Жылумен жабдықтау – ерекше бақылауда

Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында «Жылыту маусымының барысы туралы» брифинг өтті, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Баспасөз мәслихатына Ұлытау облысы әкімінің орынбасары Ұлантай Үсенов, Жезқазған қаласының әкімі Қайрат Шайжанов, ҚР энергетика министрлігі атом және энергетикалық қадағалау және бақылау комитетінің Ұлытау облысы бойынша аумақтық департаментінің басшысы Наурыз Қияшов, Жылу-энергетика орталығының директоры Мадиар Алтыбаев және Жезқазған қалалық «Жылу және сумен жабдықтау кәсіпорны» АҚ директоры Ахметулла Мырзалиев қатысты.

Брифингте Жезқазған ЖЭО-ның қазіргі жағдайы егжей-тегжейлі сөз болды. ҰлантайҮсенов атап өткендей, бұл нысан жыл бойы жұмыс істейді және оның нақты жұмыс жоспары бар. Соған сәйкес қазіргі уақытта мамандар № 4 және 8 қазандық агрегаттарына күрделі жөндеу жүргізіп, сондай-ақ №10 қазандық агрегатын ауыстыруда. Барлығы кесте бойынша жүруде. ЖЭО-ға қойылатын талаптар қолданыстағы заңнамаға сәйкес келеді. Жезқазған жылу электр орталығының сенімділігі ҚР Энергетика министрлігінің Атом және энергетикалық қадағалау және бақылау комитеті берген дайындық төлқұжатымен расталған.

Аталмыш уәкілетті органның өкілі Наурыз Қияшов бұл ақпаратты растады. «Бір-екі күн бұрын ауа райының күрт салқындауына байланысты болған 15 градусқа дейін қызбау жағдайына келетін болсақ, оны мамандар жабдықтың істен шығуының екінші дәрежесі деп атайды. Жылу энергетикасының мұндай жағдайына үнемі дайын болғандықтан, бұл аса қауіпті емес. Жағдай тез түзетілді», – дейді өкіл.

Баспасөз мәслихаты барысында спикерлер мына мәселелерді айрықша атап өтті: ЖЭО штаттық режимде жұмыс істейді. Осы режимдік нысандағы жағдай жергілікті билік пен бейінді ведомствоның бақылауында. Мәселен, 1 желтоқсандағы жағдай бойынша ЖЭО-да 4 қазандық агрегаты және 3 турбоагрегат жұмыс істейді. 24 тәулікке арналған көмірдің нормативтік қоры бар (110 550 тонна). Барлық тұрғын үйлер мен әлеуметтік мәдени тұрмыстық нысандар қажетті көлемде жылумен қамтамасыз етілген. -7ºС атмосфералық ауа температурасында 3-ЖМ үшін жылу электр орталығынан жылу беру 84/70 градус, 9-ЖМ үшін – 89/60 градус, 11-ЖМ үшін – 88/57 градус болды (бекітілген температура кестесінде сәйкесінше 80/50 градус).

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ