Достық үйлері тың бастамалар мен идеялар туындайтын комьюнити-орталыққа айналуға тиіс. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» тақырыбымен өтіп жатқан Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті ХХХІІІ сессиясында айтты.
«Достық үйлері жалпыұлттық ықпалдастық үшін қажетті орталыққа әрі барлық аймақта Ассамблеяның ауқымды бастамаларын жүзеге асыратын сенімді орынға айналды. Олар әлеуметтік маңызы бар жүзден астам жобаны іске асыруға ұйытқы болды. Алайда Достық үйінің қызметін жетілдіріп, күшейте түсу мәселесін ойластырған жөн. Олар қоғамдық кездесулер мен талқылаулар өтетін және тың бастамалар мен идеялар туындайтын комьюнити-орталыққа айналуға тиіс», — деді Президент.
Мемлекет басшысының пайымынша, Достық үйі этномәдени бірлестіктер бас қосатын орын ғана болып қалмауы керек. Сонымен бірге ол жергілікті қоғамдастықтардың дамуына жол ашып, тірек болатын, бірлік, жасампаздық, өрлеу сияқты құндылықтарды дәріптейтін орталық болуы қажет.
«Біз келесі жылы Ассамблеяның отыз жылдығын атап өтеміз. Бұл құрылым өзін этносаралық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту жолында сындарлы саясат жүргізе алатын тиімді құрал ретінде танытты. Ассамблея бірегей азаматтық институт ретінде өзара құрмет пен сенімнің қоғамда орныға түсуіне зор үлес қосып келеді. Біз алдағы мерейлі белесті Ассамблея қызметін халыққа түсіндіріп, насихаттауға және азаматтарды ел бірлігін нығайту жолындағы ауқымды жұмысқа жұмылдыруға ұтымды пайдаланамыз. Үкімет Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығын атап өтуге арналған іс-шаралар жоспарын әзірлейді. Мемлекеттік органдар, саяси партиялар, қоғамдық ұйымдар, ғылым және мәдениет қайраткерлері, қоғам өкілдері қатысатын осы іс-шараның бәрі іскерлік сипатта болуға тиіс», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент жоспарда біздің «Бірлігіміз – әралуандықта» деген басты қағидамызды паш ететін іс-шаралар мен әлеуметтік сипаттағы жобалардың барлығы өзара үйлесім табуы керектігін айрықша атап өтті.
«Мен мемлекеттік саясат пен қоғамдық қызметтің этносаралық қатынас саласына қатысты негізгі міндеттерін атап өттім. Соның бәрі біздің күнделікті жұмысымызға арқау болуы керек», — деді Мемлекет басшысы.