Жәйрем кентінде Халықаралық балаларды қорғау күні биыл да ерекше сән-салтанатпен аталып өтті. Жаздың алғашқы күні балалардың шат күлкісіне, әсем ән мен мың бұралған биге, игі іс пен мейірімге толы шынайы мерекеге айналды. Бұл күн тек ойын-сауық емес, ұрпаққа деген қамқорлық пен жауапкершіліктің айқын көрінісін көрсетті.
Жәйрем кенті мәдени-сауық орталығының ұйымдастырған XVIII дәстүрлі «Айналайын FEST» балалар шығармашылығы фестивалі мерекенің басты сәніне айналды. Таңғы сағат 10-нан бастап алаңға жиналған жұртшылық кішкентай өнерпаздардың өнеріне тәнті болды.
Фестивальдің ашылу сәті ерекше әсерге толы өтті. Сахна гүлге оранғандай жайнап, ертегі кейіпкерлері мен би ұжымдарының жарқын қойылымдары балалар қуанышын еселей түсті. Заманауи TikTok трендтерімен әрленген би нөмірлері көрермендердің көңілін бірден көтеріп, мерекенің ажарын аша түсті.
Фестиваль төрт жанр бойынша ұйымдастырылды: вокал, хореография, көркем сөз және аспапта ойнау. Әрбір қатысушы сахнаға үлкен дайындықпен шығып, өзінің өнерін барынша жоғары деңгейде көрсетуге тырысты.
Вокал жанры бойынша жас әншілер әсем әуенмен көрерменнің жүрегіне жол тапты. Бұл бағытта: Әлихан Мейіржан, Малика Мұрат, Аяла Өмірсерік, Раяна Хабар, Айсұлтан Аманғали, Сайран Совет өнер көрсетті.
Көркем сөз жанры балалардың сөз құдіретін танытқан ерекше бөлім болды. Қатысушылар поэзия арқылы туған елге, анаға, бейбіт өмір мен бақытты балалық шаққа деген сүйіспеншілігін жеткізді.
Бұл жанрда: Әйәділ Сәбит, Кәусар Картаева, Жанайым Нұржанова, Айзия Игілік, Әлимхан Жәнібекова, Ибраһим Әділетұлы, Жібек Қайырғали, Ару Қайырғали, Асылым Жетібай, Амира Әділетқызы, Ясин Сейітсұлтан, Аяулым Бақытмұрат, Сайран Совет, Ерке Шабденова, Әсия Вайдулла өнер көрсетті.
Аспапта ойнау жанры ұлттық өнердің маңызын айшықтады. Домбыраның күмбірі арқылы бабалар мұрасы жаңғырып, жас буынның өнерге деген сүйіспеншілігі анық байқалды.
Бұл бөлімде: Әлихан Мұрат пен Әмірхан Мұрат «Тепең көк» күйін, Аяру Бергенбек пен Кәусар Дамирқызы «Еркесылқым» күйін орындады.
Хореография жанры фестивальдің ең жарқын әрі әсерлі бөліктерінің бірі болды. Әр ұжым өзіндік ерекшелігімен көзге түсіп, билері көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.
Олардың қатарында «Жалын» би ансамблінің «Бипыл» биі, «Нұр» би ансамблінің «Ковбой», Жәйрем спорт клубы студиясының «Черлидинг» биі, №10 мектептің би тобы «Тока-тока», «Жалын» ансамблінің «ДоРеМи» биі, №30 мектептің заманауи биі, «Нұр» ансамблінің үнді биі, «Гүлдер» ансамблінің «Star» биі, «Жігіттер» тобының «RUH» биі бар.
Фестиваль соңында барлық қатысушылар марапатталып, үлкен финалдық қойылыммен қорытындыланды. Жас өнерпаздардың бірлескен өнері шынайы қуаныш пен бірліктің символына айналды.
Бұл күні тек сахна сәні ғана емес, адам жүрегіне жылу сыйлайтын игі істер де қатар өрбіді. «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ кәсіподақ комитеті мен «Өндіріс еріктілері» қозғалысы балаларға арналған бірқатар қайырымдылық шаралар өткізді.
«Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ Кәсіподақ ұйымы балалар мейрамына арнап шақырған Ұлытау облыстық «Алға, бас!» театрының «Сиқырлы көзілдірік» музыкалық комедиясы сахналанып, балаларға ерекше әсер сыйлады. Қызықты әрі тәрбиелік мәні зор қойылым кезінде зал көрерменге лық толып, ине шаншар орын болмады.
Спортты сүйетін балалар үшін 10–14 жас аралығында велошеру ұйымдастырылды. Шамамен 120 бала Металлургтер көшесі бойымен өткен бұл шара достық пен салауатты өмір салтын насихаттаған маңызды бастама болды.
Дегенмен, мерекенің ең әсерлі сәттері көпшілік назарына ілінбеген тұста өтті. Волонтерлер ерекше балалар тәрбиеленіп жатқан отбасыларға барып, шамамен 40 азық-түлік себетін табыстады. Бұл қоғамдағы жанашырлық пен бірліктің айқын дәлелі.
Кәсіподақ комитеті төрағасының орынбасары, волонтерлік қозғалыс жетекшісі Гауһар Наурызбаева:
– 1 маусым – жай ғана мереке емес. Бұл – балалар алдындағы жауапкершілігімізді еске салатын күн. Әр бала қамқорлық пен жылулықты сезінуі тиіс. Біз сол үшін де еңбек етеміз, қолымыздан келгенді жасаймыз, – деп атап өтті.
Оның айтуынша, көптеген балалар еріктілерді жыл бойы асыға күтеді. Олар үшін бұл – сыйлықтан да маңызды, бұл – ұмытылмағанының дәлелі.
Мерекенің тағы бір игі дәстүрі – аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларға жолдама беру. Биыл аз қамтылған отбасылардан бес бала еріктілердің қолдауымен Алатау бөктеріндегі «Ақбұлақ» балалардың жазғы демалыс орталығында тегін демалу мүмкіндігіне ие болды.
Сондай-ақ, еріктілер ертегі кейіпкерлерінің бейнесінде балаларға тәттілер таратып, көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Компания атынан мың жарымнан астам балмұздақ үлестіріліп, жаздың алғашқы күні балалар үшін ұмытылмас сәтке айналды.
Жәйремде өткен бұл мереке – тек ойын-сауық емес, ұрпаққа деген сүйіспеншілік пен қамқорлықтың нақты көрінісі болды. Бір күн болса да балалар өздерін ерекше сезініп, шынайы бақытқа бөленді.
Шынында да, бала бақыты үшін көп нәрсе қажет емес: шуақты жаз күні, тәтті балмұздақ және айналасындағы қамқорлықты сезіну жеткілікті. Ал бұл мереке ересектерге әр баланың бақытты балалық шаққа құқығы бар екенін тағы бір мәрте еске салды.
Теректі ШАҒАТАЙ.
