Экологиялық мәдениетті дамыту жолында

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жарияланған Халықаралық волонтерлер жылы аясында Маңғыстау облысында Каспий теңізінің бірегей экожүйесін сақтау мәселелеріне арналған ең ірі халықаралық экологиялық шаралардың бірі – «Caspian Sea Action Week–2026» халықаралық волонтерлік апталығы жоғары деңгейде өтті. Каспий маңы мемлекеттерін ортақ мақсатқа жұмылдырған ауқымды бастамаға Қазақстанмен қатар Әзербайжан, Ресей, Түрікменстан, Иран, Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстаннан келген екі мыңнан астам қатысушы қатысты.

Халықаралық деңгейдегі маңызды іс-шараға «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ Кәсіподақ ұйымы жанынан құрылған «Өндіріс волонтерлері» тобының белсенді мүшелері Ербол Боликулов пен Шыңғысхан Жекенов те қатысып, туған өңірдің еріктілер қозғалысының тәжірибесін таныстырып қайтты. Каспий теңізі күні қарсаңында ұйымдастырылған апталықтың басты мақсаты — Каспий теңізінің экожүйесін қорғауға қоғам назарын аудару, экологиялық мәдениетті дамыту және өңір елдерінің ынтымақтастығын нығайту болды. Халықаралық апталықтың ашылу салтанатына Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай, халықаралық ұйымдардың өкілдері, Каспий маңы мемлекеттерінің ресми делегациялары, жетекші сарапшылар, жастар ұйымдары мен волонтерлер қатысты. Салтанатты рәсімде сөз сөйлеген облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай: — Каспий теңізі мемлекеттік шекараларды мойындамайды. Сондықтан, оның болашағына деген жауапкершілік те бәрімізге ортақ. «Caspian Sea Action Week–2026» халықаралық волонтерлік апталығы жаңа бірлескен экологиялық жобалардың бастауына айналады деп сенемін, – деп атап өтті. Апталық бағдарламасы мазмұнды әрі ауқымды болды. Қатысушылар халықаралық семинарлар мен дөңгелек үстелдерге қатысып, экологиялық мониторингтің заманауи тәсілдерін талқылады. Сондай-ақ, «Бір Каспий — бір болашақ» фасилитациялық сессиясы, TED форматындағы кездесулер, халықаралық хакатон, жағалау тазалау акциялары мен экологиялық экспедициялар ұйымдастырылды. Апталықтың ең маңызды іс-шараларының бірі Ақтау қаласында өткен «Caspian Clean Challenge» халықаралық экологиялық марафоны болды. Волонтерлер плоггинг форматында Каспий жағалауын тазалап, тұрмыстық қалдықтарды жинап, оларды сұрыптау жұмыстарын жүргізді. Осы күні Каспий өңірі елдерінің достығы мен ынтымақтастығын білдіретін «Каспий өңірі волонтерлерінің достық аллеясы» ашылып, онда 80-нен астам ағаш отырғызылды. Сонымен қатар, келер ұрпаққа арналған үндеулер салынған арнайы уақыт капсуласы қойылды. Бағдарлама аясында қатысушылар Бозжыра шатқалына барып, табиғи ескерткіш аумағында экологиялық сенбілік өткізді. Ал «Caspian Innovation Lab» халықаралық хакатонында жастар Каспий теңізінің экологиялық мәселелерін шешуге бағытталған инновациялық жобаларын таныстырды. Халықаралық апталыққа қатысқан жәйремдік белсенді волонтерлер бұл сапар өздеріне үлкен әсер қалдырғанын айтады. Ербол Боликуловтың айтуынша, мұндай халықаралық алаңдар еріктілер қозғалысының дамуына серпін береді. — Біз Ұлытау облысынан бес делегат болып бардық. Осындай ауқымды әрі мазмұнды халықаралық апталыққа қатысуға мүмкіндік беріп, ел көріп, жер көріп, рухани байып қайтуымызға қолдау көрсеткен өзім еңбек ететін «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ Басқарма төрағасы Еркебұлан Қуандықов мырзаға шынайы алғысымызды білдіреміз. Бұл сапар барысында өзіміздің осы уақытқа дейін ерікті түрде атқарып жүрген игі істеріміз туралы айтып, тәжірибемізбен бөлістік. Сонымен қатар, шетелден келген және еліміздің түрлі өңірлерінен жиналған волонтерлердің жобаларымен танысып, өзара тәжірибе алмастық. Көптеген жаңа достар тауып, жаңа идеялармен қанаттанып қайттық, – дейді ол. Ал Шыңғысхан Жекенов халықаралық апталықтың тек экологиялық жоба ғана емес, үлкен рухани мектеп болғанын атап өтті. — Бұл апталық біздің өміріміздегі ерекше оқиғалардың бірі болды. Әртүрлі мемлекеттерден келген еріктілермен араласып, олардың қоғамға қызмет ету жолындағы бастамаларымен таныстық. Табиғатты қорғау мәселесінде адамдарды ұлтқа, тілге немесе мемлекетке бөлмейтін ортақ құндылықтар бар екенін тағы бір мәрте сезіндік. Бір апта ішінде рухани байып, көптеген ниеттес достар таптық. Экологиялық мәдениетті қалыптастырудағы жаңа тәжірибелерге қанықтық. Шын мәнінде, білім мен әсерге толы, керемет демалыс сыйлаған тамаша апталық болды, – дейді өндіріс волонтері. «Caspian Sea Action Week-2026» халықаралық волонтерлік апталығы экологиялық акцияларды, ғылыми пікірталастарды, жастардың бастамаларын және халықаралық ынтымақтастықты бір арнаға тоғыстырған маңызды алаңға айналды. Каспийдің болашағы үшін жауапкершілікті сезінетін мыңдаған еріктілердің басын қосқан бұл жоба қоршаған ортаны қорғау бағытындағы нақты әрекеттердің үлгісін көрсетті. Ал Жәйремнен барған еріктілер өз тәжірибелерімен бөлісіп қана қоймай, жаңа білім мен тың идеяларға қанығып, өңірдегі волонтерлік қозғалысты одан әрі дамытуға жаңа серпін алып қайтты. Осындай халықаралық деңгейдегі бастамаларға қатысу жастардың азаматтық жауапкершілігін арттырып, табиғатқа жанашырлық мәдениетін қалыптастыруға ықпал ететіні сөзсіз. Каспий жағалауында басталған игі іс болашақта да өңірлер мен елдерді бір мақсатқа біріктіретін маңызды экологиялық қозғалыс болып қала бермек.

 Гауһар НАУРЫЗБАЕВА.