Тәуелсіздіктің тұғыры, егемендіктің еңселі белгісі – Мемлекеттік рәміздер күні ел көлемінде кеңінен атап өтілуде. Тәуелсіз Қазақстанның заңдық негіздегі Мемлекеттік Туы, Елтаңбасы мен Гимні алғаш рет бекітілген бұл тарихи күн – әрбір азаматтың жүрегінде мақтаныш сезімін ұялатып, отаншылдық рухты асқақтататын ерекше мерейлі сәт.
Кеншілер өлкесі, қазыналы Ұлытау облысының ажарлы қаласы Қаражалда да бұл айтулы мереке өз деңгейінде сән-салтанатымен ашылды.
4 маусым күні Қаражал қаласының Рәміздер алаңында «Рәміздерім — елдігімнің белгісі» атты қалалық мерекелік шара ұйымдастырылды.
Салтанатты жиынға қала тұрғындары, ардагерлер, зиялы қауым өкілдері, мекеме басшылары, қоғамдық қауіпсіздік қызметкерлері мен белсенді жастар қатысты.
Сән-салтанаты жарасқан жиынның шымылдығы білім мен тәрбиенің, жарқын болашақтың символы болған мектеп оқушыларының, Қаражалдың мақтаныштарының шеруімен ашылды. Мойындарына медальдерін асынған қаламыздың мақтаныштарының көк байрақты биік ұстаған бейнесі жиналған көрермендердің делебесін қоздырып, еріксіз мақтаныш сезімін ұялатты.
Мерекенің ресми бөлімінде Қаражал қаласының әкімі Айқын Елеусізов сөз сөйлеп, тұрғындарды айтулы күнмен құттықтады. Қала басшысы өз сөзінде рәміздердің мемлекеттік маңызына тоқталып, аймақтың әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси өміріне үлес қосқан бірқатар азаматтарға мемлекеттік марапаттар мен алғыс хаттар табыс етті.
Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Бейсембек Дүйсенбаев «Ерен еңбегі үшін» медалімен, көпбалалы аналар Әсем Рахымжанова мен Арайлым Сулейменова «Күміс алқа» төсбелгісімен, ал Қаражал қалалық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Ерсін Нүркен Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алғыс хатымен марапатталды.
Сонымен қатар, Ұлытау облысы әкімінің Алғыс хатымен Қаражал қаласының орталықтандырылған кітапханалар жүйесі директорының орынбасары Назира Асанова және қала әкімінің Құрмет грамотасымен мәдени-сауық орталығының директоры Гүлім Аханова марапатталды.
Аймақтың дамуына қосқан үлесі үшін қала әкімінің Алғыс хатымен №73 учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы Алма Абдразахова, №74 комиссия төрағасы Кулшат Мусина, №75 комиссия төрағасы Анар Кушкимбаева, №72 комиссия төрағасы Құралай Жиенбаева, №71 комиссия төрағасы Бота Жексембаева, №70 комиссия төрағасы Гүлнұр Тускенова, №69 комиссия төрағасы Ива Абиева, №65 комиссия төрағасы Оксана Калашникова, №64 комиссия төрағасы Бұлбұл Абенова, №63 комиссия төрағасы Бақыт Мамина, спорт нұсқаушысы Сырым Тұрабай, №7 жалпы білім беретін мектептің мұғалімі Аягүл Абильдина, Жастар ресурстық орталығының психологы Дильназ Ергалиева, Жәйрем кенті әкімі аппаратының бас маманы Жамила Султанова, сондай-ақ, жеке кәсіпкерлер Қарлығаш Шакенова мен Дарайым Қуатова марапатталды.
Бұдан бөлек, елдің сайлау жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін №68 учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы Жұмағали Альмағамбетовке ҚР Орталық сайлау комиссиясы төрағасының Құрмет грамотасы салтанатты түрде табысталды.
Салтанатты кештің қорытынды аккорды ретінде алаңға жиналған қала тұрғындары мен қонақтары қазақ вальсінің королі, белгілі композитор Шәмші Қалдаяқовтың «Атамекен» әнін біркісідей қосыла шырқады.
Көк аспан астында қалықтаған патриоттық ән Қаражал төріндегі мерекені жоғары нотада түйіндеді.
Жазира СЕЙДҒАБИҚЫЗЫ
