Ержан — ел чемпоны

Қараша айының 15-18 күндері Ақтөбе қаласында дзюдо күресінен ерлер мен әйелдер арасында Қазақстан Республикасының чемпионаты өтті. Оған 3 қала мен 17 облыстан іріктеу жарыстарды ұтқан 510 дзюдошы қатысты.

Жарыс шымылдығын Ақтөбе облысының әкімі, дзюдо күресінен әлем чемпионатының қола жүлдегері, Сидней Олимпидасының қатысушысы Асхат Шахаров пен Қазақстан Республикасының туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов ашып, дзюдошыларға сәттілік тіледі.

Аталған сайысқа Қаражал қаласынан ағайынды балуандар Қылыш пен Ержан Еренғайыповтар қатысты.

Ел чемпионатында 66 келі салмақ бойынша сынға түскен қаражалдық балуан Ержан Еренғайыпов Қазақстан Республикасының чемпионы атанды. Жеңіске жету жолында 6 кездесу өткізді. Бірінші айналымда жергілікті ақтөбелік дзюдошыны ұтқаннан кейін, Маңғыстау, Қарағанды, Қызылорда облыстарының дзюдошыларын ұтып, жартылай финалда ел чемпионы атанып үлгерген маңғыстаулық Бауыржан Нарбаевтан басым түсті. Финалда жарыс фавориттарын жолынан ығыстырған қызылордалық Бозша Ердәулетпен кездесті. Негізгі уақытта кездесу тең аяқталды. Қосымша уақытта Ержан өзінің сүйікті әдісін жасап, қарсыласын вазари ұпайымен жеңді. Бұл салмақты Олимпиада чемпионы Елдос Сметов марапаттап, Ержанға чемпиондық медальді мойнына іліп, жеңісімен құттықтады.

Досан ДУЛЫҒАЛЫ