Берік Әбдіғалиұлы Жәйрем кентінің ақсақалдарымен және жергілікті қауымдастық мүшелерімен кездесті

Облыс әкімі Берік Әбдіғалиұлы Жәйрем кентінің ақсақалдарымен және жергілікті қауымдастық мүшелерімен кездесіп, елді-мекеннің басты проблемаларын шешу жолдарын талқылады. Ақсақалдар көтерген мәселенің бірі – жайылымдық жердің аздығы. «Жыл санап мал басы өсіп келеді. Кент маңында бос жерлер болса пайдалансақ»- дейді шаруалар. Облыс әкімі бұл мәселені сала мамандарының қатысуымен, көрші ауылдық округтің шаруаларымен ақылдаса отырып шешу қажеттігін айтты. Кездесуде сонымен қатар Жәйрем полиметалл байыту кобинатының әлеуметтік жауапкершілігі аясында бөлінген демеушілік қаржыны тиімді бағытқа жұмсау реті сөз болды. Кеңесіп пішкен тонның келте болмайтынын айтқан облыс басшысы елдімекендегі кез-келген мәселені қауым болып бірге талқылауға шақырды.