Ұлытау өңірінің мақтанышына айналған қарапайым еңбек адамы, Қаражал қаласының тұрғыны Виктор Захаров Қазақстан Республикасы Президентінің қолынан III дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденін алды. Бұл – адал еңбекпен, маңдай термен келген мәртебелі марапат.
9 шілде күні Елорда төрінде еліміздің су шаруашылығы қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне арналған салтанатты жиын өтті. Бұл шара – елдің дамуы мен халық игілігі үшін тынымсыз еңбек етіп жүрген мамандарға деген шынайы құрметтің көрінісі. Кәсіби мереке аясында түрлі сала үздіктері марапатталып, олардың қажырлы еңбегі жоғары бағаланды.
ТӘЖІРИБЕЛІ МАМАН, ТАЛАПТЫ ТҰЛҒА
Виктор Владимирович өзінің еңбек жолын сонау 1979 жылы бастаған. Содан бері бір салада тынымсыз тер төгіп, халыққа қалтқысыз қызмет етіп келеді. Қазіргі таңда ол «Қаражал қаласы әкімдігінің қалалық коммуналдық шаруашылығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнында слесарь болып жұмыс істейді. Бұл – оңай шаруа емес. Жауапкершілігі мол, үнемі ізденісті, ептілікті, төзімділікті қажет ететін мамандық.
Жұмысында ол өз ісіне адал, тәртіпті, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары маман ретінде ерекшеленеді. Ұжымда сыйлы, әріптестері арасында беделді. Жауапты тапсырмаларды мүлтіксіз орындайтын, кез келген қиындықтан жол таба білетін маман.
ЕҢБЕГІНЕ – ЕЛ АЛҒЫСЫ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев кәсіби мерекеге арналған салтанатта сөйлеген сөзінде: «Су шаруашылығы – ұлттық қауіпсіздіктің бір тармағы. Бұл салада еңбек ететін мамандардың рөлі ерекше. Олардың жұмысы әрдайым мемлекеттің айрықша назарында» – деп атап өтті.
Бұл – су шаруашылығы саласының стратегиялық маңызын ғана емес, онда еңбек етіп жүрген жандардың маңыздылығын да білдіреді. Олардың тынымсыз еңбегі – елдің игілігіне бағытталған ізгі істердің іргесі. Осы ретте Виктор Захаровтың еңбегіне берілген жоғары марапат – жай ғана орден емес, ол – бүкіл еңбек адамына, қарапайым жұмысшыларға көрсетілген құрмет пен қошемет. Оның бойындағы еңбекқорлық, табандылық, кәсібіне деген сүйіспеншілік – өскелең ұрпаққа үлгі боларлық қасиеттер.
ҚАРАПАЙЫМ ЕҢБЕКТІҢ БИІК БАҒАСЫ
Бүгінде қоғамда қарапайым жұмысшының, еңбек адамының абыройын көтеру – маңызды міндеттердің бірі. Өйткені, ел экономикасының тірегі саналатын сала мамандары – нағыз еңбек майдангерлері. Олар күн сайын көзге көрінбейтін, бірақ аса маңызды жұмыстарды атқарып, халықтың тыныс-тіршілігін қамтамасыз етіп отыр.
Виктор Владимировичтің өмір жолы – адал еңбекпен абыройға жетудің айқын дәлелі. Мұндай азаматтар – елдің нағыз жанашыры, қоғамның алтын діңгегі. Олар – үнсіз жүріп, үлкен іс тындыратын, қолымен жасап, елдің қажетіне жарайтын тұлғалар.
ТҮЙІН
Мемлекеттік награда – еңбектің еленуі. Бұл марапат арқылы тек Виктор Захаровтың ғана емес, Қаражал қаласындағы және еліміздің түкпір-түкпіріндегі мыңдаған еңбек адамдарының еңбегі бағаланып отыр. «Еңбек Даңқы» орденінің иегері атану – зор құрмет, үлкен жауапкершілік. Осы марапатқа лайықты болу – маңдай тер мен ұдайы ізденістің жемісі.
Қарапайым еңбектің қадірі артқан қоғам – өркениетке бет алған елдің белгісі. Виктор Владимирович сынды азаматтар барда сол биіктен таймай, болашаққа нық сеніммен қадам басамыз.