Жазғы демалыс – балалардың денсаулығын нығайтуға, шығармашылық әлеуетін дамытуға, әлеуметтік дағдыларын қалыптастыруға және жаңа оқу жылына тың серпінмен келуіне мүмкіндік беретін маңызды кезең.
Осы орайда Қаражал қаласының білім бөлімі 2025–2026 оқу жылының жазғы демалыс кезеңінде оқушылардың сауықтыру демалысын, бос уақытын тиімді ұйымдастыру және жұмыспен қамтылуын қамтамасыз ету бойынша кешенді жоспар әзірледі.
Жоспардың негізгі мақсаты – балалар мен жасөспірімдердің қауіпсіз әрі мазмұнды демалысын ұйымдастыру, олардың денсаулығын нығайту, құқық бұзушылық пен қадағалаусыздықтың алдын алу, шығармашылық және интеллектуалдық әлеуетін дамыту, сондай-ақ, жоғары сынып оқушыларын еңбек қызметіне тарту.
Қалалық білім бөлімі берген ақпаратқа қарағанда, Қаражал қаласы бойынша 1–10 сыныптарда білім алатын 3321 оқушының жазғы кезеңдегі демалысы мен бос уақытын ұйымдастыру жоспарланған. Оның ішінде 260 оқушы аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан балалар санатына жатады.
Жалпы алғанда, жазғы демалыс пен сауықтыру шараларымен 2847 оқушы қамтылады. Бұл барлық оқушылардың 85,7 пайызын құрайды. Мұндай көрсеткіш өңірдегі балаларды әлеуметтік қолдау және олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру жұмыстарының жүйелі жүргізіліп отырғанын көрсетеді.
Биылғы жылы балалардың жазғы демалысы 14 негізгі бағыт бойынша ұйымдастырылады. Бұл бағыттар сауықтыру, білім беру, спорт, туризм, көшбасшылық, тілдік даму және еңбекпен қамту салаларын қамтиды.
Бұл бағытта әлеуметтік осал топтарға ерекше көңіл бөлінген. Қаланың сегіз мектебінде ұйымдастырылатын мектеп жанындағы сауықтыру лагерьлеріне 260 бала қатысады. Бұл лагерьлер жетім балаларды, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған оқушыларды, көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың балаларын қамтиды.
Лагерьлер екі кезеңде жұмыс істейді. І кезең – 3 маусымнан 23 маусымға дейін, ІІ кезең – 25 маусымнан 15 шілдеге дейін. Ең маңыздысы – балалардың барлығы үш мезгіл тамақпен толық қамтамасыз етіледі. Бұл балалардың денсаулығын нығайтуға және әлеуметтік қолдауды күшейтуге бағытталған маңызды шара.
Жаз мезгілінде оқушылар үшін жорықтар мен экскурсиялар ұйымдастыру көзделген. Қылыш су қоймасы мен Ақтау ауылына танымдық сапарлар арқылы 50 оқушы туған өлкенің табиғаты мен тарихи нысандарымен танысады.
Сонымен қатар, облыстық туристік бағдарлама аясында «Ұлытау – аңыздар өлкесіне» саяхат ұйымдастырылмақ. Бұл жобаға тағы 50 оқушы қатысады. Ұлытау өңірі қазақ халқының тарихи-мәдени мұрасы шоғырланған қасиетті мекендердің бірі болғандықтан, мұндай сапарлардың тәрбиелік маңызы зор.
Қазіргі заманғы білім беру жүйесінде жазғы мектептердің рөлі артып келеді. Қаражал қаласында бірнеше бағыттағы жазғы мектептер де ұйымдастырылады. Атап айтқанда, жеті білім беру ұйымында олимпиадалық резервтің жазғы мектептері жұмыс істейді. Мұнда 160 дарынды оқушы пәндік білімін тереңдетіп, түрлі олимпиадалар мен ғылыми жобаларға дайындық жүргізеді.
Сол сияқты, маусым және тамыз айларында ұйымдастырылатын «Жазғы мектеп» жобасына 400 оқушы қатысады. Бағдарлама тілдік дағдыларды, логикалық ойлауды, қарым-қатынас мәдениетін дамытуға бағытталған.
Бірінші сыныпқа баратын балаларға арналған «Бүлдіршіндер мектебі» шілде және тамыз айларында жұмыс істейді. Бұл мектепке 230 бала қатысып, психологиялық және танымдық тұрғыдан дайындалады.
Мектеп жанындағы бейінді лагерьлер арқылы 533 оқушы қамтылады. Бұл – жазғы демалыс бағдарламасындағы ең ауқымды бағыттардың бірі. Мұнда балалар келесі үйірмелерге қатыса алады: «Қызықты математика», «Информатика», «Физика және өмір», «Көркем жазу», «Математикалық логика», «Көркем сөз», «Шебер қолдар», «Хореография».
Әсіресе, хореография және математикалық логика бағыттарына қызығушылық жоғары екендігі байқалады. Бұл балалардың бір жағынан шығармашылық қабілеттерін, екінші жағынан аналитикалық ойлау дағдыларын дамытуға мүмкіндік береді.
«Жас Ұлан» және «Жас Қыран» ұйымдарының мүшелеріне арналған жазғы мектептерге 180 оқушы қатысады. Бұл бағыт оқушылардың көшбасшылық қасиеттерін дамытуға, қоғамдық белсенділігін арттыруға, еріктілік мәдениетін қалыптастыруға, патриоттық тәрбие беруге бағытталған.
Қазіргі қоғамда белсенді азамат қалыптастыру маңызды міндеттердің бірі болғандықтан, мұндай жобалардың әлеуметтік маңызы ерекше.
Жеті мектепте ұйымдастырылатын жазғы тілдік мектептерге 195 оқушы қатысады. Бағдарлама оқушылардың тілдік құзыреттілігін арттырып, көптілді ортада еркін қарым-қатынас жасау қабілетін дамытуға бағытталған.
Сонымен қатар, пікірсайыс лагерьлері мен пікірсайыс жасақтарына 124 оқушы тартылады. Бұл алаңдарда балалар сыни ойлауды, дәлел келтіру мәдениетін, шешендік өнерді, командалық жұмысты меңгереді.
Жеті мектепте спорттық лагерьлер ұйымдастырылып, оған 100 оқушы қатысады. Негізгі бағыттар – футбол, шахмат, тоғызқұмалақ. Футболдың кеңінен қамтылуы балалар арасында бұқаралық спортты дамытуға ықпал етсе, шахмат пен тоғызқұмалақ интеллектуалдық спорт түрлеріне қызығушылықты арттырады.
Мәдени-сауықтыру орталығы, Дзюдо мектебі және Балалар өнер мектебінің базасында түрлі үйірмелер мен қызығушылық клубтары жұмыс істейді. Бұл бағыт бойынша 100 оқушы қамтылады. Өнер мен мәдениет саласындағы жұмыстар балалардың эстетикалық талғамын қалыптастырып, шығармашылық қабілеттерін жетілдіруге мүмкіндік береді.
Жазғы демалыс бағдарламасының маңызды бағыттарының бірі – жоғары сынып оқушыларын еңбекке тарту. Жалпы саны 245 оқушы еңбек жасақтарына қатысады. Оның ішінде: «Жасыл ел» бағдарламасы арқылы – 165 оқушы, мектеп аумақтарын абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарына – 80 оқушы тартылады.
Қаражал қаласы мен Жәйрем кентінде үш ай бойы 151 оқушы нақты еңбекпен қамтылып, алғашқы еңбек тәжірибесін жинақтайды. Бұл жастардың еңбекке құрметпен қарауына және кәсіптік бағдарлануына оң әсер етеді.
Қала сыртындағы сауықтыру лагерьлеріне 245 оқушы жіберіледі. Олардың ішінде – 75 оқушы білім бөлімінің қолдауымен, 120 оқушы Жәйрем кен байыту комбинаты қызметкерлерінің балалары ретінде Алматы қаласындағы «Ақ-Бұлақ» сауықтыру лагерінде, 50 оқушы «Өркен-Атасу» ЖШС қызметкерлерінің балалары ретінде Қарағанды қаласындағы «Орленок» лагерінде демалады.
Бұл тәжірибе мемлекеттік құрылымдар мен әлеуметтік жауапты кәсіпорындардың балаларды қолдаудағы тиімді әріптестігін көрсетеді.
Сайып келгенде, Қаражал қаласының білім бөлімі 2025–2026 оқу жылындағы жазғы демалысты ұйымдастыру барысында балалардың қауіпсіздігіне, денсаулығын нығайтуға, жан-жақты дамуына және әлеуметтік қолдауына ерекше назар аударып отыр.
Жоспарланған 14 бағыттың әрқайсысы оқушылардың белгілі бір қажеттіліктерін қанағаттандыруға бағытталған. Нәтижесінде балалардың басым бөлігі жазғы кезеңде бос уақытын тиімді өткізіп қана қоймай, білімін толықтырып, шығармашылық қабілетін дамытып, спортпен шұғылданып, еңбек тәжірибесін жинақтауға мүмкіндік алады.
Бұл жұмыстардың барлығы Қаражал қаласында өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуына, олардың азаматтық жауапкершілігі мен өмірлік дағдыларының қалыптасуына маңызды үлес қосады.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ
