Еңбекпен өрілген өмір

Әрбір адамның бақытты және табысты болғысы келетіні белгілі. Әрекетшіл, өмір айдынында әлдебір нәрсеге қол жеткізуді қалайтын жандар келешекте жетістікке жетуге мақсатты жоспар құрады. Осындай жігерлі жалын жүректі жандар арамызда жетерлік. Солардың қатарында Ұлтусын Балмағанбетова да бар.

Ұлтусын Бірнәзірқызы жоғары білімді маман болмаса да өз бақытын еңбектен тапқан жан. Ол 12 балалы отбасында өсті. Әкесі Бірнәзір Балмағамбетов Ақтау ауылының Райс бөлімшесінде ұзақ жылдар малшы болып еңбек етті. Үйдегі 12 бала да сол малмен көзін ашты. Он екі баланың жетіншісі осы Ұлтусын. Оның бұл атты еншілеуі де қазақы ырымға байланысты. Алғашқы балалары ғана ұл болған Бірнәзір мен Сара келесі балаларымыз ұл болса екен деп ырымдап бұған «Ұлтусын» деген ат қойды. Айтқанындай бір қыздан кейін өмірге ұл келді. Сол кездегі әкесі мен шешесінің қуанышында шек болмаған шығар деп ойлайды Ұлтусын.
Ақтау ауылындағы орта мектепті интернатта жатып бітірген балалардың дені өз қалауларымен оқу іздеп, мамандықтарын таңдады. Тек Ұлтусын ғана ата-анасы мен бауырларына қарайлап жоғары оқу орнына бара алмады.
Сол кездегі ауыл балалары сияқты Ұлтусын да еңбекке ерте араласты. Сегізінші сыныпты бітірген соң ауылдағы қырқым пунктінде қырықтықшы болып еңбек етті. Ер азаматтардан кем түспей бір күнде жүзден артық қой қырқып, межені асырып жүрді. Ол еңбегі ескерусіз қалмады. Сол кездегі совхоз басшылары оны мақтап, көпке үлгі ететін.
– Мен мектеп бітірген жылы анам қатты сырқаттанып қалды. Алдымдағылар сыртта болғандықтан үйдегі шаруа менің мойныма түсті. Анамды күту, бауырларыма қарауым керек болды. Жоғары оқу орнын қойдым да совхоздың қат-қабат келетін шаруаларына араластым. Қой қырықтым, әкеме көмекші болдым. 1993 жылдан 1997 жылға дейін осындай қара жұмыстарда жүріп, өзім туып-өскен Райс ауылының азаматы Нұрсейіт Дүйсенбаев деген жігітке тұрмысқа шықтым. Бұл кезде кеңшарлар тарап, шаруа қожалықтары құрылып жатқан еді. Нұрсейіт те ауылда мал баққан жігіт еді. Совхоз тарағанда шаруа қожалығын құрды. Екеулеп соны айналдырдық, – дейді Ұлтусын өзінің жастық шағын еске алып.
Қазір Ұлтусын Балмағанбетова қазыналы Қаражал қаласының тұрғыны, көп балалы ана. 2000-шы жылдардың басында осы өңірге көшіп келген еді. Әуелі он жылдай Қылыш ауылында тұрды. 2018 жылы Қаражалға қоныс аударды. Бүгінде ол 7 бала туып, тәрбиелеп өсіруде. Негізі он құрсақ көтерген екен. Алайда үш ұлы ерте шетінеп кетсе керек.
– Менің шешем де қызды болған еді. Мен де күміс қасықтай қыздар тәрбиелеп отырмын. Балаларымның алды өз алдарына үйлі-баранды болып кетті. Үлкен қызым Құралай Қарағанды қаласындағы медакадемияны бітірген. Қазір Қаражал қаласындағы ауруханада дәрігер. Екінші қызым Гүлден осы жерде, лаборанттық оқуды бітірген. Қазір шахтада, зертханада жұмыс істейді. Кезінде өзім оқи алмадым да қыздарымды қатарынан қалдырмадым. Одан кейінгі екі қызым да Жезқазған қаласындағы медициналық колледжде оқып жатыр, – дейді Ұлтусын отбасы жайлы әңгімелей келіп.
Айтпақшы, Ұлтусын Балмағанбетованы бүгінде Ұлытау облысының жұртшылығы жақсы таниды. Осыдан бірер ай бұрын, Қаражал қаласында болған тұрғын үй өрті кезінде ол үш баланы тілсіз жаудан аман алып қалды. Сол үшін «Ақжол» саяси партиясы Ұлтусынды төсбелгімен марапаттап, ерекше құрмет көрсеткен еді.
Жастайынан еңбекпен есейіп, өмірі еңбекпен өрілген Ұлтусын Балмағанбетова бүгінде Қаражал қаласындағы № 1 мектепте күзетші болып еңбек етіп жүр. Ол үшін жұмыстың жаманы жоқ. Қандай салада еңбек етсең де оны абыроймен атқарса ол сені құрметке бөлейді деп түсінеді. Балаларын да солай тәрбиелеп келеді.