Жезқазғандық жас ақын – Абай Ораз Түркістан қаласында өткен «Адамзаттың ардағы, қос дүние сардары» атты республикалық жыр мүшәйрасында Бас жүлдені жеңіп алып, автокөлік иеленді.
Осыдан бірер ай бұрын Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан тарихи маңызы бар үлкен өркениет орталығы, тек қазақ елінің ғана емес, бүкіл түркі жұртының зиярат жасайтын қастерлі орны – Түркістан қаласында тұңғыш рет ардақты пайғамбарымыз хазіреті Мұхаммедке арналған республикалық жыр мүшәйрасы басталған еді. Еліміздің әр аймағынан 110 ақын қатысқан сол жыр бәйгесі өткен аптада мәреге жетті. Фараб әмбебеп ғылыми кітапханасында өткен ақындар сайысының ақтық сынында іріктеуден өткен 12 жыр алыбы бас жүлдені сарапқа салды.
Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының наиб мүфтиі Сансызбай қажы Құрбанұлы бастаған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қызметкерлері мен әділқазылар мүшелері жеңімпаздарды марапаттады. Бас жүлде біздің жерлесіміз Абай Оразға бұйырды. Ұлытау облысының намысын қорғаған ақынға автокөліктің кілті салтанатты түрде табыс етілді.
Ортамызға үлкен жеңіспен оралған жерлесімізді Ахмет ишан Оразайұлы атындағы облыстық мешіттің ұжымы құшақ жая қарсы алды.
– Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының ұйымдастыруымен тұңғыш рет өткізілген республикалық жыр мүшәйрасының тақырыбы да ауқымды. Мұнда сөз маржанын дестелеген ақындар Ардақты Алланың елшісі хазіреті Мұхаммедті ұлықтап, оның өмірі мен қасиетін жүректерінен жарып шыққан жырмен дәріптеді. Осы жыр додасында жаңадан құрылған Ұлытау облысының намысын жерлесіміз – Абай Ораз бауырымыз абыроймен қорғап қайтты. Оған Алла разы болсын, – деп ақжарма тілегін жеткізген Ахмет ишан Оразайұлы атындағы мешіттің наиб имамы Мейіржан Әнуарбек ақынның иығына шапан жапты. Ақ жаулықты әжелер шашу шашып, құрмет көрсетті.
– Еліміздің әр аймағынан сен тұр мен атайын дейтін сөз зергерлері қатысқан жыр додасында топ жару, әрине, оңай емес. Бәрі Алланың қалауымен болды. Мүшәйраға қатысқан ақындар өз еңбектерін әдеттегідей лақап атпен емес, нөмірмен тапсырды. Менің нөмірім 99 болды. «Алланың 99 есімімен сәйкес екен», деп сүйсініп қалған едім. Түйсігім алдамапты. Ақтық сайысқа түскен 12 ақынның қатарында болдым. Тіпті, бас жүлдеге таласқан үш ақынның бірі де мен болдым.
Мүшәйраға қазылық жасағандар әр шығарманың шариғи және әдеби мазмұнына баса мән берді. Сол сараптауда менің өлеңім ең үздік деп танылды. Менімен бірге бақ таластырған екеудің бірі шариғи, бірі әдеби жағынан мүлт кетті. Сөйтіп, Бас жүлде маған бұйырды. Оңтүстік өңірдің мәрт жігіттері тіккен темір тұлпарды тақымыма бастым. Бұл сыйды әулие-әмбилердің мекені, ұлы хандардың ордасы болған қасиетті Түркістанның кеше ғана шаңырақ көтерген жас Ұлытау облысына сыйы деп қабылдадым, – дейді Абай ағынан жарылып.
Орайы келгенде айта кетейік, жыр додасына қатысқан ақындардың өлеңдері «Қос дүние сардары» атты жыр жинағына топтастырылды. Ақтық сайыста осы кітаптың да тұсауы салтанатты түрде кесілді.
Ізтай БеЛГІБАЙҰЛЫ