Газдан да қауіп жоғары

Жуырда өңірімізге Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар вице-министрі М.Пішембаев жұмыс сапарымен келді. Құзырлы мейман өзінің жұмыс сапары аясында бейінді басқармалар, ведомстволардың басшылығымен, қалалар мен аудандардың әкімдерімен кездесу өткізді.

Соңғы кездері еліміздің әр аймағында газ баллондарының жарылуынан тұрғындардың зардап шегу оқиғалары жиілеп кетті. Осыдан бірер апта бұрын ғана Қарағанды облысында осындай жағдай орын алды. Мұның бәрі тұрмыстық газ бен газ жабдықтарын (газ плиталары, тұрмыстық газ баллондары) қауіпсіз пайдалану ережелерін сақтамаудың салдары екені айтпаса да түсінікті.
Кездесуде вице-министр осы мәселеге баса назар аударып, газбен жабдықтау саласындағы өзекті мәселелер талқыланды. Атап айтқанда, тұрмыстық газ баллондары мен газ жабдықтарын қауіпсіз пайдалану бойынша нақты мәселелер кеңінен сөз болды.
Кеңес қорытындысы бойынша облыстық өнеркәсіптік қауіпсіздік департаментінің басшысы Кеңгірбай Есенеевке және қалалар мен аудандардың әкімдеріне тұрғындармен, оның ішінде халықтың әлеуметтік осал топтарымен ұйымдастырушылық-практикалық іс-шараларды және ақпараттық-профилактикалық жұмыстарды жүргізу бойынша тапсырмалар берілді.

Аманкелді Ақшал.