Мемлекет басшысының «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» Ұлттық құрылтайдың отырысындағы тапсырмасы бойынша 2024 жылы 1 700 шақырымнан астам газ құбыры салынып, 300 мыңнан астам азамат көгілдір отынға қол жеткізді. 2025 жылы мемлекет 7 елді мекенді газдандыруға арналған 45 жобаны іске асыру үшін 65,9 млрд теңге бөлді. Аталған жобаларды іске асыру елді газдандыру деңгейін 62 %-ға дейін арттырады немесе 12,4 млн-нан астам адам газға қол жеткізеді.
Елді мекендерді газдандыру халықтың өмір сүру сапасын жақсартып, экологияның ластануын төмендетеді, баламалы отын сатып алуға кететін қаражатты үнемдейді және өңірлердің инвестициялық тартымдылығын арттырады. Яғни, табиғи газды пайдалану көмірқышқыл газы шығарындыларының төмен деңгейіне, зиянды қоспалардың болмауына және көмір мен мазутпен салыстырғанда жоғары энергетикалық тиімділікке байланысты экологиялық жағдайды жақсартуға ықпал етеді.
Өңірлерді газдандыру Ұлытау облысында да ірі жобалардың бірі болып табылады. Бұл жобаны іске асыру өңірдегі елді мекендерді қажетті газ көлемімен қамтамасыз ету үшін газ құбырының өткізу қабілетін арттыруға мүмкіндік береді, бұл өңірдегі өнеркәсіпті дамытуға үлкен серпін береді. Міне, осы мақсатта Ұлытау облысын газдандырудың Өңірлік схемасына сәйкес 2030 жылға дейін 9 елді мекенді (Жезқазған, Атасу, Қаражал, Жәйрем, Кеңгір, Сәтбаев, Ұлытау, Жезді, Қарсақбай) газдандыру жоспарланған.
– Бүгінгі таңда, Ұлытау облысында газдандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Облысты газдандырудың Өңірлік схемасын іске асыру өнеркәсіп пен коммуналдық-тұрмыстық саланың бірқатар объектілерін табиғи газға ауыстыруға, сондай-ақ, оны тұрғын үй секторында жылыту және тамақ дайындау үшін пайдалануға мүмкіндік береді. Бұл жекелеген аудандар мен жалпы облыстағы отын-энергетикалық теңгерімді және экологиялық жағдайды айтарлықтай жақсартады, – дейді бізбен әңгімесінде облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Алмас Жандарбеков
Басқарма басшысының айтуынша, Ұлытау өңірінде газдандыру жұмысы кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Газбен жабдықтау желілерін салу 2019 жылы Жезқазған қаласында басталды. Жоба III кезектен және 7 іске қосу кешенінен тұрады, жобаның құны 14,3 млрд теңге. Жалпы ұзындығы 199,8 шақырым. Бүгінгі таңда I, II кезектер аяқталып 154,4 шақырым желі қолданысқа берілді (77,3%). Алғашында облыс орталығы мен оған қоңсылас орналасқан елді мекендерді көгілдір отынға қосу бастамасы сәтті жүзеге асырылып, жұртшылық көмір жағудың тауқыметінен арылған.
– Құрылыстың III кезегі екі іске қосу кешенін қамтиды. Бірінші іске қосу кешені – 66-84 кварталдардың 30,9 шақырым орамішілік желілерін (2025-2026 жж.) тарту. Екінші іске қосу кешені 4-6 кварталдардың 15,45 шақырым орамішілік желілерін (2026 ж.) тарту.
Жалпы, 2019-2027 жылдар аралығында 4562 үй табиғи газбен қамтамасыз етілетін болады. Бүгінгі таңда Жезқазған қаласында газ желілері 3676 абонентке тартылды, оның 1732 абонентіне техникалық шарт берілді, газға 1583 үй қосылды (43%), – дейді Алмас Әлімбекұлы.
Ұлытау облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының мәлімдеуінше, 2025-2026 жылдар аралығында 442 үй және 7 әлеуметтік нысан табиғи газбен қамтамасыз етілетін болады. Осы мақсатта Жаңаарқа ауданының Атасу кентін газбен жабдықтаудың тарату желілері бар газ құбыры тармағын және «Атасу» автоматтандырылған газтаратқыш станциясын салудың жобалық сметалық құжаттамасы дайындалып, мемлекеттік сараптамадан оң қорытындысы алынды. Жоба үш іске асыру кешенінен тұратын болады. Жоба құны – 12 млрд теңге. Жалпы ұзындығы 188 шақырымды құрайды. 2025 жылға 1 млрд теңге ұлттық қор есебінен құрылыс монтаждау жұмыстарына бөлінді.
Сондай-ақ, Кеңгір ауылына газ желілерін тарту жобасы бойынша конкурс нәтижесі шығып, мердігер анықталды. Ағымдағы жылы іске асырылатын болады. Жобаның жалпы ұзындығы – 25 шақырым, құны 1 751 млн теңгені құрайды. 2025 жылға 1 млрд теңге республикалық бюджеттен және 250 млн теңге ұлттық қор есебінен құрылыс монтаждау жұмыстарына бөлінді.
– Бұл ілкімді істен Қаражал-Жәйрем өңірі де қалыс қалып отырған жоқ. Қаражал қаласының 2025 жылға арналған бюджеті 4 млрд теңге сомасына 17 инфрақұрылымдық жобаны іске асыруға көзделген, оның ішінде өңірді көгілдір отынмен қамту мәселесі де бар. Атап айтар болсақ, Қаражал қаласы мен Жәйрем кентін газдандыру бойынша жобалық сметалық құжаттамасы дайындалып, мемлекеттік сараптамадан оң қорытындысы алынды. Жоба үш іске асыру кешенінен тұратын болады. Жобаның жалпы ұзындығы – 226 шақырым, құны 17 млрд теңгені құрайды. Құрылыс жұмыстарына конкурс ойнатылып, мердігер анықталып келісімшарт жасалды. 2025 жылға 805 млн теңге ұлттық қор есебінен құрылыс монтаждау жұмыстарына бөлінді. 2025-2027 жылдар аралығында 2107 үйді табиғи газбен қамтамасыз ететін болады, – дейді облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Алмас Жандарбеков бізбен әңгімесінде.
Өңірлерді газдандыру жобасы облыстың өзге қалалары мен аудан, кенттерінде де жүйелі жүргізілетін болады. Бүгінгі күні Сәтбаев қаласына газ желілерін тарту бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде, аяқталу мерзімі ағымдағы жылдың тамыз айына жоспарлануда. 2025-2027 жылдар аралығында іске асырылатын бұл жоба аясында 2942 үй табиғи газбен қамтамасыз етілетін болады. Сонымен қатар, Ұлытау, Жезді елді мекендеріне газ құбырын салудың жобалық сметалық құжаттамасына конкурс өткізіліп, мердігермен келісімшарт жасалды, аяқталу мерзімі ағымдағы жылдың шілде айына жоспарлануда. Облысты газдандырудың Өңірлік схемасын іске асыру халықтың өмір сүру сапасын едәуір арттырып қана қоймай, бүкіл өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін қолайлы жағдайлар жасайды деп күтілуде.
Орайы келгенде айта кетейік, халықты табиғи газбен қамтамасыз ету кезіндегі әлеуметтік жауапкершілік те қарастырылған. Мемлекет басшысының «әлеуметтік әмиян» тетігін енгізу жөніндегі тапсырмасы шеңберінде 2024 жылғы желтоқсанда Үкімет Батыс Қазақстан облысы мен Шымкент қаласында халықтың әлеуметтік осал топтарына тауарлық газға (24% дейін) жеңілдік түрінде атаулы әлеуметтік және тұрғын үй көмегін ұсыну бойынша пилоттық жобаны іске қосқан болатын. Бұл жоба 6000-нан астам адамды қамтыды. Пилоттық жобаның қорытындысы бойынша аталған тетік бүкіл ел бойынша енгізілетін болады. Ол жайында алдағы уақытта кеңінен талдап айтатын боламыз.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ