Ерлан Қарин: Президент жаңа тұжырымдамаларды талқылауға ұсынады

Президент жаңа тұжырымдамалар мен идеологемаларды талқылауға ұсынады. Бұл туралы «Қазақстанның саяси трансформациясы: үрдістер мен келешек» сарапшылық форумында ҚР Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Жаңа әдеп мен жаңа құндылықтарды ілгерілету қажет. Президент өңірлерге сапарында бұған назар аударып, еңбек ғұрпын, білімнің маңыздылығын, өзара көмек пен ынтымақтастық құндылығын насихаттауы кездейсоқ емес. Сонымен қатар Президент ұлттық бірегейлікке жаңа көзқарас қалыптастырды. Оның басты символы – көк паспортымыз», – деді Ерлан Қарин.

Оның атап өтуінше, Президенттің көк паспортымыз туралы айтқан сөзінде азаматтық бірегейлікке деген үндеуі бар.

«Мемлекет басшысы жаңа тұжырымдамалар мен жаңа идеологемаларды талқылауға ұсынады», – деді ол.

Мемлекеттік кеңесші елімізде «Мәдени мұра», «Рухани жаңғыру» және басқа да бағдарламалар іске асырылғанын атап өтті.

«Олар мәдени мұраны сақтауда, руханиятты, тарихи сананы дамытуда рөл атқарды. ҚСЗИ жаздан бастап, қоғамдық құндылықтардың базалық матрицасы мәселелерімен айналысып жатыр. Бұл ауқымды жұмыстың философия, саясаттану, әлеуметтану, тарих және мәдениеттану саласындағы жетекші сарапшылардың ортақ жобасы болғаны дұрыс болар еді», – деді Ерлан Қарин.