Ағымдағы жылдың 14 сәуірінде Қаражал қаласында тұрғындармен ашық пікір алмасуға арналған кезекті кездесу өтті. Басқосуға қала халқы белсенді қатысып, өзекті мәселелерді ортаға салды.
Кездесуде қалалық мәслихат депутаты Арынғазы Тәкібаев өз сайлау округінің тұрғындарымен жүздесіп, есептік баяндамасын ұсынды.
Сонымен қатар, жиынға облыстық мәслихат депутаты Артем Ким, салалық бөлімдердің басшылары мен жауапты мекемелердің өкілдері қатысып, көтерілген мәселелер төңірегінде пікір алмасты.
Жиын барысында депутат атқарылып жатқан жұмыстарға кеңінен тоқталып, «AMANAT» партиясы тарапынан жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобалар жөнінде жан-жақты ақпарат берді. Сондай-ақ, алдағы жоспарлар мен халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған бастамалар таныстырылды.
Кездесу кезінде тұрғындар тарапынан бірқатар маңызды ұсыныстар айтылды. Атап айтқанда, Игібаев көшесі бойындағы балалар ойын алаңын жөндеу, аялдамаларды қалпына келтіру, байланыс желілерінің бағаналардағы сымдарын ретке келтіру және көшелер арасындағы бейберекет қоқыстарды тазалау мәселелері көтерілді.
Бұл ұсыныстар бойынша тиісті шаралар қабылдау қажеттігі айтылып, учаскелік полиция инспекторына да нақты тапсырмалар жүктелді.
Жиын қорытындысында көтерілген барлық өтініштер назарға алынып, әрбір мәселе жан-жақты зерделенетіні белгілі болды. Қажет болған жағдайда тиісті мемлекеттік органдарға депутаттық сауалдар жолданатын болады.
Мұндай кездесулер халық пен билік арасындағы байланысты нығайтып, тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін тікелей ескеруге жол ашады. Бұл – «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатының нақты жүзеге асуының айқын көрінісі.
Мөлдір ХАМИТҚЫЗЫ
