1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні. Тату тірлік пен берекелі бірлікті көздеген егемен еліміз 130-дан астам тағдырлас этнос өкілдерін бір шаңыраққа сыйдырып, бір тудың астына біріктіре алды. Отандастырымыздың жарқын пейілі мен ақ көңілінің арқасында ұлттың бірлігі, тұтастығы қалыптасты. Осынау мерейлі мереке қарсаңында кәріс ұлтының өкілі Артем Ким бүгінгі мерекенің маңыздылығына тоқталып, мемлекеттік этносаясаттың жүзеге асуын сөз етті.
– Достық – қасиетті ұғым. Біздегі халықтың ынтымағы мен бірлігі мен үшін ерекше қымбат. Татулықты ту еткен қазыналы Қаражал өңірі біз үшін киелі шаңырақ. Осы шаңырақтың астында түрлі ұлт пен ұлыс ұйысып, бүгінде ұлтаралық татулықтың үлгісін паш етіп отыр. Осы орайда кешегі ел басына күн туған қиын-қыстау кезеңде кәріс ұлтының жер аударылуы еске оралады. Менің ата-бабаларым да солардың қатарында болды. Сол кездері құшағына алып, жарты нанын бөле жеген қазақ халқының дарқандығын ешқашан ұмытпауды ұрпақтан ұрпаққа мұра етіп қалдырды. Сол жолдан біз де жаңылмай келеміз. Қонақжай қазақ халқы кәрістерге көмек қолын созды. Сол үшін мен барша қазақ халқының алдында басымды иемін.
Жыл сайын ынтымақ пен бірлік мерекесі кезінде біз сол бір ауыр жылдарды еске алып, бейбіт заманның аспанының ашық болуын тілейміз. Мен бүкіл әлемде бейбітшілік болғанын қалаймын, біздің ата-бабаларымыз азап шеккендей бірде-бір халық зардап шекпесін деген тілек білдіремін, – дейді Артем Ким бізбен әңгімесінде.
Ізбасар ОЙБАС.