Елдің жағдайымен етене танысып, халықпен жүздесуді мақсат еткен ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Аманжол Әлтаев Ұлытау облысына келген болатын. Халық қалаулысы өңіріміздің әр аймағында болып, бірқатар маңызды нысандарды аралады.
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Аманжол Әлтаев пен «AMANAT» партиясы Ұлытау облыстық филиалының атқарушы хатшысы Ерлан Мырзабеков Қаражал өңіріне де арнайы ат басын бұрды. Депутат өзінің жұмыс сапарын республикалық маңызы бар «Атасу-Қаражал» автожолының 0.28 учаскесінің құрылыс жұмыстарымен танысудан бастады. Жаңғыртылып жатқан жолдың жалпы ұзындығы 90 шақырымды құрайды. Жоба 2020 жылдан бастап іске асырылуда. Жыл соңына дейін осы жолдың 11 шақырымын асфальттау және көпірді монтаждау жұмыстарын аяқтау жоспарлануда.
Халық қалаулысы бұдан әрі «Горняк» стадионын қайта құру жұмысымен, жабық жүзу бассейнінің құрылысымен танысты.
Алғашқы нысан үстіміздегі айдың соңын ала аяқталуы керек. Қазір стадионды жаңғыртып жатқан мердігер ұйымы – «Construction Training Resources» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрылысшылары осы межеден шығу үшін күш сала жұмыс істеуде. Ал, «Балқаш жібек жолы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрылысшылары бассейнді қазан айының соңында қолданысқа береміз деп отыр.
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Аманжол Дүйсенбайұлы жұмыс сапары барысында «AMANAT» партиясы Қаражал қалалық филиалының мәжіліс залында тұрғындарды жеке сұрақтарымен қабылдады.
Қабылдау барысында «Қылыш» су қоймасы, жайылым жер, ауыз сумен қамтамасыз ету, жол сапасы, электр қуаты жайлы сұрақтар көтеріліп, мәселелер жан-жақты қаралып, әрқайсысы бойынша түсініктемелер мен тиісті жауаптар берілді.