Біздің ортақ міндетіміз  

Сыбайлас жемқорлықпен күрес бүгінде елімізде мемлекеттік маңызы бар түйткілді мәселеге айналды. Себебі, бұндай әрекеттің мемлекеттік қызметкерлер тарапынан көрініс табуы мемлекеттің дамуына кедергі келтіріп қана қоймай, қоғамда өкіметке, билікке деген сенімсіздік тудырады.

Өкінішке орай, жең ұшынан жалғасын табатын, көз қысты-бармақ басты әдет әлі де болса қалмай келеді. Бұл дерт еліміздің дамуына, экономиканың өркендеп өсуіне өрескел кедергі келтіретіні даусыз. Жемқорлық ұғымы заманауи құқықтық сөздік қолданысында кеңінен қолданылады және терең тарихи тамыры бар. Жемқорлықтың қарапайым түсінігі – лауазымды тұлғалар, қоғамдық және саяси қайраткерлер мен мемлекеттік шенеуніктердің өз қызметтерінде сараңдық пен салғырттық танытуы. Мемлекеттік сатып алу, мемлекет қаржысын талан-тараж етіп, ысырап қылу, жер участкесін заңсыз беру, дүние-мүлкін, ақша капиталын салық декларациясынан, яғни мемлекеттен жасырып қалу сияқты жат қылықтар әлі де орын алуда.

Қазіргі таңда мемлекет тарапынан жемқорлыққа қарсы күрес мақсатында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Қазақстан алғаш рет «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заң қабылдады. Бұл заң жобасы арқылы жемқорлыққа қарсы күрестің негізі принциптерін анықтап, жемқорлыққа қатысты құқық бұзушылықтардың және оған байланысты жауапкершіліктің артылуының түрлері анықталды. Жеке және заңды тұлғалардың бұзылған құқықтары мен заңды мүдделерін қалпына келтіру, сыбайлас жемқорлық пен құқық бұзушылықтың зиянды зардаптарын жою, олардың алдын-алу және барлық мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдар өз құзіреті шегінде күрес жүргізу, яғни жемқорлықпен күресу – жалпыға ортақ міндет.

Қазақстан – көп ұлтты, болашағына сенімді және қарқынды дамып келе жатқан мемлекет. Алдымызда әлі талай үлкен міндеттер тұр, талай сын кезеңдерден өтуге тура келеді және сапалы нәтижеге қол жеткізуіміз қажет. Сыбайлас жемқорлықпен күресте көп нәрсе бүкіл қоғамның белсене атсалысуына байланысты. Әлеуметтік желінің, өзге де медиа-ресурстардың дамуы жағдайында, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-әрекет барысында оны жалпы жұртшылықтың жек көруі күрестің қуатты құралына айналуға тиіс. Сондықтан, барша қазақстандықтар, сыбайлас жемқорлықпен бірге күресейік.

Самал ТҮСІПОВА,

Қаражал қалалық қазынашылық басқармасының басшысы.