Арулар, асыл жандар, шуақ болып шашылғандар

Асыға күткен көктем де, көктемнің алғашқы айындағы жүрекке жылу сыйлайтын мейрамдардың бірі – Халықаралық әйелдер күні де келіп жетті. Аяулы ана, асыл жар, әпке-қарындастары мен әріптестерін құттықтап, сыйлықтарын беріп жүрген ер азаматтармен қатар нәзік жандылар да айналасындағы бар шуақты жандарға ізгі тілектерін білдіруде. Біз де өз тарапымыздан әр салада жүрген үздік нәзік жандарды халыққа паш етіп, мерекелерімен құттықтауды жөн көрдік.

Олай болса, үлгілі арулардың бірі, барлық жәйремдіктердің жүрегінің қыр-сырын білетін кардиолог – Ботакөз Байділдинаны жерлестерімізге таныстырсақ.
Алайда Ботакөз Назымбекқызын Жәйрем кентінде танымайтын адам кемде-кем шығар. Өз ауылымыз тұрмақ көршілес елді мекендерден науқастар іздеп келіп жататын жүрек маманы Ботагөз Назымбекқызы 1987 жылы 22 қарашада Қостанай облысы, Торғай ауылында дүниеге келген. 1994-2004 жылдар аралығында Ыбырай Алтынсарин атындағы орта мектепте оқып, 2004 жылы орта мектепті «Алтын белгімен» аяқтап, сол жылы Қарағанды медицина университетіне емдеу факультетіне оқуға түседі. 2010 жылы университетті үздік бітіріп, «Дәрігер» біліктілігін алып, 2017-2019 жылдары Қарағанды қаласының медицина университетінің медицина магистрі, 2019-2024 жылдары докторантураны аяқтайды. 2023 жылдың мамыр айынан бастап Жәйрем кенті ауруханасында терапевт, кардиолог дәрігері болып қызмет атқарады.
Ботакөз Назымбекқызы өте сабырлы, ақылды, алдына барған науқастың бар көңілін таба білетін білікті маман. Жұмыс орнында науқастардың жүрегінің иесі болса, отбасындағы төрт баласы төрт жүрегі болып табылатын көп балалы аяулы ана. Кардиолог ару көп ізденеді, көп оқиды. Жаны қалаған мамандығының қыр-сырын барынша меңгергісі келеді, жүрек-қантамыр жүйесінің ауруларын емдеу мен алдын алуға бағытталған бірнеше ғылыми жұмыстары бар. 2018-2019, 2024 жылдары Ресей, Испания, БАӘ елдерінде ғылыми тағылымдамадан өтіп келген Ботакөз Назымбекқызы бір орында тоқтар емес. Алға қойған жоспарлары да, өмірлік армандары да өте көп. Солардың бірі — елімізде жүрек ауруларының алдын алу саласында еңбек ете отырып, ғылыми зерттеулер жүргізу. Бос уақытында кітап оқығанды, отбасымен саяхаттағанды ұнататын аяулы жанның бар тілеуі халықтың амандығы, сонымен қатар, әрине, балапандарының амандығы.
Болашақтың жарқындығына сенетін ақ халатты нәзік жанды біз көктемгі әдемі мерекемен шын жүректен құттықтаймыз. Білімі, біліктілігі мен оның көркем мінезі жәйремдіктерге ұзақ өмір сыйласын. Бір қолымен балаларын, бір қолымен әлемді тербетіп отырған, талай жанға өмір сыйлап, талайларды науқасынан құлан таза айықтырған Ботакөз Байділдинаға зор денсаулық, баянды ұзақ ғұмыр, қажымас қайрат тілейміз. Өмірлік жары Дәурен Қанатұлы екеуі халықтың алғысына бөлене берсін!
Келесі бір нәзік аруымыз, кішкентай ғана болса да тау мен тасты қопарып жүрген, Қаражал-Жәйрем өңірінің атағын ел-елге, жер-жерге танытып жүрген спортшы қызымыз – Гүлназ Кәкенова.
Гүлназ жауырыны жерге тиіп көрмеген балуан. Ол 2005 жылы Жәйрем кентінде дүниеге келген. Кішкентайынан спортқа әуестігі бар ару 2019 жылы толықтай дзюдо спортына бұрылып, бар жаттығуы мен бос уақытын осы спорт түріне арнайды. Әрине, «қыз бала нәзік жан, қыз бала гүл тәрізді, артық соққы мен артық қиындықты көрмеуі керек» деген сөздерді жиі еститін жасөспірім мектеп қаырғасынан түлеп ұшқаннан кейін де аталған спорттан алыс кетпеді. Ол өзінің өмірлік нан табар жолын да осы спортқа байланыстырып таңдады. Гүлназ Керімқызы қазіргі таңда Қарағанды қаласындағы Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің «Дене мәдениеті және спорт» факультетінің ІІІ курс студенті.
– Менің өмірлік ұстанымым: «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар еңбегің мен ақылыңа сен». Менің бар арман-мақсатым — өзімнің оқып жатқан мамандығым бойынша жұмыс жасап, туған жерім Жәйрем кентінен чемпиондар шығару, туған жерімнің дамуына және мықты спортшылардың шығуына өз үлесімді барынша қосу. Сабақтан бос уақытымды жаттығу жұмыстарына арнаймын. Халықаралық, республикалық, облыстық және қалалық, аудандық жарыстарға жиі шығамын. Қазақ күресінен 2005-2006 жылы туылған жасөспірімдер мен қыздар арасында Қарағанды қаласында болған облыстық чемпионатта І орын, Қаражал қаласында болған дзюдо күресінен 52 кг салмақта І орын, Ұлытау облыстық чемпионатта дзюдо бойынша І орын, дзюдодан 2004-2005 жылы туылған жастар арасындағы Қ.Байшолақовты еске алуға арналған ашық республикалық турнирде 52 салмақ дәрежесі бойынша ІІІ орын алдым. Бүгінгі таңда Спорт шеберлігіне үміткер атағым бар, — деп жетістіктерімен бөлісті.
Бос уақытында да сол жаттығу залдарынан табылатын Гүлназ ару көп балалы отбасынан шыққан. Жаттығу залдарынан бөлек ата-анасына көмектеседі. Достарымен бас қосқанды ұнатады. Салауатты өмір салтын ұстанып, білегінің күшін жүрегінің үнімен ұштастырып жүрген нәзік жанды көктемнің тамаша мейрамымен құттықтаймыз. Боз кілемде жауырыны жерге тимей, Жәйрем ішінен чемпиондар шығарсам деген болашаққа қойған жоспары орындалсын демекпіз.

Теректі ШАҒАТАЙ.