Қай кезеңде де мемлекеттің қуаты мен қоғамның тұрақтылығы ең алдымен еңбекке құрметтен басталады. Ел дамуының қозғаушы күші – өз ісін адал атқарып жүрген қарапайым еңбек адамдары. Олардың табанды еңбегі мен кәсіби жауапкершілігі – мемлекеттің экономикалық және рухани әлеуетін қалыптастыратын басты фактор.
«Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында ел бойынша еңбек адамдарының мәртебесін көтеру, кәсіби шеберлікті дәріптеу және еңбекке құрмет мәдениетін қалыптастыру бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Бұл бастама – ұлттық идеологияның өзегіне айналып келе жатқан «еңбек адамы» феноменін қоғам санасына терең сіңіруге бағытталған.
Еңбекке құрмет – елге құрмет. Осы қағиданы өмірлік ұстанымға айналдырған халық қана өркениеттің биік шыңына көтеріле алады. Демек, еңбек адамына деген құрметті арттыру – ұлттық идеологияның басты тірегіне айналуы қажет. Бұл бағытта ақпараттық саясат, білім беру жүйесі, мәдени және қоғамдық жобалар біртұтас идеологиялық жүйе ретінде жұмыс істеуі тиіс.
Еңбекті дәріптеу арқылы біз қоғамда өз ісіне адал, кәсібіне жауапты тұлғалар үлгісін қалыптастырамыз. Бұл – ұлттың бәсекеге қабілеттілігінің, ел бірлігінің және тұрақтылығының басты кепілі.
Тажитова Алтын Зарубаевна
Қаражал қаласының білім бөлімінің әдіскері