Бірлігі мен достығы жарасқан фестиваль

Көктемнің алғашқы мерекесі болып табылатын Алғыс айту күні – барлық қазақстандықтардың бір-біріне деген мейірімділігінің, достығы мен сүйіспеншілігінің жарқын символы. Бұл Қазақстан халқын мәңгілікке біріктіруге бағытталған, еліміздің тарихына құрмет көрсетіп, барлық ұлт пен ұлысты бір шаңырақ астына топтастыратын, өзара құрмет білдіретін күн. Ал, биылғы Алғыс айту күні Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Бұл – ел бірлігі мен татулығын нығайтуға бағытталған маңызды оқиғалардың бірі.

Алғыс айту күні – түрлі этностардың бір-біріне және қазақ халқына қиын-қыстау заманда көрсеткен қолдауы мен мейірімділігі үшін алғыс білдіретін мереке. Ал, Қазақстан халқы Ассамблеясы осы жылдар ішінде елдегі ұлтаралық келісім мен ынтымақтастықты нығайтуда маңызды рөл атқарып келеді. Ассамблея қоғамдық келісім мен ұлттық бірліктің қазақстандық үлгісінің өзегіне айналды.
Айтулы қос мерекенің құрметіне жұма күні мәдени-сауық орталығында «Бірлігіміз жарасқан» атты қалалық этнофестиваль-байқау ұйымдастырылды. Байқаудың басты мақсаты – қо¬ғамдық келісімді нығайту және этно¬с¬аралық қарым-қатынастың тұ¬рақ¬ты¬лы¬ғын сақтап қалу, сонымен бірге, елі¬мізде тұрақтап қалған ұлттардың салт-дәс¬түрлері мен әдет-ғұрыптарын, ырым-жо¬рал¬ғыларын дамытып, ұрпақ¬тан-ұрпаққа жал¬ғасуын қамтамасыз ету.
Биылғы Алғыс айту күні ерекше мәнге ие. Ел бірлігі мен татулығын нығайтуға бағытталған бұл атаулы күндер қоғамдағы өзара құрмет пен мейірімділікті одан әрі арттыруға ықпал етуде. Осыған орай ұйымдастырылған салтанатты шара барысында қала әкімі Айқын Елеусізов қос мерекемен құттықтай келе, көпұлтты еліміздің ынтымағы мен татулығының маңыздылығына тоқталды.
— Осы жылдар ішінде Ассамблея татулық пен бірліктің, өзара құрмет пен келісімнің символына айналды. Біздің елімізде түрлі этнос өкілдері бір шаңырақ астында бейбітшілік пен ынтымақта өмір сүріп, Қазақстанның дамуына өз үлестерін қосып келеді. Бүгінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен еліміздегі бейбітшілік пен келісім саясаты одан әрі нығая түсуде. Біз бірлік пен тұрақтылықты сақтай отырып, жаңа жетістіктерге жететінімізге сенімдіміз. Ассамблеяның басты құндылығы – елдегі әрбір азаматтың құқығы мен мүддесін қорғау, мәдениет пен дәстүрді сақтап, біртұтас ұлт ретінде дамуға үлес қосу. Біз алдағы уақытта да осы бағытты ұстана отырып, бірлігімізді нығайтып, туған өлкеміз Қазақстанды көркейту жолында еңбек ете береміз, — деп сөзін аяқап, марапаттау рәсіміне кірісті.
Қаламызда жақында орын алған өрт кезінде бір отбасының 3 баласын өрттен аман алып қалған және өрттің өршіп кетуіне жол бермегені үшін қала әкімінің Алғыс хатымен № 1 жалпы білім беретін мектебінің күзетшісі Ұлтусын Балмағамбетова, «Өркен» ЖШС «Өркен Атасу» өкілдігінің жұмыскері Батырхан Балтабек марапатталды.
Сонымен қатар, жақында Шымкент қаласында өткен шеберлер арасында самбо күресінен Қазақстан чемпионатында І орынды иеленіп, қаламыздың атын республика аймағында танытқаны үшін қала әкімінің Алғыс хатымен Қаражал қаласының мамандандырылған олимпиадалық резервтегі Дзюдо балалар — жасөпірімдер мектебінің жаттықтырушысы Константин Галяткин мадақталды. Сондай-ақ, Рамазан айына орай такси бағасын түсіріп, қайырымды іс жасағаны үшін қала әкімінің Алғыс хаты «Өркен» ЖШС «Өркен Атасу» өкілдігінің жұмыскері Наржігіт Кәрібаевқа және жеке кәсіпкер Қайырбек Ілиясовқа табысталды. Өскелең ұрпақты тәрбиелеуге және салауатты өмір салтын насихаттауға қосқан үлесі үшін хореография пәнінің мұғалімі Татьяна Новоковская қала әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

Әрі қарай Қаражал қалалық полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Алмаз Жакаев қоғамда тұрақтылық пен Заң мен тәртіптің нығаюына қосқан үлестері үшін Қазақстан Республикасының ішкі істер министрінің Алғыс хатымен Қаражал қаласының Құрметті азаматы, Қаражал қалалық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Мешітбай Омар мен Ақ­тай ауылының ақсақалдар алқа­сының төрағасы, қалалық ақ­са­қалдар кеңесінің мүшесі Сәт­тібай Дүкенбаевты марапаттады. Сонымен қатар, «Ақжол» демократиялық партиясының тө­рағасы Азат Перуашевтың «Адам құтқарғаны үшін» медалін «Ақжол» демократиялық партиясының Қаражал-Жәйрем аймағы бойынша өкілі Сексен Сүлейменов жоғарыда аты аталған, яғни, 3 баланың өмірін өрттен аман алып қалған Ұлтусын Балмағамбетова мен Батырхан Балтабекке тапсырды.
Мерекелік іс-шара аясында «Бірлігіміз жарасқан» атты қалалық этнофестиваль-байқау ұйымдастырылды. Бұл шара түрлі этностардың мәдениетін, салт-дәстүрін дәріптеп, халықтар арасындағы достық пен өзара сыйластықты нығайтуға арналды. Фестиваль аясында әр этно-мәдени бірлестік өз өнерін көрсетіп, ұлттық тағамдарын, ұлттық киімдерін және бұйымдарын ұсынды. Мерекелік іс-шара аясында түрлі этно-мәдени бірлестіктердің өкілдері өздерінің ұлттық дәстүрлерін таныстырып, өнер көрсетті. Фестиваль басталмас бұрын, қатысушылардың өнерін бағалайтын әділқазылар алқасымен таныстырылды. Айта кетсек, Қаражал қалалық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Мешітбай Омар, Қаражал қаласы әкімінің орынбасары, қазылар алқасының төрайымы Диана Оспанбекова, «Қазыналы өңір» газетінің редакциясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Жалғасқан Құрмансейітов және Ардагерлер кеңесінің төрайымы Мереке Жұманбаева болды.
Кең пейілді, қонақжай қазақ халқын Қаражал қаласының әкімдігі ұжымы және «Қаражал қалалық мәслихатының аппараты» мемлекеттік мекемесі таныс­тырса, бай мәдени мұрасымен, еңбексүйгіштігімен, жарқын мінезімен ерекшеленетін орыс ұлтының мәдениетін «Қаражал қаласының білім бөлімі» мемлекеттік мекемесі, Қаражал қаласының тау-кен техникалық колледжі, Қаражал қалалық өнер мектебі, Қаражал қаласының мамандандырылған олимпиадалық резервтегі Дзюдо балалар-жасөпірімдер мектебінің ұжымдары көрсетті.
Тату әрі еңбекқор, бауырмалдық қасиетімен және дархан көңілімен танымал өзбек ұлтының мәдениетіне № 1 жалпы білім беретін мектеп ұжымы мен «Балбөбек» балабақшасының ұжымы таныстырылым жасаса, Қаражал қаласы орталық ауруханасының ұжымы еңбекқорлығымен, төзімділігімен, бірлігімен аты шыққан корей ұлтының өкілі болды. Рухы биік, жігерлі украин ұлтын № 3 және № 7 жалпы білім беретін мектептерінің ұжымы таныстырды. Ал қонақжай, еңбекқор, мәдениеті бай татар ұлтын «Атамекен» Ұлытау облысы кәсіпкерлер палатасының Қаражал қалалық филиалы және қаламыздың белсенді кәсіпкерлерінен құралған команда таныстырып өтті. Сондай-ақ, ыстыққанды, өр мінезді грузин ұлтының мәдениетін «Өркен» ЖШС «Өркен-Атасу» өкілдігі көрсетті.
Айта кетейік, «Бірлігіміз жарасқан» этнофестивалі үш кезеңнен тұрды. Ең алдымен ұлттық тағамдар байқауы – әр этнос өзіне тән дәстүрлі тағамдарын дайындап, олардың ерекшеліктері мен тарихын көпшілікке таныстырды. Одан әрі әр ұлттың өнері – фестиваль қатысушылары халық әндерін орындап, ұлттық билерін билеп, музыкалық аспаптарда ойнап, түрлі этностардың мәдени мұрасын паш етті. Соңында, дефиле – әр ұлттың ұлттық киімдері көрсетіліп, олардың сәндік ерекшеліктері мен тарихи маңызы баяндалды. Бұл кезеңдер фестивальдің мазмұнын байыта түсіп, көпшілікке этностардың мәдениеті мен өнерін жақыннан тануға мүмкіндік берді.
Алғыс айту күні мен Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай өткен «Бірлігіміз жарасқан» қалалық этнофестивалі өз мәресіне жетті. Бұл шара түрлі этностардың мәдениеті мен өнерін дәріптеп, халықтар арасындағы достық пен өзара сыйластықты нығайтуға арналды.
Қатысушылардың өнері мен шеберлігін арнайы әділқазылар алқасы бағалап, нәтижесінде І орын мен 100 мың теңгелік сертификатты орыс этно-мәдени бірлестігі, яғни, «Қаражал қаласының білім бөлімі» мемлекеттік мекемесі, Қаражал қаласының тау-кен техникалық колледжі, Қаражал қалалық өнер мектебі, Қаражал қаласының мамандандырылған олимпиадалық резервтегі Дзюдо балалар-жасөпірімдер мектебінің ұжымдары иеленді. ІІ орын мен 80 мың теңгелік сертификаты өзбек ұлтының өкілдеріне, № 1 жалпы білім беретін мектеп ұжымы мен «Балбөбек» балабақшасының ұжымына берілді. Ал, ІІІ орын мен 60 мыңдық сертификатты татар ұлты, яғни, «Атамекен» Ұлытау облысы кәсіпкерлер палатасының Қаражал қалалық филиалы және қаламыздың белсенді кәсіпкерлерінен құралған команда және кәріс этно-мәдени орталықтары, яғни, Қаражал қаласы орталық ауруханасының ұжымы өзара бөлісті. Жүлделі орындарға ие болған жеңімпаздармен қатар, фестивальдің өзге қатысушылары да назардан тыс қалмады. Оларға ынталандыру сыйлығы ретінде 30 000 теңгеден табысталды.
Бұл фестиваль – еліміздегі достық пен татулықтың тағы бір айқын дәлелі. Ұлттық мәдениеттердің өзара тоғысуы – Қазақстанның ең басты байлығы. Біздің мақсатымыз – осы бірлікті сақтау және нығайту.
Фестиваль барлық қатысушылар мен көрермендерге ұмытылмас әсер сыйлап, Қазақстан халқының бауырмалдығы мен ынтымағының айқын көрінісіне айналды. Берекелі елімізде татулық пен бірлік мәңгі жасай берсін!