Болашағы зор құтты мекен  

Ұлт ұясы Ұлытау облысында орналасқан моноқаланы – «қазыналы Қаражал» немесе «асты құтқа толы өңір» деген атаудың мәні бар. Себебі, әу баста Қаражал шаһары құрылыс пен өндіріс ошағына енді айнала бастаған қала, нағыз еңбек пен маңдай терді қалап келген жұмыскерлері бар шағын шаһар жиырма бес мыңға жуық тұрғынын бауырына басып, өз тіршілігін тап-тұйнақтай қылып дөңгелетіп отырған мекен болатын.  Әуел баста темір-марганец кен орнын игеру мақсатында жұмысшылар осы өлкеге бет алған екен. Қаражалды қадірлі мекен деп қастерлейтін жандардың бірі Мешағаң да осы жұмысшылар арасынан табылыпты. 1960 жылы ат жалын тартып, жігіт шағында келіп, өсіп-жетілген, қалыптасқан кезеңі де қазыналы өлкемен біте қайнасқан. Мешағаң дегенің кім деп отырған оқырмандарым да бар шығар.

Алайда, Мешітбай Омар атамызды Қаражал өңірінде танымайтын адам кемде-кем. Сексеннің сеңгіріне келсе де, Қаражалдың бір мәселесі ол жансыз шешілмеді. Сүйікті қаласын қызғыштай қорғайтын Мешағаң, сырттан келіп сырттандық жасаған басшыларға шындықты бет-жүзіне қарамай, ашық айқасқа түсетінін бірі білсе, бірі білмес. Жемқорлық пен әділетсіздіктің иісін сезсе, тіпті жаны қас. Алайда, халықтың қамын өз отбасының қамынан артық көрген атаны халық құрметтейді, жақсы көреді. Осындай өңірдің сүйікті ұлынан сұхбат алу мен үшін  бір мәртебе. Қаражалдың 60 жылдық мерейтойы қарсаңына орай Мешітбай атаны әңгімеге тартып, тарихы тым тереңде жатқан туған өлкенің қыр-сырын білу еді, басты мақсатым.

– Мешітбай ата бұл өлкемен тағдырыңызды қалай байланыстырдыңыз?

– Әу баста Қаражалдың болашағы жарқын екенін естігенде, мені осы өлкеге тартты да тұрды. 1960 жылы Теміртау қаласындағы № 15 кәсіптік-техникалық училищенің экскаватор машинисі мамандығын тәмамдап, Атасу кен басқармасында еңбек жолымды бастадым. Әуелі экскаватор машинисі, құрылыс монтаж учаскесінде шебер, учаске бастығы, кейін жоғары кернеулі электр жүйесінде аға шебер қызметін атқарып жүрдім. Айта берсем жасамаған жұмысым да жоқ екен. Бірақ, осы өндіріс саласынан зейнетке шықтым. Арасында спортқа да қатты көңіл бөліп, еркін күрес секциясына жетекшілік еттім. Кейін мәдениет жаққа бет бұрып, жұбайым Клара екеуіміз музыка мектебін жетілдірдік. Алайда, 1997 жылы Қаражалмен деңгейлес қалалардың барлық мектептерін жаппай жаба бастады. Өнер ошағын қалай да алып қалу басты мақсатым болды. Сөйтіп, әйтеуір өз бизнес есебінен қаржыландыра отырып, аман алып қалдым. Алайда, кейін дәрменім де жетпей, жұбайым Клара 41 жылдық еңбек өтілімен зейнетке шыққан соң, ол мектеп ақыры жабылды. Дейтұрғанмен, халқымның разылығы үшін атқарған еңбегіме еш өкінбеймін. Сондай-ақ, «Атамекен» кәсіпкерлер қауымдастығы Қаражал қалалық өкілдігінің төрағасы қызметін атқардым. Өз кәсібім де болды. Кейінгі 10 жылда осы аймағымыздың сот медиатор қызметін атқарамын.

– Осы қалаға сіңірген еңбегіңіз ұшан-теңіз. Қаланың ертеңіне де алаңдайтын жандардың бірісіз. Өлкеміздің кешегі мен бүгінін салыстырсақ. Осы жайлы не айтасыз?

– Расы керек ең алғаш рет осы өлкеге келгенде, қазіргідей биік үйлер мен әдемі нысандар болмады. Қазір площадка елді мекенінде бірен-сараң үйлер, 23 орам, Ленин көшесіндегі екіқабатты үйлер енді салынып жатқан кез еді. Сондай-ақ, №1 ЖББМ іргетасы енді қаланып жатқан болатын. Аурухана мен полиция бөлімі де сол площадкада болатын. Сол жер Қаражалдың орталығы еді. Кейін 1966 жылдары профилактория салына бастады. Қаланың да іргетасы енді бой көтеріп келе жатқан кезең еді. Кейін енді 1990 жылдан бері қаланың ептеп жағдайы күрт төмен түсіп, өлара кезеңді де халқымыз бастан кешіргені жалған емес. Отын-су тапшы болып, жылу электр орталығы құлдилап, халық тұрақты мекенін тастап, басқа қалаға бет алды. Жұмыссыз қалғандар қаншама. Халық саны да күрт төмендеді. Ол заманды да бастан кештік. Қазір, яғни кейінгі жылдары қаланың еңсесі көтеріліп, халықтың тұрмыс-тіршілігі түзелді.

– Аймағымыз адам танымас­тай гүлденетініне бек сенемін деп 2009 жылдары газетіміздің бас редакторы Ерсін Мұсабеков ағамызға сұхбат беріпсіз. Сол сеніміңіз ақталды ма?

– Бұдан да гүлденетініне мен сенімдімін. Ерте ме, кеш пе ол сенімім 100 пайыз ақталу керек. Неге десеңіз, біздің өлке қазба байлықтарға өте бай шаһар. Қаламыздың кен байлықтары дүниежүзіне сұранысы жылдан-жылға артуда. Әрі қарай ойлай беріңіз. Өндіріс көлемі ұлғайып, өнім сапасын арттыру мақсатындағы ел экономикасындағы басым бағыттар жүйелі түрде жүзеге асатын болса, Қаражал өндірісінің көлемі 4 есеге ұлғаятыны да белгілі. Бірнеше жылдан кейін ірі алпауыт комбинаттар осы өлкемізден ашылса, таңғалудың да қажеті жоқ. Сол кезде халық саны 40 мыңға дейін көбейіп, өңіріміз одан әрі гүлденетініне мен  100  пайыз бек сенімдімін.

– Әрине, бұл сеніміңіз 100 пайыз орындалатынына біз де се­неміз. Ата, қаламыздың 60 жыл­дық мерейтойы тойланғалы жа­тыр, оған не айтасыз? Сондай-ақ, қала тұрғындарына жақсы ле­бізіңізді білдірсеңіз.

– Иә осы тұста менің де бір ай­тарым бар. Қазақстанның түк­пір-түкпірінен 60 жылдық торқалы тойға дүйім жұрт жиналатыны айдан анық. Ол тек әкімдіктің немесе билік басындағылардың мәселесі емес. Бұл мерейлі мереке бәрімізге ортақ. Сондықтан, менің қасиетті мекенім деген барлық намысы бар қала жанашырларына айтарым, барлығымыз біркісідей жұмылып, осы тойды абыроймен атқару – әрқайсымыздың міндетіміз. Сырттан келетін сыншыл көздер бар, қадірлі қонақтар бар, бұрынғы сағынып келетін жерлестеріміз бар, сол жандарға барынша қонақжайлылығымызды көрсетіп, қаламызды асқақтатып, дүбірлі тойды ең жоғарғы деңгейде өткізуіміз қажет. Ал халқыма айтарым, осы уақытқа дейін сақтап келген бірлігіміз бен тірлігімізден Алла айырмасын. Той тойға ұлассын. Бұл тойды көрген де бар, көрмеген де бар. Отан отбасынан басталады демекші, біреудің мықтысын немесе сұлуын, заңғарын қайтеміз, әркімге өз ұясы, өз туған жері ыстық. Сондықтан, өз қаламыздың патриоты болайық.

– Сұхбатыңызға рақмет, жүз жасаңыз, Мешаға!

 Мөлдір ХАМИТҚЫЗЫ