Берік Әбдіғалиұлы Қаражалға жұмыс сапарымен келді

Аймақ басшысы жұмыс сапары аясында қала тұрғындарымен кездесті, сондай-ақ бірқатар әлеуметтік нысанды аралап, жергілікті кәсіпорындардың инвестициялық жобаларымен танысты.
Берік Әбдіғалиұлы 1970 жылы салынған инфекциялық бөлімшенің ғимаратын қарап шықты. 2012 жылы ғимараттың апатты жағдайына байланысты бөлімшені консервациялауға тура келді. Бүгінгі таңда облыстық экономика басқармасына ЖСҚ және мемлекеттік сараптама нәтижелері жолданды. Олар ғимаратта бұрын-соңды болмаған күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отыр. Жобаның құны 158 млн теңгені құрайды.
Қаражал қаласының білім бөлімінің «Балбөбек» бөбекжай-бақшасының ғимараты да күрделі жөндеуді талап етеді. Мектепке дейінгі білім беру мекемесін аралап, облыс әкімі бұл мәселені мұқият пысықтауды тапсырды.
Сондай-ақ, өңір басшысына облысты дамытудың Кешенді жоспарын орындау аясында Қаражал қаласының Станционарлық шағын ауданда 80 орындық мектеп құрылысы күтілетіні баяндалды.
Жұмыс сапарынан кейін Қаражал қаласының мәдени-демалыс орталығында облыс әкімінің халықпен кездесуі өтті. Ұлытау облысы әкімінің орынбасары Ұ.Үсенов пен бірқатар облыстық басқарма басшыларының Қаражалда іске асырылып жатқан жобалар туралы есептерін тыңдап, Берік Әбдіғалиұлы жауапты тұлғалардың алдына тұрғындардың өзекті мәселелерін шешу бойынша нақты міндеттер қойды. Атап айтқанда, олар өңірге медицина қызметкерлерін одан әрі тартуға және бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі шараларына қатысты болды.
 Бұдан соң Берік Әбдіғалиұлы, оның орынбасары Ұ.Үсенов және облыстық басқарма басшылары өңір тұрғындарының барлық сұрақтарына жауап берді.
Осыдан кейін өңір басшысы азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Облыс әкіміне 8 адам жазылды. Олардың сұрақтары ТКШ және абаттандыру, халықты әлеуметтік қорғау, экология және денсаулық сақтау, спорт және қосымша білім беру мәселелеріне қатысты болды. Барлық өтініш берушілерге түсініктеме беріліп, қажетті кеңес берілді.
 Өңірдегі инвестицияларды тарту және инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі көшпелі кеңеспен жұмыс сапары жалғасты. Айта кетейік, Қаражалда Жәйрем тау-кен байыту комбинаты және «Өркен» ЖШС сияқты қала құраушы кәсіпорындар тұрақты негізде жұмыс істейді.
 2023-2026 жылдары Қаражал қаласында жалпы сомасы 9 млрд 270 млн теңгеге 5 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда. Олардың ішінде — «Батыс Қаражал» кен орнындағы тау-кен жұмыстарын кеңейту, электролиттік марганец өндіретін зауыт салу, «Үшқатын» кен орнындағы шахтаны реконструкциялау. Кеңесте белгіленген инвестициялық жобалардың іске асырылу барысы талқыланды, сондай-ақ кейбір проблемалық мәселелерді шешу жолдары белгіленді.
 Жұмыс сапары Жаңаарқа ауданының Манақ қыстағына ұшумен аяқталды, онда облыс әкімі Манақ бөгетін күрделі жөндеу барысымен танысты, сондай-ақ өңірдің алдыңғы қатарлы шаруа қожалықтарының біріне барды.