Еліміздің дамуына үлкен серпіліс əкелетін саяси маңызды шара – референдумның өтуіне де санаулы күн қалды. 5 маусым күні барлық Қазақстан халқы сияқты Қаражал-Жəйрем өңірінің жұртшылығы да өздері тіркелген референдум учаскелеріне барып, тарихи таңдауларын жасайды. Ал, бұл саяси науқанға қазыналы өңір қандай əзірлікпен келді? Қаражал қалалық референдум комиссиясының төрағасы Гүлнар САУЫТБАЕВАМЕН əңгімеміз осы бағытта өрбіді.
– Гүлнар Советқызы, референдумға əзірлігіміз қандай деңгейде? Əңгімені осы сауалдан бастасақ.
– Баршаға белгілі, 2022 жылдың 5 маусымында Қазақстан Республикасы Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша Президент Жарлығына сəйкес, республикалық референдум тағайындалды. Референдумға 18 жасқа толған жəне сайлау құқығына ие азаматтар қатыса алады.
Қаражал-Жəйрем өңірі де референдумға жан-жақты əзірлікпен келді. Осы бағытта өңір бойынша дауыс беру процесін ұйымдастыру үшін қалалық референдум комиссиясы мен референдум учаскелері құрылып, референдумға қатысушылардың тізімдері нақтыланды. Əр учаскеге қарасты дауыс берушілерге шақыру қағаздары да жіберілді.
Жалпы, өңіріміз бойынша Республикалық референдумға дайындық жұмыстары қалалық референдум комиссияның отырысында бекітілген күнтізбелік жоспарға сəйкес өткізілді. Қалалық жəне учаскелік референдум комиссияларының құрамы, шекаралар жергілікті «Қазыналы өңір» газетінде жарияланып, сайтқа салынды.
– Қанша референдум учаскесі жұмыс істейтін болады?
– Аймақ бойынша 15 референдум учаскесі бар, оның 10-ы білім беру мекемелерінде, 2-і мəдени-сауық орталықтарында, 3-і жекеменшік ғимараттарда орналасқан.
Бүгінгі күнге барлық учаскелер облыстық референдум комиссиясының келісімімен бекітілген жұмыс кестесі бойынша жұмыс атқаруда. Учаскенің атауы жəне күнтізбе ілініп, тиісті талаптарға сай жабдықталды. Жергілікті атқару органдарының көмегімен рəміздер, сейфтер, басқа да қажетті құралдармен қамтамасыз етілді. Учаскелердің кіреберісіндегі стендтерге жұмыс кестесі, сілтемелер, ақпараттық жəне Орталық референдум комиссиясынан келген үгіт-насихат материалдары орналастырылған. Облыстық комиссиядан түскен хаттар, оқу-əдістемелік кешендер, заңдар дер кезінде электронды пошта арқылы учаске төрағаларына жіберіледі.
Бүгінгі күні референдум учаскелері алдағы саяси науқанға сақадай сай əзір тұр.
– Бұқарамен арадағы байланыс қалай жолға қойылып отыр?
Қаражал-Жəйрем өңірі бойынша референдумға қатысуы тиіс адам саны – 10 821. Дауыс берушілер тізімдері жергілікті атқарушы органдар арқылы учаскелік референдум комиссияларына беріліп, нақтылау жұмыстары жүргізілді. Шақыру қағаздарымен учаске комиссиялары 100 процент қамтылды, тарату жұмыстары жүргізілді. Көпқабатты үйлердің кіреберістеріне А3, А4 форматтағы шақыру парақшалары ілінді. 2-66-19 номерінде call орталық бар.
Қалалық референдум комиссиясының 2022 жылғы 17 мамырдағы №5 шешімімен «Жəйрем кен байыту комбинаты» акционерлік коғамының, Қаражал қаласы əкімінің хаттарына сəйкес, Жəйрем кентіндегі 6 референдум учаскесінің жұмысы таңғы сағат 6.00-де басталатын болып келісілді.
Учаскелік комиссиялар референдумға қатысушыларға өздерінің тұрақты мекен-жайларында тіркелген тізімге енгенін тексеру үшін тізімдер ұсынуда. Уақытша тіркелген азаматтар өз өтініштері бойынша тізімге енгізілетін болады. Өздерін тізімде таппаған əр азамат жергілікті атқару органына өтініш бере алады. Қазір референдумға қатысушыларға дауыс беру орны мен уақыты туралы қосымша хабарлануда. Олардың мекен-жайларына шақырулар жіберілді.
– Референдумға қатысушылар арасында мүмкіндігі шектеулі жандар да бар ғой. Олардың дауыс беруге қатысу құқықтары қалай сақталып отыр?
– Сұрағыңыз орынды. Бізде бұл мəселе де ескерілген. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға кедергісіз кеңістік ұйымдастыру мақсатында 15 референдум учаскелерінде бұрыштар арнайы кабинкалармен, трафарет, лупалармен жабдықталған жəне мекеме пандустары талапқа сай келеді. Аймақ бойынша 28 мүмкіндігі шектеулі сайлаушы бар, оның 12-і – арбаға таңылғандар, 11-і – нашар көретіндер жəне 5-і – нашар еститіндер. Дауыс беруге келе алмаған жағдайда өтініштері бойынша үй-жайдан тыс жерде дауыс беру ұйымдастырылады.
– «Бұл əн бұрынғыдан өзгеше» демекші, бұл дауыс берудің мəні мен маңызы бұрынғылардан мүлдем бөлек қой. Солай емес пе?
– Дұрыс айтасыз. Бұл дауыс беру бұрынғылардан мүлдем бөлек. Референдум кезінде «Сіз 2022 жылғы 6 мамырда бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заң жобасында жазылған «Қазақстан Республикасының Конституциясына енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды қабылдайсыз ба?» деген референдум сұрағына «иə» не болмаса «жоқ» деп жауап береді.
– Ал, мұны халыққа жете түсіндіру үшін комиссия мүшелерінің өзі жаңа жүйені жақсы білуі керек қой. Осы бағытта қандай жұмыстар атқарылды?
– Жаңа саяси жүйені елге толыққанды түсіндіру – маңызды істің ойдағыдай өтуінің басты кепілі. Осы мақсатта қалалық референдум комиссиясы референдумға қатысушыларды оқыту бойынша бірқатар жұмыс атқарды. Мəселен, учаскелік референдум комиссияларының құрамы үшін комиссия мүшелерінің міндетін ескере отырып, комиссия төрағаларына, олардың орынбасарларына, комиссия мүшелеріне арналған семинарлар өткізілді. Онда, дауыс берушілердің тізімдері, оларды шақыру, дауыс беру құжаттарын рəсімдеу бойынша комиссиялардың жұмысын ұйымдастыру мəселелері сөз болды.
Ең бастысы, осы жұмыстарды үйлестіретін қалалық жəне учаскелік референдум комиссия мүшелері «Республикалық референдум: құқықтық негіздер жəне референдум комиссиялары жұмыстарын ұйымдастыру» бағдарламасы бойынша қашықтықтан оқытылып, тестілеуден өтті.
Жалпы комиссия құрамы 90 адамды құрайды, оның 7-і қалалық, 83-і учаскелік референдум комиссияларының мүшелері. Сайлау бойынша тəжірибелері: қалалық комиссияда – 71 процент, учаскелік комиссияларда – 65 процент.
– Дауыс беру сағат нешеде басталып, нешеде аяқталады?
– Əлгінде айтып өткенімдей, Жəйрем кентіндегі референдум учаскелерінде дауыс беру сағат 6.00-де басталады. Ал, Қаражал қаласы мен Шалғы кентінде референдум бойынша дауыс беру сағат 7.00-ден 20.00-ге дейін жүргізіледі.
– Референдумның өту барысы жайлы репортаж əзірлеп, ақпарат беретін БАҚ өкілдері арнайы тіркеуден өткізіле ме?
– Міндетті түрде. «Республикалық референдум туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық Заңына сəйкес, Республикалық референдумды ұйымдастыру мен өткiзу кезiндегi жариялылық қарастырылған. Осы мақсатта референдум жұмысына қатысатын журналист міндетті түрде тіркеуден өтеді. Бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін аккредиттеу ҚР Мəдениет жəне ақпарат министрінің 2013 жылғы 21 маусымдағы №138 бұйрығымен бекітілген «Журналистерді аккредиттеу қағидаларының» 6, 7, 8-тармақтарына сəйкес жүзеге асырылады. Ол үшін бұқаралық ақпарат құралдары жергілікті референдум комиссияларына өз журналистерін референдумның іс-шараларына уақытша аккредиттеу туралы өтініш беруге тиіс. Онда мынадай деректер көрсетілуі қажет:
— журналистің тегі, аты, əкесінің аты, оның байланыс деректері;
— іс-шараның атауы жəне өтетін мерзімі;
— БАҚ туралы мəліметтер: БАҚ атауы, жеке тұлғалар үшін заңды мекен-жайы жəне заңды тұлғалар үшін орналасқан жері, БАҚ-тың байланыс деректері.
Өтінішпен қоса аккредиттелетін журналистің жеке басын куəландыратын құжаттың көшірмесі ұсынылады. Бұқаралық ақпарат құралының құрылтайшысы немесе бас редакторы өтініште көрсетілген журналист БАҚ қызметкері екенін растап, өтінішке қол қоюы тиіс.
– БАҚ өкілдері қандай жағдайда референдум жұмысына қатыстырылмайды?
– Референдум комиссиялары журналисті аккредиттеуден мынадай негіздер бойынша бас тартады:
— тиісті құжаттарды ұсынбаған жағдайда;
— бұқаралық ақпарат құралының өнімін таратуды немесе ақпарат құралын шығаруды тоқтату немесе уақытша тоқтату бойынша күшіне енген сот шешімі болған жағдайда;
— баспасөз басылымдарын, ақпараттық агенттіктерді, интернет-ресурстарды есепке қою жөніндегі уəкілетті органның реестрінде болмаса аккредиттеуден бас тартылады.
– Жерлестеріңізге айтар тілегіңіз…
– Республикалық референдум – əр қазақстандықтың еліміздің ертеңгі дамуына үлес қосуына мүмкіндік беретін тарихи оқиға. Сондықтан, өңір тұрғындарын референдумға қатысу құқығын жүзеге асыруда белсенділік танытуға шақырамыз. Əрқайсымыздың дауысымыз маңызды екенін ұмытпайық!
– Əңгімеңізге рахмет.
Сұхбаттасқан Ізтай БЕЙСЕНБАЕВ.