Дер кезінде көтерілген маңызды міндет

Мемлекет басшысы еліміздің Еуразиядағы көлік хабына айналуы тиіс деген бастамасы — Қазақстанның географиялық және экономикалық әлеуетін тиімді пайдалану жолындағы стратегиялық және дер кезінде көтерілген маңызды міндет.
Жолаушылар вагондарының жаңартылуы мен заманауи зауыттың іске қосылуы — көлік саласындағы сапалы өзгерістерге негіз болмақ. Сонымен қатар, авиация инфрақұрылымын дамыту — тек көлік қатынасы емес, аймақтық дамудың, туризмнің және инвестициялық тартымдылықтың басты факторы.
Әуежайлардың кеңейтіліп, жаңадан салынуы – өңірлердің экономикалық белсенділігін арттыруға жол ашады. Әсіресе, жүк авиациясына ерекше назар аударылуы өте өзекті. Электрондық сауданың дамуы мен жылдам жеткізуге сұраныстың артуы аясында әуе тасымалы – болашағы зор әрі табысты сала. Ұлттық жүк тасымалдаушы компания құру идеясы – уақыт талабына сай және Қазақстанның жаһандық саудада белсенді ойыншы болуына жол ашады.
Сонымен бірге, дрондар мен пилотсыз көлік құралдарын енгізу мәселесіне ерекше мән беру – технологиялық даму қарқынына ілесе алатын және соны өз пайдасына пайдалана білетін мемлекетке тән шешім.
Осы бастамалар сәтті жүзеге асса, Қазақстан Трансқұрлықтық дәліздердің торабында орналасқан көлік-логистикалық алпауыт мемлекетке айнала алады. Енді бұл бағыттағы жұмыстардың тиімді жүзеге асуына Үкіметтің саяси ерік-жігері мен нақты іс-қимылы шешуші рөл атқарады.