Баланың әл-ауқаты — мемлекеттің қамқорлығы

Қаражал қаласы Білім бөлімінің ұйымдастыруымен 2025 жылдың 27 мамыр күні 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған «Қазақстан балалары» республикалық акциясы аясында «Балалар үні» тақырыптық күні өтті.

Осыған орай қаламызда «Баланың әл-ауқаты – мемлекеттің қамқорлығы» атты дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Іс-шара барысында қалалық білім бөлімінің басшысы Тлеш Аштаев барша жиналған қонақтар мен балаларды құттықтап, ақжарма тілегін білдірді. Сондай-ақ, дәл осы балалар осы қарқынмен өздерін дамытса, Қазақстанның болашағын жақсартуға септігін тигізетіні жайлы тілге тиек етті.

Іс-шараға Қаражал қаласының Құрметті азаматы, Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Мешітбай Омаров, Қаражал қалалық мәслихатының төрағасы, Аналар кеңесінің төрайымы Зәмзагүл Оспанова, Қаражал қаласының Ардагерлер кеңесінің төрайымы Мереке Жұманбаева, «AMANAT» партиясы Қаражал қалалық филиалының атқарушы хатшысы Гүлмира Исина қатысты.

Сонымен қатар, қаламыздың белсенді жастары – республикалық, облыстық байқаулардың жеңімпаздары, спорт саласында жетістікке жеткен дарынды оқушылар қатысты. Олар өздерінің жетістіктері мен өмірлік тәжірибелерімен бөлісе отырып, балалардың әл-ауқатын жақсартуға қатысты тың идеялар ұсынды.

Балалардың ойы, көзқарасы мен ұсыныстары – қоғамның дамуына қосар үлесі зор екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Осындай бастамалар арқылы балалардың дауысы естіліп, олардың қажеттіліктері мен ойлары назарға алынып жатқаны қуантады. Бұл – ел болашағына деген үлкен сенім мен қамқорлықтың айғағы.

Іс-шара соңында барлық қатысушылар мен жетекшілеріне Алғыс хаттар табысталып, алдағы уақытта балалардың ұсыныстары ескерілетіні айтылды. «Баланың әл-ауқаты – мемлекеттің қамқорлығы» ұранын басшылыққа ала отырып, әр баланың өмір сүру сапасын арттыру – баршамыздың ортақ міндетіміз екені атап өтілді.

Мөлдір ХАМИТҚЫЗЫ