Халық қалаулылары – спорт тұғырында

Ұлытау облысының орталығында аймақтағы қалалық және аудандық мәслихаттардың депутаттары, аппарат қызметкерлері мен қоғамдық кеңес мүшелері арасында дәстүрлі IV облыстық спартакиада мәресіне жетті.

Бұл тек спорттық бәсеке ғана емес, өңірдегі халық қалаулылары мен қоғам белсенділерінің басын қосқан, ұйымшылдық пен серіктестіктің жаңа деңгейін көрсеткен айтулы оқиғаға айналды.

Бүгінгі таңда бұқаралық спортты дамыту мен салауатты өмір салтын насихаттау – мемлекеттік саясаттың басты бағыттарының бірі. Осы орайда, елге тұтқа болып, халықтың мұңмұқтажын билік мінберінен жеткізіп жүрген мәслихат депутаттары мен қоғам белсенділерінің өздері жеке үлгі көрсетуі құба-құп.

Спартакиаданың басты мақсаты да осы – салауатты өмір салтын дәріптеу, аймақтар арасындағы әріптестік байланысты нығайту, командалық рухты қалыптастыру және бұқаралық спорттың аясын кеңейту.

Дәстүрлі спорттық доданың ашылу салтанатында Ұлытау облысы мәслихатының төрағасы Бауыржан Шыңғысов сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Ол өз сөзінде бұл жарыстың тек мықтыны анықтау мекені емес, өңірлік мәслихаттар арасындағы алтын көпір екенін, жұмыс бабымен үнемі тығыз байланыста жүретін әріптестердің спорт алаңында бас қосуы ауызбіршілікті арттыра түсетінін атап өтті.

Спартакиадаға облыстың қалалары мен аудандарынан іріктелген, құрамында ең белсенді халық қалаулылары бар 6 команда қатысты.

Осы тартысты да қызықты бәсекеде Қаражал қалалық мәслихатының депутаттары, мәслихат аппаратының қызметкерлері және Қоғамдық кеңес мүшелерінен құралған команда ерекше дайындықпен келгенін дәлелдеді.

Жарыс кезінде жерлестеріміз өздерінің спорттық шеберлігін, төзімділігі мен жеңіске деген жоғары жігерін көрсетті.

Қызу тартыс пен жанкүйерлердің қолдауы астында өткен сындардың нәтижесінде Қаражал қаласының қоржыны толайым табыстарға толды.

Турнирдің ең тартысты бәсекесі волейбол алаңында өтіп, қаражалдықтар қарсыластарына еш мүмкіндік қалдырмай, тактикалық шеберлік пен керемет ұйымшылдықтың арқасында волейболдан І орынды иеленіп, абсолютті чемпион атанды.

Білек сынасқан қол күресі (армрестлинг) сайысында біздің спортшылар нағыз мінез бен күш-жігер танытып, ІІІ орыннан көрінді.

Жылдамдық пен қырағылықты талап ететін үстел теннисінде де Қаражал намысын қорғаған қатысушылар жоғары нәтиже көрсетіп, тағы бір ІІІ орын жүлдесін қанжығаларына байлады.

Жарыс қорытындысы көрсеткендей, Қаражал қаласының командасы тек спорттық жетістіктермен шектеліп қалған жоқ. Олар алаңда шынайы достықтың, өзара қолдау мен ұйымшылдықтың жарқын үлгісін көрсетті.

Бұл жеңіс – бірлесе атқарылған жүйелі дайындықтың және қала абыройын асқақтатуға деген үлкен жауапкершіліктің жемісі.

Өз өңірлерінің намысын қорғаған Қаражал қалалық мәслихатының депутаттары, аппарат қызметкерлері мен Қоғамдық кеңес мүшелері осы айтулы жетістіктері арқылы өздерінің тек кәсіби бағытта ғана емес, спортта да жоғары көрсеткіштерге қол жеткізе алатын біртұтас ұжым екенін толықтай дәлелдеп шықты.

Жазира СЕЙДҒАБИҚЫЗЫ