұмыстары басталмақшы. Яғни, болашақта көмірді теміржол арқылы тасымалдау мүмкіндігі туып, қыстық отынымыз арзанға түседі деген ойдамыз.

Білім саласына келсек, №7 ЖББМ жылу қазандығы жақсарып, мектептің стадионы мен қоршауы да бір жаңарды. №3 ЖББМ күрделі жұмыстар жүргізіліп, жылу қазандығы да жақсартылды. Ал, №6 ЖББМ қазіргі таңда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Ал вокзалдағы №5 ЖББМ болашақта шағын балабақша жасап, ал мектепті жаңадан салу ұсынысын қала әкімі дөп басып айта кетті. №1 ЖББМ келсек, әлбетте қара шаңырақты күрделі жөндеу жұмыстан өткізіп, жаңа жылу қазандығына дейін ауыстырылып, жаңа спортзал да салынды. Тек миницентр мен спортзал жылына қоймады. Сондықтан бұл мәселені шешу үшін бұл екі нысанға бөлек модульды қазандық салынады. Ал, «Балбөбек» балабақшасының мәселесі бірнеше жылдан бері шешілмей келеді. Қаламыздағы жалғыз балабақшаға расымен күрделі жөндеу жұмыстары керек-ақ. Алайда, 2020 жылдан бері жобалық-сметалық құжаттамасы сараптама бөлімінен өтпей тұр дейді бөлім басшылары. Ең бастысы кәріз мәселесі шешілді.

Ендігі мәселе, мәдениет саласы. Қаражал-Жәйрем өңірінің мәдени-сауық орталығы қазір адам танымастай өзгергенін өз көзімізбен көріп, куә екенімізді де мойындауымыз керек.

Расымен, халықтың рухани және мәдени өмірін жақсарту кейінгі жылдары жүзеге асты десек те болады. Сондай-ақ, қаламыздың орталық кітапханасы да назарсыз қалмады. Кітапханаға жөндеу жұмыстары жасалып, кітап қорынан бастап, жиһаздарға дейін жаңартылды. Балаларға арналған коворкинг және «Парасат жолы» орталықтары ашылды.

Алла қаласа екі аптадан кейін дәлірек айтсақ, 26 тамыз күні қаламыздың 60 жылдық мерейтойы жалпыхалықтық мереке өтпек. Ұйымдастыру алқасы құрылып, той алаңы, бәйге өтетін атшабар бекітілді. Қаламызға жан-жақтан қонақтар да шақыртылды. 40-тан астам киіз үй тігіледі. Атақты әншілердің қатысуымен концерттік бағдарлама, ұлттық спорттық жарыстар өтеді. Атап айтсақ, тай жарыс, құнан жарыс, аламан бәйге, командалық көкпар, аударыспақ, қазақ күресі, арқан тартыс, қол күрес. Әлбетте сыйлықтар да қомақты. 2 автокөлік, 5 мотоцикл және ақшалай сертификаттар табысталады. Тілектес Темірбекұлы осы сәтті пайдалана отырып, тойдың өтуіне атсалысып, қолдау көрсеткелі жатқан кәсіпорындар мен аймағымыздың азаматтарына алғыс білдіре кетті. Бұл мерейтой бәрімізге ортақ болған соң, біркісідей жұмылып, абыроймен атқарсақ нұр үстіне нұр болар еді.

Келесі мәселе медицина саласына бөлінетін қаражат аз болмаса да, аймақ бойынша маман тапшы. Тіпті, жоқтың қасы десек те болар. Халықтың денсаулығы басты орында болуға тиіс. Медицина қызметкерлеріне арнайы үй салынып, барлық жағдай жасалса да маман иелері қаламызға келіп, жұмыс істеуге бас тартуда. Дейтұрғанмен, анестезиолог, реаниматолог, пульмонолог және хирург мамандары келеді деп бір марқайтты қаламыздың аурухана қызметкерлері. Сондай-ақ, жыл сайын медициналық керек аппараттар мен жабдықтар алынуда. Және орталық аурухана күрделі жөндеу жұмыстарынан өткені де баршаға аян. Осы жылы жұқпалы ауру бөлімі, яғни инфекциялық бөліміне де күрделі жөндеу жұмыстары өткізілді. Сондай-ақ, тағы бір шешілмей тұрған өткір мәселелердің бірі диализ аппаратын сатып алу. Ол мәселені де қала әкімі шешуге тырысатынын дөп жеткізді.

Ендігі кезекте құрылыс нысандарына келсек, қаламыз кейінгі 6 жылда құрылыстан көз ашпағаны айдан анық. Әлбетте, бұл қуантарлық жайт. Неге десеңіз, қала сәнін құртып тұрған барлық нысандар жаңартылды. Атап айтсақ, 22 үй, 25 орамдағы 4 үй, Абай көшесіндегі 3 пен 5 үйге қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ, қалыпқа келмейтін 8 үйді жою жұмыстары да белсенді түрде жүргізілді. Сонымен қатар, Тәуелсіздік көшесіндегі  12 үйді де дәл қазір қайта қалыпқа келтіру жұмыстары жүргізілуде. Болашақта да қаншама тұрғын үйлер қалпына келтірілетінін қала әкімі тұрғындарға жеткізді.

Сонымен қатар, өңіріміз спортшылар мен өнер адамдарына да кенде емес екені баршаға мәлім. Сондықтан, спортсүйер қауымның сұранысы «Горняк» стадионы мен жабық жүзу бассейнінің құрылысы биыл немесе келесі жылы тәмамдалатынына сенеміз. Жалпы болашаққа жоспар да, атқарылатын іс те аз емес. Құрылыс демекші, өңіріміздегі өрт сөндіру бөлімінің ғимараты да аянышты күйде екенін жақсы білеміз. Сондықтан, қаланың өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ететін объектілерді салу да жоспарда жоқ емес. 2023 жылы Қаражал қаласы мен Жәйрем кентінде екі жаңа өрт сөндіру бекетінің құрылысы бойынша жобалар әзірленетіні де халықты қуантты. Айта кетер тағы бір жайт, спортсүйер қауым және қала тұрғындарына болашақта  жабық қысқы мұз сарайын салу да жоспарда бар екенін де қала әкімі айта кетті. Халық бірауыздан қолдап, қуана құптады.

Ауызсу мәселесіне келсек, өңіріміз 99 пайыз ауызсумен қамтылғанын жеткізді.

Жұртшылықтың көңілінен шыққан, әлеуметтік саланың шырайын кіргізген жолдарды жөндеу жұмыстары өз алдына бір төбе дерлік. Әсіресе, биыл Жәйрем кенті, Ақтай елді мекені, Северный Ауыл және Ескі Қаражалдың жолдарына асфальт салынғанын жеткізді. Сондай-ақ, қаланың екі бас көшесінің қиылыстарына бағдаршам орнатылды. Көшелерді жарықтандыру бойынша, 2022 жылы тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында күннен қуат алатын шамдар орнатылды.

Кәріз мәселесі бойынша келесі жылы аймақ бойынша жөндеу жұмыстары белең алатыны анықталды. Сондай-ақ, былтыр қала тұрғындарының қауіпсіздігі үшін бірнеше бақылау камерасы қойылды. Биылғы жылға да бірнеше бақылау камерасын орнату жоспарда бар. Тұрғындардың тағы бір көз қуанышына айналған «Менің аулам» бағдарламасы, яғни, тұрғын үйлердің ауласына спорт және ойын алаңы 100 пайыз орнатылды десек те болады. Сонымен қатар, қала сыртындағы әдемі арка құрылысы аяқталуға жақын. Ол да қаланың шырайын кіргізетін нысандардың бірі екенін ұмытпайық.

Қала әкімі Тілектес Досаев тағы бір сүйінші жаңалығымен бөлісті. Қылыш елдімекені Қаражал қаласы әкімдігінің меншігіне өтетінін жар салып айтты. Сондай-ақ, Қылыш суқоймасын қалпына келтіру жобасын әзірлеу керектігін жеткізді. Яғни, шлюзді, сорғы станциясын күрделі жөндеуден өткізу, қоршауларды салу, бөгетті нығайту жұмыстары қайта қаралмақ. Келесі жылы Қылыш су қоймасы мен Қаражал қаласы арасындағы қолайлы қозғалыс үшін Жаңаарқа ауданынан бізге жол өткеннен кейін жолды асфальттауды бастайтынын өңір басшысы қуана жеткізді.

Тағы бір мәселе, мұсылман және христиан зираттарына қоршау орнату. Бұл мәселені де қала басшысы қарастыратынын жеткізді.

Кездесу барысында арнайы орнатылған жәшік арқылы түскен және әлеуметтік желідегі тікелей эфирді пайдаланып қойылған сауалдарға тиісті жауаптар берілді. Сондай-ақ, тұрғындар тарапынан берілген сауалдар мен ұсыныстар назардан тыс қалмай, мұқият қарастырылып, шешімі табылып жатты. Қажетті жағдайда маңызды сұрақтар мен ұсыныстарға қатысты жауапты мекеме басшыларына жүктеді.

Кездесуді қорытындылай келе, халық өңір басшысына алғысын білдіріп, батасын жаудырып, иығына шапан жапты. Халық сенімі ақталды. Сондай-ақ, қала әкімі өңіріміздің дамуына үлес қосқан, аймағымыздың құрыштап дамуына, көркеюіне атсалысқан  Қаражал қаласы әкімдігінің қалалық коммуналдық шаруашылығы КМК маманы Елена Рахимоваға және қаламыздың жеке кәсіпкерлері мен үлгі бола білген азаматтары Мақсат Уксукбаев пен Шоқан Қордабайға Алғыс хат табыс етті.

– Есептік кезеңді қорытындылай келе, маңызды жұмыстар атқарылғанын айта кету керек. Экономиканың барлық салаларында жақсы нәтижелерге қол жеткізілді. Осының барлығы сіздердің қолдауларыңыздың арқасы, құрметті жерлестер. Туған жерге, шырайлы өлкеге қамқорлық таныту – перзенттік парызымыз, – деп өңір басшысы Тілектес Темірбекұлы сөзін әдемі  аяқтады.

Мөлдір ОМАРОВА