Білегі мықты жүректі өндірісшілер шықты алаңға

«Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ Бастауыш Кәсіподақ ұйымы өз мүшелерінің арасында спорттық және мәдени іс-шараларды тұрақты түрде өткізіп тұратыны белгілі. Ай сайын өткізілетін шаралардың осы айға және кәсіби мереке — Металлургтер күніне дөп түскені қазақ күресі мен арқан тарту сайысы. Осы жолы да орталық алаңға кілең білекті өндірісшілер жиналды.

Алғашқы күні болған Қазақ күресіне әр цехтан, нақтырақ айтсақ, Полиметалл байыту фабрикасынан, «ДимСтрой» ЖШС, «ТехЭкспертСервис» ЖШС, Техникалық күтіп қарау және жөндеу жұмыстары басқармасынан, Көліктер цехынан шамамен 30 шақты палуан қатысты.

60 кг салмақта Жасқанат Әбдібаев І орынды, Талғат Серік ІІ орынды, ІІІ орынды Мейрамбек Жалғожин, 70 кг салмақта 1 орынды Жасұлан Досбергенов, ІІ орынды Нұржол Бекзада, ІІІ орынды Қуандық Сапарғали, 80 кг салмақта І орынды Сұлтан Искаков, ІІ орынды Пази Марат, ІІІ орынды Мейрамбек Қайыржанов, +90 кг салмақ бойынша І орынды Рахат Ханафин, ІІ орынды Алтынбек Хасамхан, ІІІ орынды Ғазиз Смағұлов иеленді.

Сайыстың ең жасы үлкен палуаны Ғазиз Смағұлов 54 жаста. Комбинатта тау-кен көліктерінің жүргізушісі. Қоғамдық жұмыстарға, оның ішінде осы спорттық жарыстарға үнемі атсалысып жүреді. Осы жолы да жастармен қатар, боз кілемде өзінің бар күш-жігерін көрсетіп, қайратының әлі де қара тастай екендігін көрсетті.

Қазақ күресінен кейін арқан тартыстан болған жарыста қара күш иелері командамен қатысты.  Бұл спорт түрі қаншалықты қарапайым, тәсілдері жеңіл көрінгенмен, оңай жарыс емес екендігін жылда байқап жүрміз. Биылғы жарыста арқан тартыс ерекше көрініс берді. Алаңға кілең денелі азаматтар шығып, бір-бірімен ұзақ тіресті.

Жанкүйерлер де тақымдарын қыса отырып, кім жеңерін күтуде.

Жарыс болғанмен, міндетті түрде жеңімпазы болары анық. Әдемі өткен жарыстың нәтижесінде І орынды Басқарма командасы, ІІ орынды «Жәйрем» кенішінен келген жігіттер иеленсе, ІІІ орынды Көліктер цехы місе тұтты.

Барлық жеңімпаздарды шын жүректен құттықтаймыз!

Жарыстың жоғарғы деңгейде өтуіне атсалысып, керемет ұйымдастырушылық танытқан Спорт Федерациясының басшысы Мөлдір Сатжановаға және барлық спорт жаттықтырушыларына үлкен алғыс айтамыз.