Батамен ел көгереді

«Баталы ел арымас, батасыз ер жарымас», «Атадан бота қалмасын, бата қалсын», «Батаның құны – бір-ақ жұт, бата – балаға мәңгі құт», «Атадан бата алмай үй болмас, ордадан үлгі алмай би болмас». Ғасырдан ғасырға өтіп, ұрпақтан ұрпаққа өсиет болған халқымыздың осындай даналық сөздерінің бір шоғыры бізге ғибрат нәрін береді.

Иә, «ақсақалдан бата алған Алланың рахметіне жолығар» деп түйін жасайтын халқымыз өмір көрген ақ самайлы қарттарымыз бен ақ жаулықты аналарымыздың ақ тілегіне аса құрметпен қараған. Батаны қару санаған, қарттарын «қазынам» деп бағалаған.

Осыған орай, облыс төрінде Ұлытау облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы, Ұлытау облыстық Ардагерлер кеңесі және облыстық «Ұлытау» телеарнасының бастамасымен ұйымдастырылған «Батамен ел көгерер» атты бата беру байқауы тұңғыш рет өтті. Жалпы бұл байқаудың негізгі мақсаты – ұлтымыздың осы аяулы дәстүрін жандандыру, бата түрлерін жаңғырту, батагөй жандардың кестелі сөздерін насихаттау.

Әрбір қатысушы екі тақырыпты қамтыған бата мен өсиет тілегін ортаға салды. Жергілікті өнерпаздардың ән-күйлері мен билері шараның шырайын одан әрі аша түсті. Қазылар алқасының ұйғаруымен біздің өңірдің намысын қорғаған қаламыздың Құрметті азаматы, қала белсендісі, аймағымыздың ақылшысы, ақын ақсақалымыз Жарқынбай Жетімек аталмыш байқаудың бас жүлдесі – 300 мың теңге ақшалай сыйлық пен дипломға ие болып, аймағымыздың мәртебесін көтерді. Сондай-ақ, 1 орынды жезқазғандық Қуанышбек Нарбаев, 2 орынды Жаңаарқа ауданының өкілі Берген Қожамұратов, 3 орынды Сәтбаев қаласының батагөйі Әділбек Қасымов ақсақалдар иеленді.

Бата беру — аса жауапкершілікті қажет ететін рәсім. Батаны тарихы таңбалы, тағылымы зор, ауызы дуалы, тілі уәлі ақсақалдарымыз берген. Ал берілген бата — өзінің қарақан басының қамы емес, ел тірлігі, заман тыныштығы, ұрпақтың саулығы мен салиқалылығы, түптеп келгенде ұлтымыздың өзіндік болмыс-бітімін сақтап қалуға бағышталған асыл сөз, жүрек үні.

Облыстық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Сағындық Қожамсейітов жиналған дүйім жұрт пен ұйымдастырушыларға дәл осындай өнегесі мол іс-шараны дәстүрлі түрде өткізуге ұсыныс айтты. Көпшілік бұл ұсынысты бірауыздан қуана құп көрді.

Мөлдір ХАМИТҚЫЗЫ