Еліміздегі елеулі оқиға – Қазақстан Республикасы Президентін ұлықтау рәсіміне барып, қатысып келдім. Бұл мен үшін есте қаларлық ерекше оқиға болды.
Инаугурацияға мыңдаған адам қатысты. Еліміздің ғана емес шетелдік саясаткерлер мен ғалымдар қатысқан мұндай тарихи оқиғаға қатысу мен үшін үлкен құрмет. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың халық алдында еліміздің Ата заңын ұстап тұрып, Отан үшін атқарылатын қызметінде адалдық танытуға Ант беруін өз көзіммен көрдім. Керемет әсер алдым. Президентіміздің мойнында қаншама міндет тұр, қаншама жүк тұр. Соның барлығын атқаруға да қаншама жігер мен күш-қайрат керек. Сол қажеттінің барлығы біздің Президентіміздің жалынды сөздері мен жарқыраған жанарынан анық байқалды.
– Халқының қолдауына ие болып, ел тізгінін ұстау – ең биік мәртебе әрі орасан зор жауапкершілік. Алдағы 7 жылды бүгінгі буынның және келешек ұрпақтың алдындағы борышымды өтеуге берілген бірегей мүмкіндік деп білемін.
Қазақта «аманат» деген асылұғым бар. Халқымның сенімі – маған аманат. Осы аманатқа адал болу – мен үшін қасиетті парыз. Ел үмітін ақтап, Қазақстанды өркендеген, бақуатты мемлекетке айналдыру үшін қолымнан келгеннің бәрін жасаймын, – деген Президент сөзіне жиналғандар зор қошемет көрсетті.
Мемлекет басшысының алдағы 7 жылға қойған жоспары ауқымды. Ол кісінің «қазір – сайлаудағы жеңісті тойлайтын кез емес, аянбай еңбек ететін кез. Сол себепті арқаны кеңге салмай, бірден іске кірісуіміз керек, босаңсуға болмайды», – деген сөздері маған қатты ұнады.
Ауылды өркендету ісіне баса назар аударғаны да үлкен көрегендіктің белгісі. Бүгінде Қазақстан халқының 40 пайызға жуығы ауылда тұрады. «Ауыл – ел бесігі» деп халқымыз бекер айтқан жоқ. Сондықтан ауылдағы жағдайды жақсарта алмасақ – бәрімізге сын. Сол үшін мен бүгін ауылды дамыту мәселесі туралы Жарлыққа қол қоямын, дегені ауылда тұратын көптеген елдің асқақ арманының орындалуына апарар жол деп білемін
Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаевтың қарапайым еңбек адамдарына барынша көңіл бөлу керектігі жайында айтқаны да маған ерекше дем берді. Өзім еңбек етіп отырған «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ-да 2000-ға жуық адам еңбек етеді. Қарапайым жұмыскерлерге қолайлы жұмыс орнын, тиісті тамақтандыру орындарын, атқарған қызметіне сай жалақысын қамтамасыз етуге біз де барымызды саламыз. Жұмыскерлердің әлеуметтік жағдайларын да назардан тыс қалдырған емеспіз.
Айдос СЕРІКОВ,
«Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ тұрақты даму жөніндегі атқарушы директоры.