«Балбөбек» – бақытты балалық шақ мекені

Балабақша – бұл тек ғимарат емес, бұл ертеңгі ел тізгінін ұстар азаматтардың алғашқы әлеуметтік ортасы. Жуырда біз қаламыздағы іргелі білім ұяларының бірі – «Балбөбек» балабақшасына арнайы барып, мекеме тынысымен таныстық. Меңгерушінің міндетін атқарушы Ұлжан Сатановамен болған ашық сұхбат балабақшаның бүгінгі тынысы мен болашақ жоспарларын тереңірек ұғынуға мүмкіндік берді.

Сұхбат барысында байқағанымыз, «Балбөбек» ұжымы тек құрғақ оқу бағдарламасымен шектелмейді. Ұлжан Шубайқызының айтуынша, қазіргі таңда «Адал азамат – біртұтас тәрбие» тұжырымдамасы негізге алынған.

Ұлжан Шубайқызы, әңгімемізді балабақшаның бүгінгі жай-күйінен бастасақ. Мекемеде қанша бүлдіршін тәрбиеленіп жатыр?

  • Қазіргі таңда бізде барлығы 11 топ жұмыс істейді. Оның жетеуі қазақ тілді, үшеуі орыс тілді топтар. Бала санына тоқталсақ, кіші топтарда 20 баладан, ал ересек топтарда 25 баладан жинақталған. Жалпы сыйымдылығымыз 260 балаға лайықталған, бірақ, инклюзияны қажет ететін, ерекше білім беруді талап ететін бүлдіршіндеріміз болғандықтан, қазіргі уақытта 259 баланы қабылдап отырмыз. Олардың жайлылығы мен сапалы тәрбие алуы — біз үшін басты назарда.

Балабақшадағы инклюзивті білім беру мәселесі жайлы не айтар едіңіз?

  • Логопед пен психолог әр баламен жеке жұмыс істеп, олардың әлеуметтік ортаға бейімделуін қадағалайды. Ерекше балалардың жалпы топтарда тәрбиеленуі олардың оқшауланбауына, ал өзге балалардың мейірімді болып өсуіне септігін тигізеді.

Қазіргі таңда оқыту үдерісінде қандай әдіс-тәсілдерге басымдық бересіздер?

  • Біз «Адал азамат — біртұтас тәрбие» тұжырымдамасы аясында жұмыс істейміз. Басты ұстанымымыз — ұлттық құндылықтарды баланың санасына кішкентайынан сіңіру. Мысалы, «Ханталапай» сияқты ұлттық ойындар арқылы баланы ептілікке, логикалық ойлауға баулимыз. Сонымен қатар, бізде ата-аналармен жұмыс өте белсенді: «Жас ата-аналар мектебі», «Әкелер мектебі» және «Әжелер мектебі» жұмыс істейді. Биылғы желтоқсан айында осы бағытта үлкен семинарлар өткізуді жоспарлап отырмыз.

Ата-аналарды ең көп мазалайтын сауал — кезек мәселесі. Биыл жаңадан қанша бала қабылданады?

  • Бұл мәселені Білім бөлімі тікелей қадағалайды. Биыл 4 топ түлеп ұшады, олардың орнына 80 бүлдіршінді қабылдаймыз. Бос орындар туралы ақпарат тек «Indigo» порталында жарияланады. Ата-аналар жеке кабинеті арқылы бос орындарды бақылай алады, басқа әлеуметтік желілерде бұл туралы ақпарат салынбайды. Ал жеңілдікпен қабылданатындар қатарында ішкі істер органдары қызметкерлерінің, көпбалалы отбасылардың және медицина мамандарының балалары бар.

Балабақшадағы қауіпсіздік жүйесі туралы не айтасыз? Ата-аналар балаларын онлайн бақылай ала ма?

  • Қауіпсіздік бізде жоғары деңгейде. Барлығы 80 бейнекамера орнатылған, оның 16-сы сыртқы, қалғаны ішкі камералар. Ата-аналар онлайн көре алмайды, бірақ, егер қандай да бір алаңдатушылық туындаса, арнайы комиссия құрылып, ата-аналар келіп жазбаны көре алады. Біз үшін ашықтық пен баланың қауіпсіздігі өте маңызды.

Ас мәзірінің сапасы мен балалардың денсаулығы қалай қадағаланады?

  • Тамақтану институты облыстық деңгейде барлық балабақшаға ортақ мәзір бекітіп берген. Біз сол бойынша 2 апталық ас мәзірін ұсынамыз. Қазіргі таңда балабақша төлемақысы 15-17 мың теңге көлемінде болғандықтан, ас мәзірі жақсартылды, сапалы тағамдар берілуде. Ал денсаулыққа келсек, медбике күнделікті «фильтр» жасайды, баланың температурасы мен тазалығын тексереді. Логопед пен психолог мамандарымыз да ерекше балалармен де, жалпы топтармен де белсенді жұмыс істейді.

Ғимараттың техникалық жағдайы мен болашақ жөндеу жұмыстары туралы айтып өтсеңіз?

  • Иә, ғимараттың электр желілері тозуына байланысты жөндеуді талап етеді. 2023 жылы ағымдағы жөндеу жасалып, кәріз құбырлары ауыстырылған болатын. Сондай-ақ, модульдік қазандық орнатылып, балабақша іші айтарлықтай жылынды. Алдағы уақытта ішкі жөндеу мен электр желілерін реттеу жоспарда бар. Ойын алаңдарының да ескіргенін білеміз, ол бойынша смета құрылып, тиісті қаражатты күтіп отырмыз.

Қазіргі заманғы тәрбиеші мен бала қандай болуы керек?

  • Бүгінгі бала ақпаратты ойын арқылы өте тез қабылдайды. Сондықтан, біздің мамандар үнемі біліктілік арттыру курстарынан өтіп, жаңашылдыққа ұмтылуда. Тәрбиеші — бала үшін тек мұғалім емес, жаңа белестерге жол сілтейтін бағыт беруші болуы тиіс. «Балбөбек» ұжымы ертеңгі «Адал азаматтарды» тәрбиелеу үшін бар күшін салып келеді.

«Балбөбек» — бұл ертеңгі ел болашағы. Мұнда баланың тілі қазақша шығып, санасына ұлттық тәрбие ұялайды. Меңгерушінің басшылығымен атқарылып жатқан ауқымды жұмыстар алдағы уақытта да өз жемісін беретініне, ал балабақша табалдырығын аттаған әр бүлдіршіннің болашағы жарқын болатынына кәміл сенеміз.

Салиқалы сұхбатыңызға рақмет! Жұмыстарыңызға сәттілік тілейміз.

Бетті әзірлеген
Жазира СЕЙДҒАБИҚЫЗЫ.