Сәрсенбінің сәтінде Жезқазғанда ҚР Ұлттық ғылым академиясы «Қуатты өңірлік ғылым – қуатты өңір» тақырыбында көшпелі отырыс өткізді.
Іс-шара аясында «Өңірлік дамудың басымдықтары» форсайт-сессиясы ұйымдастырылып, оған облыс әкімдігі, өнеркәсіп кәсіпорындары, жоғары оқу орындары мен ғылыми ұйымдар қатысты.
Сессия барысында «Kazakhmys Barlau» және «Жәйрем кен байыту комбинаты» кәсіпорындарының технологиялық міндеттері талқыланып, геологиялық барлауды тиімді ету, өндірісті цифрландыру, энергия тиімділігі мен экологиялық тұрақтылық мәселелері қаралды.
Арнайы назар «Kazakhmys Barlau» Геологиялық кластеріне аударылды. 11 млрд теңгеден астам құны бар кешенде заманауи керн қойма, зертханалар, оқу орталығы кітапхана, геология музейі және жаңа буындағы Ancorelog сканері жұмыс істейді.
Назарбаев Университеті мен басқа ғылыми ұйымдар кен өңдеуді цифрлық модельдеу, флотациялық процестерді интеллектуалды басқару сияқты инновациялық әзірлемелерін таныстырды.
Форсайт-сессия қорытындысында өңірдің технологиялық міндеттері нақтыланып, жаңа ғылыми-техникалық жобаларды әзірлеу бағыттары белгіленді.
