Сенаторлар – Жәйрем кентінде

Ұлытау өңіріне жұмыс сапарымен келген Қазақстан Республикасы Парламентінің жоғарғы палатасы депутаттары Серік Шайдаров пен Советбек Медебаев Жәйрем кентіне арнайы ат басын бұрды. Сенаторлардың бұл сапарында Ұлытау облысы мәслихатының төрағасы Бауыржан Шыңғысов еріп жүрді.

Сапар барысында депутаттар Жәйрем кен байыту комбинатына барып, инвестициялық жобаларымен танысты. Халық қалаулылары бұдан соң кенттегі «Ажар» балалар бақшасына бас сұқты. Аталмыш балабақша кенттегі мектепке дейінгі білім беретін екінші мекеме. Ол 125 орынға арналған. Ерекшелігі сол балабақшадағы топтар Ы.Алтынсарин, А.Құнанбаев, Қ.Сәтбаев сынды ұлт зиялыларының есімімен аталады. Аталған балабақшада 2-5 жас аралығындағы бүлдіршіндер тәрбиеленеді. Ғимарат балалардың жан-жақты дамуына мүмкіндік беретін заманауи даму аймақтарымен, STEM кабинетімен, хореография залы және емдік тұзды бөлмемен жабдықталған.
Сенаторлар жұмыс сапары аясында өңір тұрғындарымен жеке қабылдау өткізіп, кент тұрғындарының сұрақтарына қатысты кеңес беріліп, шешу жолдары жайлы айтылды.
Келесі кезекте Қаражал қалалық мәслихатының депутаттарымен кездесу өткізді. Кездесу барысында Сенат депутаттары Парламент Палаталарының заң шығару қызметі туралы айтылып, өңірдің өзекті мәселелерінің бірі өрт сөндіру депосы, дене шынықтыру-сауықтыру кешені және басқа да мәселелер талқыланды.

Ізбасар ОЙБАС.