Экстремистік идеологияның алдын алу

Қазіргі уақытта экстремистік идеология – қоғамдағы қауіпсіздікке қауіп төндіретін өзекті мәселелердің бірі. Мұндай идеология адамдарды, әсіресе, жастарды, радикалды көзқарастарға итермелеп, қоғамда алауыздық тудырудың нәтижесінде өшпенділіктің пайда болуына апарады.

Экстремистік топтар көбіне ғаламторда, әлеуметтік желілерде өз идеяларын таратып, жалған ақпаратпен діни әрі саяси ұрандарды пайдалану арқылы адамдардың санасына ықпал етеді. Сол себепті әрбір азамат ақпаратты сыни тұрғыдан бағалай біліп, күмәнді дереккөздерден барынша сақ болуы, сондай-ақ, заң талаптарын құрметтеуі өте маңызды.

Экстремистік идеологияның алдын алу үшін жанұяда, білім беру ұйымдарында, діни қауымдастықтар мен мемлекеттік мекемелерде өзара ынтымақты көрсете білу ерекше рөл атқарады. Жастардың құқықтық және діни сауаттылығын арттыру, ұлттық және рухани құндылықтарды дәріптеу, сыйластық мәдениетін қалыптастыру экстремизмге төтеп берудің тиімді жолдары болып саналады.

Ең бастысы, азаматтар күмәнді ұйымдардың қызметіне араласпай, ресми әрі сенімді ақпарат көздеріне ғана жүгінуі керек. Қоғамның әрбір мүшесі бейбітшілік пен келісімді сақтауға өз үлесін қосқанда ғана тұрақты әрі қауіпсіз мемлекет қалыптастыра аламыз.

Талғат СОВЕТОВ,

Қаражал қалалық «Нұр» мешітінің бас имамы.