«Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ-ның 50 жылдық мерейтойы аясында Жәйрем кентінде бұқаралық спортты дамытуға және тұрғындардың белсенді өмір салтын насихаттауға бағытталған бірқатар шаралар ұйымдастырылды. Мерейтойлық іс-шаралар жергілікті халықтың басын қосып, бірлік пен ұйымшылдықтың жарқын үлгісін көрсетті.
Мерейтой аясындағы ең жарқын шаралардың бірі — жергілікті тұрғындар арасында өткен велошеру болды. Оған 16 мен 60 жас аралығындағы жәйремдіктер қатысып, спортқа деген қызығушылықтарын танытты. Таңғы сергектікпен басталған велошеру кент көшелеріне ерекше мерекелік көңіл-күй сыйлады. Әртүрлі буын өкілдерінің бір сапта жүруі ауызбіршілік пен ұрпақтар сабақтастығының көрінісі болды.
Шараға жастармен қатар белсенді өмір салтын ұстанатын аға буын өкілдері де қатысты. Велошерудің жоғары деңгейде ұйымдастырылуына «Жәйрем спорт клубы» қоғамдық бірлестігінің ұжымы жетекшілік етті. Клуб мамандары маршрутты алдын ала әзірлеп, қатысушылардың қауіпсіз әрі жайлы қозғалысын қамтамасыз етті. Сонымен қатар, жергілікті полиция бөлімінің қызметкерлері жол қауіпсіздігін қадағалап, қоғамдық тәртіптің сақталуына жауап берді.
Қатысушылар мұндай шаралардың тұрғындарды жақындастырып, салауатты өмір салтын ұстануға ынталандыратынын атап өтті. Ғазиз Смағұлов, «Жәйрем» кенішінің БелАЗ самосвалының машинисі: – «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ-ның 50 жылдығына арналған велошеруге қатысқаныма өте қуаныштымын. Бұл шара тұрғындарды спортқа баулып қана қоймай, баршамызды ортақ мерекенің аясында біріктірді. Әсіресе, жастар мен аға буын өкілдерінің бір сапта велосипед теуіп, белсенділік танытуы көңіл қуантады.
Жарты ғасырлық тарихы бар комбинаттың дамуына үлес қосып жүрген жұмысшылар үшін бұл үлкен мақтаныш. Барша жерлестерімді мерейтоймен құттықтаймын, — деді. Мерейтой аясында Кәсіподақ ұйымының кубогына арналған шағын футбол жарысы да ұйымдастырылды. Бұл сайысқа Жәйремдегі үш мектептің оқушылары қатысып, өзара мықтыны анықтады.
Жарыс 1-4, 5-6, 7-8 және 9-11 сыныптар арасында өткізілді. Ойындар тартысты өтіп, командалар жеңіске деген жігерін көрсетті. Көрермендер де жас футболшыларға қызу қолдау білдіріп, жарыстың көркін қыздырды. Жарыс қорытындысы бойынша барлық жас санаттарында І орынды № 10 мектептің командалары иеленді.
ІІ орын № 30 мектепке, ал ІІІ орын № 11 мектепке бұйырды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер дипломдармен, кубоктармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Мүбәрак Кәрібаев, Кәсіподақ ұйымының төрағасы: – «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ-ның 50 жылдық мерейтойы аясында Кәсіподақ ұйымының кубогына арналған шағын футбол жарысын өткізудегі мақсатымыз – жастарды спортқа баулу және олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру. Үш мектептің командалары жақсы ойын көрсетіп, жанкүйерлерге тартысты кездесу сыйлады.
Осындай жарыстар жас спортшылардың тәжірибе жинақтауына және командалық рухты қалыптастыруға ықпал етеді, — деп өз ойымен бөлісті. Елу жылдық тарихы бар «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ өндірістік жетістіктерімен ғана емес, әлеуметтік бастамаларымен де ерекшеленіп келеді. Велошеру мен Кәсіподақ кубогына арналған футбол жарысы тұрғындарға мерекелік көңіл-күй сыйлап, спорттың адамдарды біріктіретін күш екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Теректі ШАҒАТАЙ.

