Бірлік пен татулықтың шынайы көрінісі

Ұлытау облысы орталығы Жезқазған қаласында Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы мен Алғыс айту күніне орай ұйымдастырылған өте тартымды іс-шара өтті. Аталған іс-шараға Қаражал қалалық Аналар кеңесінің төрағасы, Қаражал қалалық мәслихат төрағасы Зәмзагүл Оспанова, Аналар кеңесінің мүшесі, Қаражал қалалық мәслихат депутаты Гауһар Наурызбаева, Аналар кеңесінің мүшесі, Жәйрем кенті орталық кітапханасының басшысы Алма Әбдіразақова және Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, Ұлытау облыстық мәслихат депутаты Артем Ким қатысып қайтты.

Салтанатты жиында Ұлытау облысының әкімі, Ұлытау облысы ҚХА төрағасы Дастан Рыспеков Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып, татулық пен берекенің үлгісі болып жүрген ұлытаулықтарға шын жүректен алғыс білдірді.
— Ұлтымыздың қонақжайлығы мен этномәдени бірлестіктердің өзара сыйластығының, бауырмалдығының арқасында бүгінде болашаққа нық қадам басып келеміз. Ассамблеяның 30 жылдығы аясында биыл облыста этномәдени бірлестіктерді ынталандыру мақсатында гранттық қаржыландыру жоспарлануда. Алғыс айту күнінің қарсаңында баршаңызға Ұлытау облысының дамуы жолында атқарып жүрген еңбектеріңіз үшін рақметімді айтып, отбасыларыңызға амандық тілеймін, — деп, өңір басшысы өзінің жылы лебізін білдіре отырып, болашақ жоспармен де бөлісе кетті.
Жоғары деңгейде ұйымдастырылған іс-шарада Ұлытау облысының бірқатар азаматтары қайырымдылық пен мейірімділік ісіне зор үлес қосқаны үшін облыс әкімінің Алғыс хатына ие болды. Олардың арасында, жоғарыда атап өткеніміздей, аталған шараға арнайы шақыртылып, қатысып қайтқан жерлесіміз Гауһар Наурызбаева да болды. Марапат иесі жалғыз басты қарттарға, аз қамтылған отбасыларға, жалғыз басты аналарға, әлеуметтік көмекке зәру, мүмкіндігі шектеулі жандарға, жалғыз басты, көп балалы аналарға қайырымдылық жасап Қаражал-Жәйрем өңіріне ғана емес, облыс, республика көлеміне азды-көпті танылып келе жатқан «Өндіріс волонтерлері» тобының жетекшісі, «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ Бастауыш Кәсіподақ ұйымы төрағасының орынбасары және қалалық мәслихат депутаты. Атқарған еңбегіне қарай марапатын алған жерлесімізге құтты болсын айта отырып, халық үшін атқарып жүрген және болашаққа жоспарлаған әр істеріне сәттілік тілейміз.
Сонымен қатар, бірлікке, бауырмалдыққа насихаттаған іс-шарада қонақтардың назарына Ұлытау облысы құрылған сәттен бастап тіркеліп, өңіріміздің игі істерін атқаруға үлкен үлестерін қосып жүрген 8 этномәдени бірлестіктің әдет-ғұрпын, шығармашылығын дәріптейтін тартымды көрме ұсынылып, ақ әжелер ән салып, еліміздің болашағы балақайлар әр ұлттың билерінен әдемі көрініс берген мазмұнды қойылым көрсетілді. Облысымыздағы диаспора өкілдері қазақ халқына деген алғыс, ризашылықтарын жаудырды.
Нағыз татулықтың, бірлігі бар жердің шат-шадыман тірлігінен көрінісін берген іс-шараға жиналушылар ризашылықтарын білдіріп тарқасты.
Елімізде бейбіт заман сақталсын, облысымыз гүлденіп, көркейіп, қанатын айқара жайып, шаңырағы биік, керегесі кең, іргетесы болаттай болып, алдыңғы лектен жарқырай көрінсін. Халқымыз аман, жұртымыз тыныш болсын!