Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков Жәйрем кентіне жұмыс сапарымен келіп, аймақ тұрғындарымен кездесу өткізді. Кездесу барысында өңір басшысы облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі бағыттары бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы жан-жақты әрі мазмұнды есеп берді.
Өз баяндамасында облыс әкімі 2026 жылға арналған облыстық бюджет көлемі 175,4 млрд теңгені құрап, 2022 жылмен салыстырғанда екі есеге артқанын атап өтті. Оның ішінде өңірдің өз кірістері 96,8 млрд теңгеге жетіп, салықтық түсімдер 46 млрд теңгені құраған. Ал республикалық бюджеттен бөлінетін трансферттер мен кредиттер көлемі 78,6 млрд теңге болып, облыстың тұрақты дамуына нақты қолдау көрсетіп отырғаны айтылды.
Сонымен қатар, Ұлытау облысы құрылғаннан бері Қаражал қаласының негізгі бюджет көрсеткіштері де айтарлықтай өскені жеткізілді. Атап айтқанда, 2022 жылы 8,2 млрд теңге болған қала бюджеті бүгінде 16,2 млрд теңгеге жетіп, меншікті кірістер 54 пайызға артқан. Бұл қала экономикасының нығайып, қаржылық дербестігінің артқанын көрсетеді.
Өңір басшысы инвестиция өңір дамуының басты қозғаушы күші екенін ерекше атап өтті. 2024 жылы облыс экономикасына 259,6 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылып, оның 47,3 млрд теңгесі Қаражал қаласының үлесіне тиесілі болған. 2025 жылдың алғашқы тоқсанының қорытындысы бойынша Ұлытау облысы негізгі капиталға инвестиция тарту қарқыны жөнінен республикалық рейтингте үшінші орынға шыққан.
Қаражал қаласында 2028 жылға дейін жалпы құны 275,7 млрд теңгені құрайтын үш ірі инвестициялық жоба іске асырылып, нәтижесінде 893 жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда. Ал жалпы облыс көлемінде 25 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, 2 мыңнан астам адамды жұмыспен қамту көзделіп отыр.
Баяндамасында әкім шағын және орта бизнесті дамыту өңірлік саясаттың басым бағыты болып қала беретінін атап өтті. 2025 жылдың үшінші тоқсанының қорытындысы бойынша шағын және орта бизнес субъектілері 272 млрд теңгенің өнімін өндірген. Қаражал қаласында бұл көрсеткіш 20,3 млрд теңгеге жетіп, 39 пайыздық өсім тіркелген.
Сонымен қатар, агроөнеркәсіптік кешенді дамыту арқылы облыстың азық-түлік қауіпсіздігін нығайту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқаны айтылды. 2026–2028 жылдары ауыл шаруашылығы саласында 8 ірі инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Соның нәтижесінде суармалы егістік жерлердің көлемі бірнеше жылдың ішінде 2,2 мың гектарға дейін ұлғайған.

Өңір басшысы білім беру саласында атқарылып жатқан жұмыстарға да кеңінен тоқталды. «Келешек мектептері» жобасы аясында жаңа мектептер ашылып, Жәйрем кентіндегі №10 жалпы білім беретін мектепке күрделі жөндеу жұмыстары аяқталған, ал №30 мектепте жөндеу жұмыстары жалғасуда. Сондай-ақ, Қаражал қаласындағы мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында да жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған.
Денсаулық сақтау саласында материалдық-техникалық жарақтану деңгейі 88 пайызға жетіп, медициналық жабдықтар кезең-кезеңімен жаңартылуда. Кадр тапшылығын төмендету мақсатында резиденттер даярланып, жедел жәрдем қызметінің автопаркі де айтарлықтай жаңартылғаны айтылды.
Сонымен бірге, өңірде спорт, мәдениет және туризм салаларының қарқынды дамып келе жатқаны атап өтілді. Қаражал қаласында жабық хоккей кортының құрылысы жоспарланған. Мәдениет нысандары кезең-кезеңімен жөндеуден өтіп жатыр, ал алдағы жылдары заманауи Конгресс орталығын салу көзделген. Туризм саласына тартылған инвестициялар екі есеге артып, 9 млрд теңгеге жеткен. Тарихи-мәдени нысандардың инфрақұрылымы жақсартылып, спутниктік интернет орнату жұмыстары жүргізілуде.
Әкім өз баяндамасында Қаражал қаласы мен Жәйрем кентінде кәріз жүйелері, су және газ желілерін жаңғырту, газдандыру жобаларын іске асыру, автожолдарды жөндеу және көлік инфрақұрылымын дамыту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанын жеткізді. Экология және қоғамдық тәртіп мәселелеріне де айрықша көңіл бөлініп, «Таза Қазақстан» акциясы аясында жасыл желектер отырғызылып, заңсыз қоқыс орындары жойылғаны, бейнебақылау камералары орнатылып, қоғамдық қауіпсіздік деңгейі артқаны айтылды.
Баяндамадан кейін кездесуге жиналған тұрғындардың сұрақтары тыңдалып, барлық сауалдарға облыс әкімі өзі тікелей жауап берді. Қандай мәселе көтерілсе де, нақты әрі дәлелді ақпаратпен жауап берген өңір басшысы Қаражал-Жәйрем өңірінің жағдайымен толықтай хабардар екенін көрсетті.
Кездесу соңында облыс әкімі мұндай форматтағы жүздесулер билік пен халық арасындағы ашық диалогты нығайтып, тұрғындардың өзекті мәселелерін жедел шешуге мүмкіндік беретінін атап өтті. Барлық көтерілген мәселелердің тиісті бақылауға алынатынын жеткізіп, Қаражал қаласы мен Жәйрем кентінде жүзеге асырылып жатқан ауқымды жұмыстар өңірдің даму әлеуетінің жоғары екенін және алдағы кезеңде әлеуметтік-экономикалық өсімнің жалғасатынын айтты.

Жалпы жиналыстан кейін облыс әкімі азаматтарды жеке қабылдап, тұрғындардың жеке мәселелеріне де назар аударды. Сонымен қатар, Жәйрем кентіндегі мәслихат депутаттарымен жеке кездесу өткізді. Халық қалаулылары елді алаңдатқан бірқатар өзекті мәселелерді көтеріп, өңірдің дамуына тұрақты қолдау көрсетіп келе жатқан облыс басшысы Дастан Рыспековке алғыстарын білдірді.
Халықпен кездесуден кейін өңір басшысы Жәйрем кентіндегі бірқатар әлеуметтік нысандарды аралады. Алдымен №10 жалпы білім беретін мектепке барып, күрделі жөндеу жұмыстарынан кейінгі жағдайымен танысты. Бұл жерде облыс әкімін Білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Маратбек Төребеков қарсы алып, атқарылған жұмыстар мен оқу процесін ұйымдастыру мәселелері жөнінде баяндады.
Сондай-ақ, облыс әкімі «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ-ның спорт кешенінде болып, нысанның материалдық-техникалық жағдайымен танысты. Бұл жөнінде Қаражал қаласының әкімі Айқын Елеусізов пен комбинаттың әлеуметтік қолдау басқармасының басшысы Ақтоты Жазыбекова ақпарат берді.
Жұмыс сапары барысында өңір басшысы Жәйрем кентіндегі №30 жалпы білім беретін мектепке де барып, күрделі жөндеуден кейінгі жаңарған инфрақұрылымымен танысты. Мектептің дайындығы, оқушыларға жасалған жағдайлар және білім беру сапасын арттыру бағытындағы жұмыстар таныстырылды.
Қорытындылай келе, Ұлытау облысы әкімінің Қаражал қаласы мен Жәйрем кентіне жасаған бұл жұмыс сапары өңірде жүргізіліп жатқан әлеуметтік-экономикалық реформалардың жүйелі әрі нақты нәтижелерге бағытталғанын көрсетті. Экономика, инвестиция, бизнес, ауыл шаруашылығы, білім, денсаулық сақтау, инфрақұрылым және қауіпсіздік салаларында атқарылып жатқан жұмыстар халықтың тұрмыс сапасын арттыруға негізделген.
Тұрғындармен ашық диалог орнату, көтерілген мәселелерге жедел әрі нақты жауап беру, сондай-ақ әлеуметтік нысандарды тікелей аралап, жағдайымен танысу – облыс басшысының өңір дамуындағы мәселелерге бейжай қарамайтынын айқын аңғартты. Қаражал мен Жәйремде жүзеге асырылып жатқан жобалар мен бастамалар өңірдің әлеуеті жоғары екенін көрсетіп қана қоймай, алдағы уақытта да әлеуметтік-экономикалық өсімнің тұрақты түрде жалғасатынына сенім ұялатады.
Гауһар НАУРЫЗБАЕВА
