Жастар – кез келген қоғамның болашағы мен қозғаушы күші. Мемлекеттің тұрақты дамуының негізі – бәсекеге қабілетті жастар буыны. Сондықтан да, келешегін ойлаған мемлекет бүгінгі жастардың жағдайын тасада қалдырмаса керек. Осыған орай, 12 тамыз – Халықаралық жастар күні аясында орталық алаңда қаламыздың белсенді де жалынды жастарына, қала тұрғындарына арналған «Жалынды жастар, жарқын болашақ» атты концерттік бағдарламаның куәгері болып қайттық.
Әлбетте, ең алдымен алғы сөзді Қаражал қалалық мәслихатының төрағасы Зәмзагүл Оспанова алып, барша қала жастарын айтулы мерекемен құттықтап, ақжарма тілегін білдірді.
– Бүгінде жастарға деген қамқорлық барлық салада көрініс беруде. Елімізде қабылданып жатқан мемлекеттік бағдарламаларда жастардың рөлі мен белсенділігіне айрықша мән берілген. Сіздерге мемлекет тарапынан мол мүмкіндіктер қарастырылып отыр, – дей келе, қаламыздың белсенді жастарын марапаттауға кірісті.
Атап айтсақ, еліміздің жастар саясатын дамытуға бағытталған іс-шараларды жүзеге асыруда танытқан белсенділігі үшін Қазақстан Республикасы мәдениет және ақпарат министрлігінің Алғыс хатымен Қаражал қаласының №7 жалпы білім беретін мектебінің мұғалімі Мағжан Ноянұлы марапатталды. Сондай-ақ, халықаралық жастар күніне орай Қаражал қаласы әкімінің алғыс хатымен «Қаражал қаласының жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімі» мемлекеттік мекемесінің бас маманы Ерлан Сембек, «Қаражал қаласы әкімдігінің қалалық коммуналдық шаруашылығы» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорынның заңгері Айткүл Әли және «Өркен-Атасу» ЖШС «Өркен» өкілдігінің «Батыс Қаражал» кенішінің ағаш кесу және жөндеу-құрылыс учаскесінің ағаш ұстасы Владимир Шестернин мадақталды.
Айтулы мейрамға жиналған дүйім жұрт пен жалынды жастар құрметіне Халықаралық ән байқауының дипломанты, облыстық байқаулардың жеңімпазы, ән әлемінде өзіндік қолтаңбасы қалыптасқан жас дарын Балауса Абдуалиева мен республикалық және облыстық байқаулардың жеңімпазы, Жезқазған қаласының жас әншісі Бекболат Сәтжан өнер көрсетті.
Еліміздің ертеңі, мемлекетіміздің жарқын болашағы білімді де, білгір жастардың қолында. Жастар алдыңғы буын ағалардың жолын лайықты жалғастырып, өздерінің сенімді ізбасар екенін дәлелдеуде. Бүгінде жастар қоғамның қозғаушы күші ретінде озық идеяларымен қаруланып, еліміздің дамып, өркендеуіне барынша үлес қосатындарына нық сенімдіміз.
Мөлдір ХАМИТҚЫЗЫ