Қазіргі заман – бәсекелестік пен білімнің дәуірі. Мемлекетіміздің келешегі – білімді ұрпақтың қолында екені айқын. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның» іргесін қалау жөніндегі Жолдауы ел болашағына бей-жай қарамайтын әрбір ұстаз үшін үлкен үміт пен жауапкершілік жүгін арттырады.
Осы орайда, Мемлекет басшысының білім беру жүйесіне қатысты айтқан бастамалары мен тапсырмалары біз, білім саласының қызметкерлері үшін бағдары айқын бағдарлама, болашаққа нық сеніммен қадам басуға мүмкіндік беретін маңызды құжат болып отыр.
Президенттің «Әділетті Қазақстан біліммен өркендейді» деген нақты ұстанымы – ел болашағы жолындағы шынайы реформаға бастар жол. Мемлекет басшысы білім беру саласында «әлеуметтік әділет» ұғымының басты тетікке айналуын ерекше атап өтті. Бұл – барлық бала сапалы білім алуға тең құқықты болуы керек деген сөз.
Шын мәнінде, мектептің есігі – әрбір бала үшін ашық, ал білім – оның болашақтағы әлеуетін іске асыратын алтын кілт. Президент Жолдауында айтылғандай, елімізде қала мен ауыл мектептері арасындағы білім беру сапасындағы алшақтық – бүгінгі күннің ең өзекті мәселелерінің бірі.
Осы алшақтықты жою үшін өңірлік білім беру инфрақұрылымын дамыту, жаңа мектептер салу, интернетке қолжетімділікті қамтамасыз ету және педагогтердің кәсіби деңгейін арттыру сынды нақты қадамдар жасалып жатыр. Бұл – әр баланың туған жерінде сапалы білім алуға құқығы бар деген қағиданы іске асырудың жарқын көрінісі.
Мектеп директоры ретінде айтарым – біз Президенттің «баршаға тең мүмкіндік» қағидасын толық қолдаймыз және осы бағытта жүйелі жұмыс істеуге дайынбыз. Мектеп – білім мен тәрбие ошағы ғана емес, ол – әділетті қоғамның негізін қалайтын рухани орталық. Сондықтан, білім ордасының басты мақсаты – әр баланың дарынын ашу, оның өмірлік жолына бағыт-бағдар беру.
Білім беру реформасының сәтті жүзеге асуы – ұстаздарға тікелей байланысты. Президент Жолдауында педагогтердің мәртебесін арттыру, еңбекақыны кезең-кезеңімен өсіру, үздіксіз біліктілікті арттыру жүйесін дамыту мәселелері көтерілді. Бұл – мұғалімдер үшін зор мотивация ғана емес, сонымен қатар кәсіби шеберлікті үздіксіз шыңдауға итермелейтін игі бастама.
Соңғы жылдары қолға алынған «Педагог мәртебесі туралы» Заң, ұлттық біліктілік тесті, аттестаттау жүйесінің жаңаруы – мұғалім мамандығына деген қоғамдық құрметтің артуына әсер етті. Ал, Президенттің бұл салаға деген қолдауы бізді одан әрі жігерлендіреді. Ұстаз – ел ертеңін қалыптастырушы тұлға. Сондықтан, біз де Жолдау жүктеген жауапкершілікті терең сезіне отырып, оқушының жан-жақты дамуы үшін аянбай еңбек етуге тиіспіз.
Президент Жолдауында атап көрсетілген тағы бір маңызды мәселе – цифрландыру мен инклюзивті білім беру. Бүгінде заман талабына сай білім беру тек қана дәстүрлі тәсілдермен шектелмейді. Ақпараттық технологиялар, онлайн оқыту платформалары, электронды күнделік пен бағалау жүйелері білім сапасын арттыруда маңызды рөл атқарып отыр.
Сонымен бірге, ерекше білімді қажет ететін балалардың сапалы білім алуы – әділетті қоғамның тағы бір белгісі. Мектебімізде инклюзивті білім беру бағытында бірқатар жұмыстар жүргізілуде: арнайы кабинеттер, логопед және психолог қызметі, серіктес ұйымдармен бірлескен тренингтер – осының бәрі инклюзивті орта қалыптастырудың бір бөлігі.
Президент Жолдауы – біз үшін нақты бағдар, сенімді тірек. Әділетті Қазақстанды құру – ортақ мақсат. Осы жолда ең басты құрал – сапалы білім мен тәрбиелі ұрпақ. Әр балаға тең мүмкіндік беру – әділетті қоғам құрудағы басты баспалдақ.
Біз, жалпы білім беретін мектептердің басшылары мен ұжымдары, Мемлекет басшысы жүктеген міндеттерді абыроймен атқаруға әзірміз. Ұрпақ тәрбиесі – ел болашағы. Ал, білімге салынған әр инвестиция – мемлекеттің баянды болашағына бағытталған үлкен игілік.
Әділетті, білімді, рухы биік Қазақстанды бірге қалыптастырайық!
Жұмакүл АХМЕТОВА,
№1 жалпы білім беретін мектеп директоры