Ел дамуының басты тірегі – адал еңбек. Қай уақытта да қоғамның шынайы күші қарапайым еңбек адамдарының маңдай тері мен табанды еңбегінен құралады. Осындай еңбекқор да төзімді жандардың жарқын өкілдерінің бірі – «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ-ның ұзақ жылдар бойғы жұмыскері, өз ісінің нағыз шебері Расоль Шопан.
Расоль Шопан 1967 жылдың 22 наурызында Моңғол Халық Республикасының Баян-Өлгий аймағындағы Қызыл-Қайың ауылында дүниеге келген. Қарапайым отбасының тәрбиесін көріп, төрт баланың бірі ретінде ерте жастан еңбекке араласты. Балалық шағынан бастап тіршіліктің қадірін түсініп өскен ол, қай істі болса да жауапкершілікпен атқаруға дағдыланды.
1975 жылы мектеп табалдырығын аттап, 1985 жылы орта білімін аяқтап шықты. Жастық жігері кемел шақта ол Отан алдындағы азаматтық борышын өтеуге аттанып, 1985–1988 жылдары әскери қызметте болды. Әскер қатарында жүріп ол жүргізуші мамандығын меңгеріп, ЗИЛ-131 автокөлігін тізгіндеді.
Әскери өмір тәртібі мен тәрбиесі оның бойындағы табандылық пен төзімділікті шыңдап, болашақ кәсіби жолына берік негіз қалады. Әскерден оралған соң да білімге деген құштарлығы бәсеңдеген жоқ. 1989–1991 жылдары Ұланбатыр қаласындағы мәдени-ағарту училищесінде оқып, киномеханик мамандығын игерді.
Бұл оның өміріндегі жаңа белес, жаңа бағыт болды. Дегенмен, қандай салада еңбек етсе де, Расоль Шопан үшін ең бастысы – адалдық пен жауапкершілік еді.
1991–1993 жылдары Қызыл-Қайың аудандық халық театрында ГАЗ-66 автокөлігінің жүргізушісі болып еңбек етіп, өңірдің мәдени өміріне де өзіндік үлесін қосты.
1993 жыл оның өміріндегі тағдыршешті кезеңге айналды. Осы жылы тарихи Отаны – Қазақстанға қоныс аударып, жаңа өмірге батыл қадам жасады. Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданындағы Жеңіс совхозына орналасып, еңбек жолын жалғастырды.
Ел тәуелсіздігінің алғашқы жылдарындағы қиындықтарға қарамастан, ол қажырлы еңбек пен табандылықтың арқасында кез келген сынақты еңсере білді.
1996 жылдың мамыр айынан бастап Расоль Шопан «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ-ның сол кездегі АТК цехына БелАЗ жүргізушісі болып жұмысқа орналасып, ол жерде көптеген жылдар бойы еңбек етті. 2013 жылдан бастап техникалық күтіп қарау және жөндеу жұмыстары басқармасында ашалы жүк тиегіш машинисі болып еңбек етіп келеді.
Содан бері бір ұжымда үздіксіз еңбек етудің өзі оның кәсібіне деген адалдығының жарқын дәлелі. Жұмыс барысында ол әрқашан жоғары жауапкершілік танытып, кәсіби шеберлігімен ерекшеленді. Әріптестері арасында абыройлы, басшылық тарапынан сенімге ие бола білген ол – ұжымда сыйлы азамат.
Оның еңбегі тек өндірістік көрсеткіштермен ғана емес, адамгершілік қасиеттерімен де бағаланады.
Расоль Шопанның өмір жолы тек еңбек майданындағы табыстармен шектелмейді. Оның өміріндегі ең үлкен құндылықтардың бірі – отбасы.
1992 жылы Шайполдақызы Сандуғашпен отау құрып, өнегелі шаңырақ көтерді. Ерлі-зайыптылар екі қыз, бір ұл тәрбиелеп, оларды адал еңбекке, адамгершілікке баулып өсірді.
Өкінішке қарай, 2015 жылы өмірлік серігінен айырылып, ауыр қайғыны бастан өткерді. Дегенмен, ол тағдырдың бұл сынағына мойымай, отбасының тірегі бола білді.
2018 жылы ол өмірінің жаңа кезеңін бастап, Мая есімді жанмен тағдырын тоғыстырды. Бүгінде жұбайы асхана саласында еңбек етіп, отбасына тірек болып отыр.
Балалары да әке тәрбиесінің өнегесін алып, әрқайсысы өз саласында табысты еңбек етуде. Үлкен қызы Айдана медицина саласында қызмет атқарып, адам өмірін сақтауға үлес қосып келеді. Ұлы Еламан Теміртау қаласында электр монтаждау саласында еңбек етіп, техникалық салада өз орнын тапқан. Ал кенже қызы Айгерім мектепке дейінгі білім беру саласында тәрбиеші болып, жас ұрпақты тәрбиелеуде.
Шопан аға бос уақытында қара шаңырақта отырған бауырларының мал шаруашылығына аздап қолғабыс етеді. Жаяу серуендегенді ұнатады. Кітап, газет оқығанды жаны қалайды.
Расоль Шопан – өмірін еңбектен бөліп қарамайтын, адалдықты ту еткен, қиындыққа мойымайтын нағыз еңбек адамы. Оның өмір жолы табандылық пен төзімділіктің, еңбекқорлық пен жауапкершіліктің айқын көрінісі.
Осындай жандардың арқасында ел экономикасы дамып, қоғамның іргесі нығаяды. Ол тек өз отбасының ғана емес, тұтас қоғамның тірегі. Жұмыс орнында үлгі, отбасында қамқор әке, ортада сыйлы азамат ретінде ол кейінгі ұрпаққа үлгі боларлық тағылымды өмір кешіп келеді.
Осындай еңбек адамдарының ғұмыры ел игілігінің кепілі. Расоль Шопанның мағыналы өмір жолы адал еңбектің мәңгілік құндылық екенін дәлелдейтін өнегелі тағдыр.
Теректі ШАҒАТАЙ.
